Қабаттың құпиясы геологқа ғана мәлім

Қабаттың құпиясы геологқа ғана мәлім
05.02.2018
265
Қызметкерлер

Қабаттың құпиясы геологқа ғана мәлім

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы, №1 Мұнай-газ өндіру басқармасында жұмыс жасап жүрген бір топ геолог мамандардың еңбегі зор. Атап айтатын болсақ, директордың геология және игеру жөніндегі орынбасары Руслан Малманов, №2 мұнай-газ өндіру цехының аға геологы Рая Айтбаева, қабат қысымын сақтау цехының аға геологы Эльмира Нұрбаева, геолог Әсем Серікбаевалар зерттеу қорытындыларын шығару, белгіленген өнімді өз көлемінде игеру және арттыруды жоспарлау, сондай-ақ, жоспардың орындалуын қадағалайды. Геолог деп аталатын мамандық көпшілікке етене таныс. Алайда, оны меңгеру кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтіні аян...

Руслан Малманов: 
Геолог өндіріс даласын зерттеумен, мұнай қорын анықтаумен, оны бұрғылаумен айналысады. Бұл жұмыстар айтар ауызға жеңіл болғанмен, оны жүзеге асырудың өзіндік қиындығы бар. Мен еңбек жолымды №87 топтық қондырғыда зерттеу операторы болып бастадым. Соңынан инженер-геолог болдым... Бала кезімнен археологияға деген қызығушылығым болды. Геология саласы да археологиямен жақын сала іспетті. Бос уақытымда футбол тамашалаймын. Әлемнің қай түкпірінде өтіп жатса да чемпионатты жіберген емеспін. Астраханьда студент кезімде 2 жыл әуесқой бокспен айналыстым.   Геология деген тылсым әлемге енген біздерге кәсіптің қыр-сырын үйреткен Аманжан Өтесінов, Гүлнәр Сәтқалиева, Ғалия Құлсариеваларға шексіз алғыс айтамын. Сондай-ақ, өндірістің ілгерілеуіне сүбелі үлес қосып, біздерге білгенін үйретуден еш жалықпайтын бас директордың геология және игеру жөніндегі орынбасары Шолпан Пангерееваға әріптестерімнің атынан ерекше ризашылығымды білдіремін.

Рая Айтбаева: 
Дәрігерлер ауру түрін әңгімелейді, мұғалімдер оқушылар туралы айтады. Ал біз, геологтар, мұнай тақырыбында әңгіме айтқанды ұнатамыз. Мұнайды өндіру үшін скважинаны толық зерттеп, қабаттардағы мүмкіншіліктерін қарайтын, мұнай өнімділігін жоғарыға көтеру – тікелей геологтарға байланысты. «Қабаттарды жару, қабаттарды ату» – деген сөздер тек қана біздерге, геологтарға түсінікті. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Жолдасым Жұмакеш Айтбаев та мұнайшы. Осыдан бірнеше жыл бұрын компанияның «Жайдарман» ойнына қатысып, командамыз жүлдегер атанды. Марафонға да қатыстым. Сол кездегі директорымыз Қайырбек Елеусінов спортқа жақын адам болатын. Ол бізге де спортпен достасуды үйретті. Ұстаздарым ретінде Аманжан Өтесінов, Ақкенже Мұсанғалиева, Жібек Ұзақбаеваларды айтар едім. 

Эльмира Нұрбаева,
Әсем Серікбаева: 

Біз өндірісте қабаттарды гидрологиялық жару арқылы мұнай қоры бар жерлерге құбыр жолын саламыз. Соны алдын ала зерттеп, мүмкіндігін білеміз. Біраз жылдардан бері осы саламен тыныстап, біте қайнасып кеткендіктен, геология саласы жанымызға өте ыстық. Қабаттардағы қуыс болмас үшін біздер мұнай өндіру кезінде ол жерге су айдаймыз.Оның да өз машақаты жетеді. Жақсы геолог мұнайдың қайдан, қалай келетінін түйсігімен сезуі керек. Геология саласын игеру үшін кәсіпке деген сүйіспеншілік болуы шарт.


Жоғарыда біз сөз еткен №1 Мұнай-газ өндіру басқармасы тәулігіне 14 200 сұйықтық өндіреді. Отанымызды қала берді компанияны  көркейту үшін аянбай қызмет етіп жүрген геологтардың еңбегі зор. Хакім Абай бейнетсіз дәулет жоқ екендігін айтады. Тек еңбек қана елді ұшпаққа шығарып, компанияны өркендетпек! 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх