Есте сақтаңыз – Қауіпсіздік өзіңіз үшін маңызды!

Есте сақтаңыз –  Қауіпсіздік өзіңіз үшін маңызды!
19.01.2018
401
Өндіріс

Есте сақтаңыз – Қауіпсіздік өзіңіз үшін маңызды!

Құрметті мұнайшылар, оқырмандар! 2018 жылдағы газетіміздің алғашқы санында еңбек, техника қауіпсіздігі және өндірістік тәртіп тақырыбына арналған мақаланы ұсынып отырмыз. Сіздерді өндірісте барлық қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындауға және оны әрдайым көңілде, назарда ұстауға шақырамыз. Әрқайсыңыздың ешқандай жарақат алмай жұмыстан соң шаңырақтарыңызға аман-сау оралуларыңыз отбасыңыз, балаларыңыз және компания үшін де аса қымбат! 
Өкінішке қарай, өндірісте жарақат алу мәселесі әлі де өзекті болып тұр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ БӨ өндірістік нысандарында еңбек қызметімен байланысты 25 өндірістік жазатайым оқиға болып, оның салдарынан 26 жұмысшы зардап шекті. Оның 2-уі адам өліміне әкеліп соқтырды. Олардың әрқайсысы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау, алдын алу бойынша шаралар қабылданды. 
Дегенмен, жүргізілген саясаттың және іс-шаралардың арқасында, соңғы 3 жылмен салыстырғанда 2017 жылы өндірістік жарақаттар деңгейінің төмендегені байқалады. 

Өндірістік жарақаттар:

Өндірістік жарақаттардың ауырлығы бойынша

2015

2016

2017

барлығы

Адам өлімі

2

2

2

6

Ауыр

14

12

6

32

Жеңіл

29

17

17

63

Барлық оқиғалар

45

31

25

101

 
2017 жылы болған өндірістік жарақат оқиғаларына жүргізілген талдау олардың негізінен жұмысшылардың өз қателіктерінен болғанын көрсетеді. Яғни, зардап шегушінің өзінің өрескел абайсыздығын, техника қауіпсіздігі ережесін, еңбек және өндірістік тәртіпті сақтамауы және жауапты қызметкерлердің тарапынан өндірістік жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, өндірістік қызметке жеткілікті деңгейде бақылаудың болмағанын көрсетеді. 

Біздің негізгі міндетіміз – мұнай өндіру жоспарын орындау. Бірақ оны өміріңе қауіп төндіріп, денсаулығыңа зиян келтіріп орындау туралы міндет тұрған жоқ! Біз өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелері әрдайым бірінші кезекте екенін түсінуге тиіспіз. 2012–2017 жылдар аралығында 14 адам өлімімен аяқталған өндірістік жазатайым оқиғалар болды. Соңғы 6 жылда адам өлімімен аяқталған осындай жазатайым оқиғалар салдарынан 35 бала жетім қалды және олардың отбасылары асыраушыларынан айырылды. 
Соңғы бірнеше жыл көлемінде еңбек және қоршаған ортаны қорғау саласын басқару жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл саланың басымдылығы ескеріліп, құрылымдық өзгерістер енгізілді. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін ҚМГ БӨ барлық еншілес ұйымдарында кезеңмен техника қауіпсіздігі мамандарының санын ұлғайту, кәсіби біліктілікті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте қызметкерлер халықаралық тәжірибеден өтіп, білім алып, Миланда Эни ірі халықаралық компаниясының өндірістік нысандарында өз біліктіліктерін шыңдады. Осы жұмыстардың барлығы техника қауіпсіздігі бойынша мамандардың деңгейін көтеруге және оларға тиісінше өкілеттік беруге мүмкіндік берді. Бұл өндіріске бақылауды күшейтуге ықпал етеді. Дегенмен, өндірістік жарақаттарды болдырмау, алдын алу бағытында әлі көп жұмыстар істеуіміз керек. Біздің мақсатымыз өндірістік жарақатты мүлдем болдырмау. Оған қол жеткізе аламыз. 
ҚМГ БӨ компаниялар тобының барлық қызметкерлері және мердігер мекемелердің жұмысшылары өзінің және маңайындағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапты. Барлық қызметкерлер еңбекті қорғау, өндірістік және өрт қауіпсіздігі мәселелеріне деген талаптарды бұлжытпай орындауды жұмыс кезінде ғана емес, әрдайым өзінің жеке ісімен үлгі болуы керек. 
Мысалы, жұмыс уақыты кезінде басқа бір адам тарапынан қандай да бір қауіпсіздік талабын бұзушылықты көрсеңіз, Сіз ол адамға ескерту жасауға тиіссіз. Осылайша, Сіз қауіптің алдын алуға септік етесіз. Жұмыс уақытынан тыс кезде де болмаса да әрқайсымыз осылай істеуге үйренуіміз керек. 
Қызметкерлердің денсаулығы мен өмірі еңбек заңдарында басымдылық ретінде көрсетілген. Егер өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп келетін болса қорғану қажет. Еңбек ету кезінде жұмысшының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда ол жұмысты орындаудан бас тартуға әрбір қызметкердің құқығы бар. 
ҚМГ БӨ негізгі қағидаттарының бірі жұмыс орнында салауатты өмірді қолдау, сондай-ақ атқарылатын жұмыстан қызметкер денсаулығына теріс әсердің болмауын қамтамасыз ету болып табылады. 
Осы қағидаттарды үнемі сақтау үшін біз бірінші кезекте Алтын ережелерді басшылыққа алуға тиіспіз. Алтын ережелер – бұл өндірістік қауіп-қатердің алдын алу үшін барлығымызға қажет қарапайым, түсінікті қағидаттар. Егер біз табысты дамығымыз келсе, өндірістік жарақаттардың алдын алып, бұл ережелерді әрдайым бұлжытпай орындауға тиіспіз. 

Алтын ережелермен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төмендегі ұсынымдарды үнемі орындауға тиіспіз:
-    Өзіңізге тапсырылған жұмысты ғана орындау! 
-    Егер Сіздің қауіпсіздігіңізге қатер төніп тұрса, жұмысты тоқтатуға құқығыңыз бар! 
-    Қауіп бар жағдайда ол туралы бас­шыға әрдайым хабарлау қажет!
-    Техника қауіпсіздігі бойынша белгілегеннен барлық талаптарды орындау!
-    Егер әріптесіңіздің әрекетінен техника қауіпсіздігін бұзу жағдайын көрсеңіз, оның жұмысын дер кезінде тоқтату керек!
-   Өз кәсібіңіз және атқаратын жұмы­сыңыз бойынша нұсқау­лықтар­мен мұқият танысыңыз, соның ішінде ережеде көрсетілген тыйым салынған әрекеттерді міндетті түрде есте сақтаңыз! 
-    Асығыстықтан аулақ болыңыз, қате әрекеттердің алдын аласыз!
-   Әрдайым қауіпсіздік белдігін та­ғыңыз, көлік жүргізіп келе жатып мобильдік телефонды қолданбаңыз, жылдамдықты асырмаңыз, жолда белгіленген жерден ғана өтіңіз. 

Көптеген қызметкерлер өзінің мамандығы немесе атқаратын жұмысы бойынша дайындалған нұсқаулықты оқымайды және жұмысты өздері дағдыланған жағдаймен орындайды. Сондықтан да нұсқаулықты оқып, сол бойынша әрекет ету керек. 
Барлығында емес әрине, бірақ көпшілік жағдайда жұмысшылар арасында кездесетін келеңсіз жайттар бар. Бұл жұмыс кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, немқұрайлылық, асығыстық және бір керек емес «батырлық» пен «менмендік» көрсету әрекеттері. Оған дәлел өткен жылдарда өндірісте жұмыскерлер әртүрлі жарақат алған, қаза болған жағдайлар. Осындай келеңсіз әрекеттердің салдарынан қаза болғандардың соңында олардың қаншама балалары жетім қалды немесе өздерінің денсаулықтарына айтарлықтай нұқсан келтірілді. Егер де өзімізді тежеп, ойланып, сақтанып шешім қабылдасақ, осылардың барлығын болдырмауға болар еді. Кей кезде біле, қауіпті сезіне тұрып дұрыс емес іс қимыл жасаймыз. 
Барлығымыз өндірісте жүргенде, үйдегі отбасымыз, бала-шағамыз аман есен келсе екен деген тілекпен отырады. Сол себептен болмашы нәрседен қателік жіберіп, өз денсаулығыңызға зиян келтірмеу үшін жұмыс уақытында жоғарыда келтірілген талаптарды, басқа да қауіпсіздік ережелеріне жауапкершілікпен қарап, оларды қатаң сақтап жүруді әдетке айналдырайық. Есте сақтаңыз – Қауіпсіздік өзіңіз үшін маңызды! Балаңыз жетім, жарыңыз жесір, ата-анаңыз, бауырларыңыз қайғы жұтып, өмір бойы өкініште жүрмеуін ойлаңыз. 2018 жылы бәріміздің басымыз аман, бауырымыз бүтін, төңірегіміз түгел болсын. Ол үшін барлық қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындайық! 

Мақала ҚМГ БӨ Қауіпсіздік техникасы, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау департаментінің материалдары негізінде дайындалды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх