Жаңа технология – жұмыс өнімділігінің кепілі

Жаңа технология –  жұмыс өнімділігінің кепілі
19.01.2018
283
Өндіріс

Жаңа технология – жұмыс өнімділігінің кепілі

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты №1 Мұнай-газ өндіру басқармасының Жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехы заманауи технологиялармен жабдықталған бірегей цех болып саналады. Жерасты жабдықтарын кешенді түрде жөндеуден өткізетін цех компанияның ірі жетістігі. Жаңа технологиямен жабдықталған цех техника қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып, жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайын тудыртып, экологиялық талаптарды орындаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сонымен бірге өндірісте қолданатын жерасты жабдықтары – сораптық компрессорлық құбыр, штангалық тереңдік сорап және сораптық шыбықтарды жөндеу жұмыстары арқылы ұзақ пайдалана отырып, жылдық сатып алудағы бюджеттік шығынды азайтуға қол жеткізілді. Цехта жуу қондырғысынан бастап тізбектегі қондырғыларға дейін түгел автоматтандырылған жүйеге қосылған. Мұндағы жасалынып жатқан жұмыс орталық диспетчерлік пункт арқылы басқарылып отырады. Бұл күрделі процестер электроншы-инженер мамандар қадағалауында болады. Мамандар жаңа технологиялармен жұмыс жасайтын болғандықтан, үнемі алыс-жақын шетелдерге жіберіліп, білімдерін жетілдіріп, арнайы курстардан өтіп тұрады. Бұл цехты мұнай саласында 20 жылға жуық абыройлы еңбек етіп жүрген Нұрболат Қарабаев басқарып отыр.
«Цехтағы мамандардың көбісі – жастар. Жастың аты жас қой. Олар жаңа технологияны меңгеруге бейім», – дейді Нұрболат Қалдыбайұлы.
Цех бастығы жаңа технологияларға мұнай құрамындағы парафиннің, сондай-ақ, тұздану мен қақ жиналу факторларының да өзіндік кері әсері бар екендігін айтады. Осыған байланысты, басшылық тарапынан сораптық компрессорлық құбыр, штангалық тереңдік сорап және сораптық шыбықтарды жоғарғы қысымды сумен тазалау қондырғыларын орналастыру жұмыстарының қолға алынып жатқанын тілге тиек етті.


«Жақын арада пайдалануға берілген жерасты жабдықтарын парафиннен тазарту және жөндеуге дайындау бөлімшесі іске қосылды. Ол бөлімшеге №1,3 Мұнай-газ өндіру басқармаларының Скважиналарды жерасты жөндеу цехынан ЖАЖ бригадаларына қызмет көрсететін дайындау операторлары, жүк ілдірушілер, барлығы 120 жұмысшы қосылғалы отыр. Цех барлығы 390 адаммен өндіріске қызмет жасауға дайын.
Жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехындағы 2017 жылдың жаңалығы – жуу ваннасының іске қосылуы деп айтар едік. Жаңа орталық 2017 жылдың тамызында қолданысқа берілді. Орталықта 2 ванна орналасқан. Олардың әрқайсысында 2 камера бар. Камералар 45 минут сайын жерасты жабдықтарын жөндеу бригадаларынан келген 70 құбырды жуып шығарады. Яғни, бұл жерден тәулігіне 1200 сораптық компрессорлық құбыр және 1000 сораптық шыбықтар жуылып-шайылып, өндіріске жөнелтіледі. Цех басшысының орынбасары Дәурен Ізімов ванна жаңа техникалардың күшімен жұмыс өнімділігінің 2 есеге артқанын алға тартты.  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх