Жолдауға қолдау. Ұлы мақсат – озық елдер қатарына ену

Жолдауға қолдау. Ұлы мақсат – озық елдер қатарына ену
19.01.2018
368
Қызметкерлер

Жолдауға қолдау. Ұлы мақсат – озық елдер қатарына ену

Дархан Досалиев,
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ өндірісті автоматтандыру 
бөлімінің бастығы:
– «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын биылғы Жолдауында Президент егеменді ел өркендеуінің басты бағыты ретінде цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталды. Әлемнің алпауыт мемлекеттері жаңғырудың жаңа сатыларын бағындырған тұста Қазақстан да көшбасшылар қатарынан табылу үшін барлық салаға озық технологияларды енгізуі керек. Өйткені, уақыт өткен сайын заман талабының өзгеріп, жаңарып отыруы табиғи құбылыс. 
«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының «Уаз» кен орнында цифрландыру жобасы осыдан бірер жыл бұрын қолға алынып, бүгінде толыққанды жұмыс атқаруда. «Уаз» интеллектуалды кен орны концепциясы» пилотты жобасын енгізу қазіргі заманғы озық технологияларды өндіріске енгізу бағытындағы ұтымды шешім болды. Жоба технологиялық процестерді автоматтандыру және нысандарды қашықтықтан басқару есебінен қызмет көрсетуші персоналға қауіпсіздік тұрғысында тиімді болып саналады. Ұңғымаларды қашықтықтан және бір орталықтан басқару болуы мүмкін залал салдарынан құтылуға ықпал етеді. Электр энергиясын үнемдеуде де аталған бастама көп септігін тигізіп отыр, әсіресе, тербелмелі станоктарды интеллектуалды басқару сапында. Мұнай өндіру өнімділігі де артады. Бұл цифрландыру жобасының тиімділігін көрсетіп отыр. Жолдауда сондай-ақ, индустрияны жаңғырту мен цифрландыру, агроөнеркәсіп кешені мен көлік-логистика инфрақұрылымына да ерекше назар аударылды. Осы орайда Мемлекет басшысы «сандық дәуір» дендеген шақта адами ресурстың жұмыссыз қалмауын ескертті. 

Қуаныш Бекмағанбетов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, Бюджеттеу және экономикалық талдау
департаментінің директоры:
– Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» – нан мұқият оқып шықтым. Президент әлемдегі озық елдер қатарына ену үшін қазақ елінің алдына 10 мүмкіндікті тізіп шығады. Соның ішінде маған ерекше ұнағаны Президенттің адами капиталға баса мән беруі еді. Қазір білім мен біліктің заманы.«Білімді туған жақсылар. Аз да болса, көппен тең» – демеуші ме еді Ақтамберді жырау. «Қазақстан болашағы-қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңге­руінде.Білімді ұлт қана бәсекелестікке төтеп беретін сапалы ұлт қатарына енеді», – дейді ұлт көшбас­шы­сы. 

Ғибатолла Шанаев,
«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ басшысының өндіріс жөніндегі 
(Прорва бойынша) орынбасары:
– Жолдауда Елбасы: «Еліміз индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиістігін, кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет...Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді» – деп атап өтті. Бүгінде өнім өндіруші кәсіпорындарда жаңа жобалар қолға алынып келеді. «Ембімұнайгаз» АҚ Прорва кенішінде былтыр жаңа зауыт – газды кешенді дайындау Қондырғысы іске қосылды. Әлемде осындай 166 газды дайындау қондырғысы бар екен. Соның ішінде аталған жоба Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Қондырғы Прорва тобы кен орындарындағы (С.Нұржанов, Батыс Прорва, Ақтөбе, Досмұхамбетов) ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған. Қуаттылығы жылына 150 млн. м3 қондырғының ерекшелігі сол, Қазақстанда алғаш рет күкірт алу үшін MERICHEM фирмасының LO-CAT патенттелген технологиясы қолданылып отыр. Аталған технология экологиялық зиянсыз, улағыш химикаттары жоқ және зиянды әсері бар қалдықтарды шығармайды, күкіртсутегін жоюдың тиімділігі жоғарылығын қамтамасыз етеді. Газды дайындаудың барысы толық ароматталған  және өндіріс кезінде апатты жағдайларға қарсы бірнеше қорғаныс түрлерін қарастырады. Қондырғыда тауарлы газ, тауарлы түйіршіктелген күкірт, тұрақты газ конденсаты өндіріледі. Жолдауда айтылғандай, экологиялық мәселе де шешіліп, өндірісте алауды жағу тоқтатылады. Қондырғыда Компанияның жүзге жуық жұмысшысы тұрақты еңбек етеді.

Берік Бектұрбаев, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ,  
№24 Т\Қ операторы:
– Жолдауды оқыдым. Ұнады. Елбасымыз мемлекетті дамыту үшін жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қолға алуымыз керек екендігін айтады. Маңдай тер мен ақ адал еңбегіңнің арқасында көңілін сүйетін кәсібіңнен табыс табу, баю дегеніңіздің мұраты ұрпағыңның, еліңнің, ұлтыңның игілігін молайту емес пе?
Жолдауда, сондай-ақ, ұлттық сананы жаңғырту мәселесі көтерілген. Президенттің «Ақылды үйлерден» тұратын «ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін арналып салынады-деген сөзі көңілге қонымды-ақ. 
Сонымен бірге, халық денсаулығын жақсарту үшін медицина саласын жетілдіру–  күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің маңыздысы екендігіне шүбә жоқ. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх