Театр рухани мереке сыйлады

Театр рухани мереке сыйлады
25.12.2017
331
Әлеумет

Театр рухани мереке сыйлады

1-желтоқсан ҚР Тұңғыш президенті күні мерекесіне орай «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының демеу­­шілігімен Жаңаөзен қаласына облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры іссапармен  келді. Театр шымылдығы «Әлиханның аманаты» пьесасымен ашылды. Ұлты үшін еңбек етуді парыз деп есептеген алашордашылардың жанкештілігіне қарап отырып, өскелең ұрпақ тәуелсіздіктің аспаннан топ ете түспегенін жан-дүниесімен ұғынып, терең сезінді. «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа» (Төлеген Айбергенов) демекші, қазақтың нарқасқа жігіттерінің бірін қалдырмай қырып тастаған зұлмат заманға лағнет айтты көрермен. Жылады, жүрегі ауырды. Театр әртістерінің талантына тәнті болды...
Театр сахналаған Әбіштің «Абылай ханы» ел-жұртымыз басынан кешкен қилы кезеңдерге ат басын бұрғызады. Қазақ тарихына біржола бекітілген тұлға қазақ барда мәңгі-бақи өз тұғырында қала бермек. 
Театр ұжымы ұсынған «Бір түп алма ағашы» драмасында арбаға таңылған мүгедек жігіттің жан айқайы, тумаластарының бауырының тағдырына деген немқұрайлылығы, анасының қырық жамау болған жаралы жүрегі...бәрі-бәрі санаға сілкініс тудырып, өмірге басқаша көзбен қарауға итермелейді. Адамды ізгілікке, мейірімділікке жетелейді... Тәубаңа түсіреді...Театр гастролін «Бес бойдаққа бір той» атты комедиямен тәмамдады. Жабылу кешінде сөз алған Мақсат Оңғарбайұлы өнер ұжымына  қала тұрғындарының атынан риясыз алғысын білдірді. «Қазақстанда 50 театр бар болса, өзіміздің Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры рейтингі бойынша алдыңғы үштікке кіреді.14 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан театрдың  репертуарында 70 спектакль бар. Осы 4 күннің ішінде театр бізді біресе мұңға бөледі. Біресе күлдірді...Бір сәт күйкі тірліктен бас көтеріп, рухани жаңғырып қалдық», – деді ол.
Театр рухани мереке сыйлады.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх