«ITS» – ішкі тренерлер мектебі. Тренер болу – талабыңды ұштайды

«ITS» – ішкі тренерлер мектебі. Тренер болу – талабыңды ұштайды
25.12.2017
355
Қызметкерлер

«ITS» – ішкі тренерлер мектебі. Тренер болу – талабыңды ұштайды

Эльмира Каримова, «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаментінің директоры:
– ҚМГ БӨ «ITS» ішкі тренерлер мектебі жобасының іске қосылғанына міне, бір жылдан асты. Осы жобаны 2016 жылдың желтоқсанында бастаған едік. Компания басшылығы бізге қолдау көрсетті, ал қызметкерлер қызығушылық танытты. Алғашқыда Ішкі тренерлер мектебіне 33 қызметкер өтініш білдірді. Олар арнайы сынақтан, сұхбаттасудан өтті. «ITS» ішкі тренерлер мектебі қатысушылардың қабылет-қарымдарының ашылып, тренер болуға машықтануы үшін Қазақстанның,  Ресей және Украинаның бизнес тренерлері арнайы шақыртылып, олар түрлі семинар, тренингтер жүргізді. Мектеп қатысушылардың жаттығулар жасап, ізденісте болуын талап етеді. Демалыс күндерінде, жұмыстан кейінгі уақытта семинарларға қатысу қажет болды. Кейін біздің алғашқы қатарымыз азайып, тізім 25-ке дейін түсті. Әрине, оңай емес. Жұмыстан босай алмай қалады немесе іс-сапарларға шығып кетіп, уақытында тренингке қатыса алмай қалады. Жаттығулар жасауға уақыт таппай жатады. Ал, оқып үйренген технология бойынша өзіңнің жеке тренингіңді өткізіп, сынақ тапсыру керек. Мен оларды түсінемін. Өзім де осы жобаға қатысушының бірімін. Өзім де осындай сынақтан өттім. 
«ITS» жобасы өз нәтижесін бере бастады. Биылғы жылдың көктемінен бастап, «ITS» қатысушылары өздерінің тренингтерін өткізіп, алғашқы қадамдарын жасады. Маусымда өткен Жас мамандар күнінде ішкі тренерлер топпен жаттығу жұмыстарын өткізді. Қарашада HR қызметкерлерінің форумында біздің ішкі тренерлер өз шеберлік кластарын өткізді, топпен жұмыс істеді. Күні кеше ғана Бурабай өңірінде ҚМГ БӨ Маркетинг, сатып алу және мұнай сату блогы қызметкерлерінің тренингінде ішкі тренерлер Маркетинг және мұнай сату департаментінің аға маманы Ернұр Сәбікенұлы және Логистика және сатып алу департаментінің жетекші маманы Нұрзада Үсіпбекова Орталық аппарат қызметкерлеріне арналған өз шеберлік кластарын өткізді. Бұл шара аясында команда құру және тимбилдинг элементтері қамтылды. Қазір жылдың соңы, бюджет қорғау, келесі жылға сатып алу жоспарлары болады. Ал, сатып алу орталық аппараттағы маңызды қызметтің бірі. Мұнай өнімдерін сату – маңызды бағыт болып табылады.Сондықтанда сатып алуға қатысты мәселелер бойынша пікіралмасу өте қажет. Тренингтер барысында Маркетинг және мұнай сату және Логистика және сатып алу департаменттері қызметкерлері өзара тәжірибе алмасты. Нұрзада Үсіпбекова әріптестеріне сатып алу заңындағы өзгерістерді, сатып алуды қалай өткізу керектігі туралы кеңінен айтып берді. Мәселеге тапсырыс беруші, уәкілетті орган және мердігер тараптарының көзқарасымен келді. Шеберлік класы интерактивтік формада өтті. Тренгинг барысында үш тараптың да ашықтық, ақылға қонымда бағадағы бәскелестік және заңдылықтың болуын қалайтыны көрінді. 
Ал, Ернұр Сәбікенұлы өткізген шеберлік класы негізінен ҚМГ БӨ-дегі жаңа бизнес – процессингке арналды. Мұнай қалай сатылады, Компания кірісі қалай алынады, мұнай бағасы қалай қалыптасады? Ернұр бұл сұрақтардың барлығына жауаптарды танымдық тұрғыда беріп, мазмұнды өткізді. Мұнда да қызметкерлер үш топқа бөлініп, аталған процестердің неден басталып, қалай сатылып, бағаның қалай түзілетінін сараптады. 
Бұл өте тиімді тәжірибе болды. «ITS» жобасына деген қызығушылықты тудырды. Өз әріптестерін тренер ретінде көрді, оларды мүлдем басқа қырынан таныды. Тренер болған өз әріптестері арқылы «ITS» жобасының шынайы нәтижесін көрді. Бұл жобаның одан әрі қарай жалғасуы туралы қызығушылық білдірді. Менің пікірімше, бұл өміршең жоба! Бірінші топ шынығып, әрі қарай қанатын қағып қатайып кетсін. 2018 жылы да біз Компания ішінде және еншілес кәсіпорындарда осындай семинарларды өткізуді жоспарлап отырмыз. «ITS» жобасын әрі қарай да жалғастырамыз, басқа да әріптестестеріміз ықылас білдіріп, қатысатын болады. Бұл өте керек жоба. Біздің мамандар осылай өсіп, шыңдалып тренингтерді өздері өткізетін болады. Бұл сырттан келіп, оқып кетіп қалатын тыс адам емес. Өз қызметкерлеріміз бәрін шын жүрекпен атқарады деп ойлаймыз. «Біреуді үйреткің келсе, өзің оқы» дегендей, бұл өзіміздің де білімімізді нығайтып, өсуге серпін береді. «ITS» жобасының нақты нәтижелері үшін мен өте қуаныштымын. Жоба алғашқы қадамдарын басып, қатайып келеді. Бұл пікірімді әріптестерім бөліседі деп ойлаймын. Енді көп жағдай «ITS» қатысушылардың өзіне байланысты болады. Жобаның әкімшісі Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаменті барлық мүмкіндіктерді жасады. 
2018 жылы да бұл жобаны іске асыруды жоспарлауға болады деген ойдамын. 

 


Досымбек Тасқымбаев, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Логистика және сатып алу департаментінің директоры: 
– ҚМГ БӨ коммерциялық блогында өз қызметкерлеріміздің және сыртқы тренерлердің күшімен тренинг өткізу – біздің компания көлеміндегі ауқымды деңгейдегі шаралардың бірі болды.
Қазіргі кезде логистика және сатып алу жөніндегі мәселелер өзекті болып тұр.Өйткені, 2018 жылға сатып алу науқаны жүріп жатыр. Бұл орайда, мұнай және мұнай өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу тақырыбы бойынша өткізілген тренинг бірқатар қызметкерлеріміз үшін танымдық тұрғыдан пайдалы болды. Себебі, процессингке, мұнайдың экспортқа қалай жөнелтілетіні, экспортқа шығару кезінде қандай ілеспе шығындар болатыны, сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерін сату туралы шарттарды алдын ала дайындау қажеттілігі туралы нақты түсініктер берілді. 
ҚМГ БӨ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Сатып алу ережесінің субъектісі болып табылатынын атап өткен жөн. Сондықтан Компания сатып алу рәсімдерін өткізу бойынша және тауар берушілерді, жұмыс пен қызмет көрсетушілерді анықтау бойынша барлық ережелерді сақтауға тиіс. Мен мұнайды, мұнай-газ өңдеу өнімдерін сату бөлігінде, сондай-ақ сатып алу рәсімдері бөлігінде ұзақ жылғы жұмыс стажы бар маман ретінде осындай ауқымды тренинг өткізу Орталық аппаратта да, еншілес және тәуелді ұйымдарда да өзекті болады деп ойлаймын. Өзім де «ITS» жобасының тренерімін. Болашақта менің де тренингім өтеді. Әріптестеріммен бөлісетінім және үйрететінім көп. 

 


Ернұр Сәбікенұлы, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Маркетинг және мұнай сату департаментінің аға маманы:
– Бурабай өңірінде «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаментінің қолдауымен Комерциялык блог қызметкерлері үшін өткен тренингте ішкі тренер ретінде шеберлік класын өткіздім. Комерциялық блок Логистика және сатып алу және Маркетинг және мұнай сату екі департаментінен құралған. Мен осы тренингке қуана қатыстым. Оның үстіне ішкі тренерлер мектебінде тәлім алып жүргендіктен, өз тақырыбым бойынша, мұнай және мұнай өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа шығару тақырыбына арналған тренинг өткізу мүмкіндігі туды. Өткізген тренингім әріптестерім үшін өте пайдалы болып, олар жогары деңгейде өтті деген оң бағаларын берді. Мен үшін бұл өте қуанышты жағдай. Ішкі бизнес тренерлер мектебінде тәлім алып жургенім мақтаныш, мәртебе десем де болады. Бурабайда өткен тренингтер өте қызықты, тиімді өтті. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ең маңыздысы, біз екі күн тренинг кезінде бір-бірімізбен етене жақын араласып, бір-бірімізді жаңа қырымыздан тануға мүмкіндік болды. Кәсіби біліктілігімізді арттырды. 

 


Нұрзада Үсіпбекова, «ҚазМұнайГаз»БӨ»АҚ Логистика және сатып алу департаментінің жетекші маманы: 
– «ITS» ішкі тренерлер мектебінің мен үшін де маңызы өте зор. Осы жобаға қатысып, көп нәрсені үйрендім. Тренер болуға машықтандым. Осы саладағы технологияның, әдістеменің қыр-сырын үйрендім. Бұл мектепте тәлім алып үйренбегенде, менің тренингім лекцияға, педагогикаға көбірек ұқсар еді. Тренингтің құрылымы тартымсыз болар еді. Топпен жұмыс істеу, олардың қызығушылығын арттыру, түрлі жаттығулар жасату – тренингтің тиімді өтуіне өте пайдалы. «ITS» топтармен жұмыс істеу әдістемесін үйретті. Әрі бұл команда құруда да өте пайдалы. Өзім өткізген шеберлік класында сатып алу қағидаттарына тапсырыс беруші, уәкілетті орган және мердігер тараптарының көзқарасы тұрғысынан келдім. Тараптардың барлығының ойы бір жерден шықты деуге болады. Олардың бәрінің тепе теңдік жағдайы, заңдылықтардың сақталуы, ашықтық туралы пікірлері бір-бірімен үндесіп жатты. «ITS» менің кәсіби қызметімде маңызды орынға ие! 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх