«Өзенмұнайгаз» АҚ даму концепциясы

«Өзенмұнайгаз» АҚ  даму концепциясы
05.02.2018
272
Өндіріс

«Өзенмұнайгаз» АҚ даму концепциясы

Бүгінгі күні «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы маңызды деп саналатын стратегиялық жобаларды іске асыру бағытында жұмыстанып жатыр. Қоғамда ұзақ мерзімді даму концепциясы жасақталып, бекітілді.Мұнай-газ саласы кәсіпорындарына жаңа технологияларды енгізу туралы Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған Жолдауында баса айтқан болатын. Осыған байланысты, «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің бас­тамасымен халықаралық Royal Dutch Shell (Шелл), Eni S.p.A. (ЕНИ) компаниялары және И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің, Уфа қаласындағы ғылыми-техникалық орталық ұжымымен, «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ мамандарының қатысуымен даму концепциясы дайындалды.

ДАМУ КОНЦЕПЦИЯСЫ АЯСЫНДА АТҚАРЫЛАТЫН ШАРАЛАР:

1. Бұрғылаудан кейін пайдалануға берілген скважиналардың өнім беру тиімділігін арттыру мақсатында геологиялық қорды нақтылау;
2. Скважиналарға жасалатын геофизикалық зерттеулердің интерпретациясының бірыңғай жүйесін жасақтау;
3. Сынамалы телім бойынша қайта интерпретациялау, барлауға дейінгі бағдарлама жасақтау, геофизикалық тәсілдермен анықталған есепте жоқ қабаттарды сынау жұмыстарын іске асыру; 
4. Өзен және Қарамандыбас кенорындарына іргелес орналасқан жерлерде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу.

Болашақта тереңдігі 3500, 6000 метрлік скважина қазуды жоспарлап отырмыз. Бұл-бізге төменгі қабаттарды зерттеуімізге мүмкіндік береді. 

ӨЗЕН КЕНОРНЫНЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ
Өзен кенорнындағы негізгі мәселенің бірі-қабат қысымын сақтау жүйесін қалыптастыру болып табылады. 
Жерасты қабатына 50 жылдан бері теңіз және ілеспе суды айдап келеміз.Теңіз суын пайдалану – қабаттың қышқылдануы, өндірілген өнімде тұздың тұнуы, коррозия және тағы да басқа проблемаларды тудыруда.Жерасты жабдықтары – сораптардың, құбырлардың, шыбықтардың көпке ұзамай пайдаға аспай қалуының негізі себебі – осы. Қабатқа айдайтын судың сапасын жақсарту мақсатында өндірістік процестерді химияландыруға күш салғымыз келеді. Бұл орайда қазіргі таңда жоғарыда аталған институттардың мамандарының қатысуымен өндірістік-тәжірибелік сынақтар өткізуді қолға алдық. Су көзін таңдау, қабат қысымын сақтау жүйесіне бактерицид қосу, судағы оттегіні жою, бактерияларды бақылау бағдарламасы, тиімді ингибитор мен бактерицид таңдау арқылы сульфаттүзгіш бактериялармен күресу, т.б. күрделі де жауапты жұмыстарды жүргізу жоспарымызда бар. 

ӨЗЕН КЕНОРНЫНДАҒЫ КЕЛЕСІ МӘСЕЛЕ
Өзен кенорнындағы күрделі мәселенің бірі-мұнайдан суды алдын ала айыру қондырғылары. Бұл қондырғылар салынғалы бері сұйықтық өндіру көп өзгерді. Қазіргі таңда №1 Мұнайдан суды алдын ала айыру цехы 11%-ға, №2 Мұнайдан суды алдын ала айыру цехы 21%-ға жобалық қуатынан жоғары сұйықтықпен жұмыс істеп тұр. Цехтардың қуатын одан әрі арттыра беретін болсақ, суды айыру технологиясына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін, сол себепті тиімді деэмульгаторлар таңдау үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын атқаруды, инфрақұрылымды реттеуді қолға алуымыз керек. 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ БІРІ
Скважиналардың жерасты жабдықтарының жөндеу аралық кезеңін ұзарту негізгі стратегиялық жобаларымыздың бірі. Біз кезең ұзақтығын саты-сатысымен 2017-2022 жылдар аралығында 300 тәулікке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта тереңдік сораптық жабдықтардың қабылдау сапасын жақсарту, скважинаға жіберілетін жабдықтарды таңдауда программалық әдістемелерді қолдану, скважиналарды өңдеу және жөндеуге дайындау тех-нологиясын сақтау регламенттерін жасақтау, скважиналарды өңдеу сұйықтығының құрамы мен технологиясын жақсарту, деректер мен үздік тәжірибелерді таңдау мақсатында ізденіс жұмыстарын жүргізу, химиялық ингибиторларды қолдану тағы осы секілді көптеген әдістер бойынша жүйелі жұмыстарды орындауды алдымызға мақсат етіп қойдық.

ӨНДІРІСТІ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫМЕН ҚАМТУ
– Өндірісті электр энергиясымен қамту-ешқашан өз маңыздылығын жоймақ емес. Өзен, Қарамандыбас кенорнында тоқпен қамтамасыз ететін мекеме мен компания жабдықтары араласып кеткен. Бүгінгі күні жабдықтардың көбісі әбден ескірген. Ауа-райының қолайсыздығынан, әсіресе, жауын-шашынды күндері тоқтың сөніп қалуы салдарынан тербелмелі қондырғылардың тоқтап қалуы жиі орын алады. Мұның кесірінен мұнай өндіру көрсеткіші едәуір төмендеп кетеді. Алдағы уақытта біз сыртқы энергияның тәуелділігінен арылуымыз керек. Сондықтан, автономды газды турбиналық энергостанцияны салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ инвестициялық комитеті қарауында, 2017-2018 жылдары техникалық-экономикалық негіздеме жасақталып бітеді. Мұндай тәжірибе көршілес мұнай компанияларында бар және олар ойдағыдай нәтижеге қол жеткізді.

ӨНДІРІСТЕГІ ӨЛШЕГІШ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ 
Өндірістегі өлшегіш құралдары да басты назардағы мәселенің бірі. Қысым, температура, сұйықтық есептеу аспаптарын модернизациялап, мөлшерлеу өнімімен және парктік өнімнің арасындағы ауытқуды қысқартуымыз керек. Сол себепті, автоматтандыру жүйелерін жаңарту жалғаса береді. 
Әрине, аталған жұмыстар бір күнде шешілетін мәселе емес, біз бұл бағыттағы жұмыстарды жоғарыда аталған компаниялардың тәжірибесі және кеңесімен бірлесе отырып, жан-жақты сараптап барып жүзеге асыратын боламыз. Дегенмен, бүгінде компаниямыздың басшылығының қолдауымен аталған жоба қолға алынып, нақты жұмыстар басталып кетті. Біз ағымдағы жұмыстарды сауатты түрде іске асыру арқылы Компанияның жарқын болашағына өз үлесімізді қосамыз.

Ермек Қарамұрзаев, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, Өндіріс жөніндегі 
басқарушы директор

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх