Әділ НҰРМАНОВ: Қаражанбас кен орнының қалай ашылғаны әлі есімде...

Әділ НҰРМАНОВ: Қаражанбас кен орнының қалай ашылғаны әлі есімде...
05.02.2018
345
Әлеумет

Әділ НҰРМАНОВ: Қаражанбас кен орнының қалай ашылғаны әлі есімде...

1974 жылдың 26 қаңтары «Қаражанбасмұнай» АҚ үшін тарихи күн. Бұл күні Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтаны атқылап, Бозащы түбегінде мұнай өндірісінің алғашқы іргетасы қаланды. Тарихи сәттің куәсі болған Маңғыстау өңірінен шыққан алғашқы барлаушы геолог Әділ Нұрманов 44 жыл бұрынғы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін түрлі кедергілерге тап болып, көп қиындық тудырғандығын айтады. Атаулы күнге орай мұнай-газ саласында табанды еңбек еткен ақсақалдың естелігін назарларыңызға ұсынамыз. 


Өткен ғасырдың орта тұсында Маңғыстау облысынан мұнай фонтандарының атқылауы тек Қазақстан, Кеңес Одағының ғана емес, аты шетелге дейін жетіп, олардың қызығушылығын тудыра бастады. Сол уақыттары мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша оқып бітірдім. Бұл кездері Маңғыстау аймағында геология саласында оқыған ешкім жоқтын. 1957 жылы оқу бітіріп, елге келгенімде «Маңғыстаумұнайгаз барлау» тресі құрылды. Бұл алғашқы трест болғандықтан оның жұмысы үнемі назарда болып, Мәскеуден тұрақты қадағаланып отырды. Соның арқасында Маңғыстауда бірнеше кен орнында барлау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, нәтижесінде мұнай көздері табылды. 1950-60 жылдары Маңғыстау түбегі ақ қағаздай белгісіз жер еді. Ара-тұра келіп-кеткен геологтардың аз-маз барлау жұмыстары жүргені болмаса, көп нәрсе беймәлім болатын. Сырттан келгендер өздерімен бірге жер жайын білетін адамдарды ертіп, өңірді аралап көрді. Алайда иен даладан мұнай-газ орнын анықтау қиынның қиыны еді. Тек сараптама жасау үшін топырақты салып әкетіп, Ленинградтағы институтта геологиялық құрылымын зерттеген болады. Осы арқылы жер қыртысындағы қазба байлықтардың түрін анықтайтын. Мен барлаушы геолог ретінде өңірдегі алаңдарға шығып іздеу жұмыстарына қатыстым. Бізге белгілісі бір-екі жер ғана болды. Оның өзін ХІХ ғасырда саяхатшылар анықтаған мұнай сіңген тастар арқылы білетін. Мұнайдың көзі нақты қай жерде екенін ешкім білмеді. Біз сол жағдайларды анықтаумен айналысып жаттық. 1957 жылы Түбіжік деген жерде барлау жұмысы жүргізілді. 
Онда жұмыс істейтін геологтар тегіс Ембіден келген. Арасында жергілікті мамандар болмады. Әуелі анықтаудың алғашқы әдісі аймақтық геофизикалық жұмыстар басталды. Кей жерлерде мұнай құрылымдары кездеседі. Оған талдау-тексеру (детализация) жасайды. Ештеңе белгісіз болғанына қарамастан, біз жұмысқа білек сыбана кірістік. Барлау экспедициясы құрылып, ол Форт-Шевченко қаласында орналасты. Алғашқы кен орны Өзенді ашқанда бізге Кеңес Одағы «Алғашқы ашушы» деген диплом табыстады. Жетібай-Өзен (Оңтүстік Маңғыстау) кен орындарының ашылуымен Маңғыстаудың өрлеу дәуірі бастау алды. Оның соңынан Теңге, Тасболат секілді шағын кен орындары ашылды. Жалпы, мұнай кенішінің ғұмыры ұзақ болып талай ұрпаққа дейін жетеді. Мысалы, Доссордағы кеніш осыдан 107 жыл бұрын ашылғанына қарамастан әлі күнге мұнай беріп тұр. Мұның қасына Мақат, Құлсарыда ашылған кеніштерді де қосуға болады. Өзен мен Жетібай ашылғаннан кейін Маңғыстауда біраз жылға дейін жаңадан кен орындары табылмады. 1959 жылы барлау саласын Геология министрлігіне берді. Министрлік барлау жұмыстарын жолға қоя бастаған соң геофизика жұмыстарын жүргізу жалғасын тапты. Маңайдағы жер бедерін анықтады. Жалпы, мұнай тегіс жерде болмайды. Төңкерілген тостақан тәрізді дөңдердің астында жатады. Бұл уақытта Бозащы академиктер тарапынан бұл жерді перспективасыз деп баға беруіне байланысты әскери құрылымның қарауында болды. Бозащының «перспективасы жоқ» дегеніне қарамастан зерттеуге рұқсат сұрай бастадық. Себебі, онда әскери бекет тұрғандықтан ішке бөтен адамды аттап бастырмайтын. Біз сол кезде Бозащыны аралап шығу үшін рұқсат сұрап жиі хат жаздық. Оны шешуге жергілікті аудандық атқару комитетінің қауқ ары жетпеді. Әскери мекеме болғандықтан тікелей орталыққа бағынатын. Хат жаза жүріп 1972 жылы аралауға рұқсат алдық. Аралап шыққаннан кейін Бозащыны барлау жұмыстарын бастау үшін жұмыс бастау керектігін ұғындық. Бұл жерде рұқсат беру деген мәселе тағы шықты. Тыйым салып отырғаны, зымырандардың құлайтын полигоны іспетті еді. Сондықтан адамдарға қауіп бар. Осыған қарамастан Орталық жақ бізге рұқсат берген соң бер жағындағы Долгийден (Каспийдің шығысындағы арал) барлау жұмыстарын бастап кеттік. 1973 жылы Қаражанбастан бір скважина қазуға рұқсат алдық. Оны қазу үшін Бұрғылау шебері Санақ Таяновты топографмен ертіп жібердім. 1974 жылы 26 қаңтарда түнде оқыстан хабар келді. «Қаражанбастан фонтан атып кетті» 
деп жігіттер сүйінші сұрай келді.
«Бөтелкеге құйып әкелдіңдер ме?» десем, «ұмытып кетіппіз» дейді. Түсін, түрін сұрап жатырмын. Мүмкін су шығар деймін күдіктеніп. Содан жан-жаққа хабар беріп, ертеңінде 27 қаңтар күні түсте жолға шығып кеттік. Қыс ортасы болғандықтан далада қалың қар бар еді. Үш машинамен Қаражанбасқа барсақ, 12-ші скважинаның маңайы мұнайдан «көлге» айналыпты. Мұнай бұрқылдап атып жатыр екен. Қуанышымызда шек жоқ. Бұрғылау жұмыстарын бастағанда бірден «Мұнай ата қояды» деген ой болған жоқ. Қуысты бекітетін қақпақшасын (Заглушка) жауып қойған екен. Мұнай амбарға барғанымен ол асып кетіп, далаға төгіліп жатыр. Жарты айдай жүріп, алғашқы фонтанды бағындырдық. Бағындыру үшін тұрба жіберіп, жауып тастадық. Бұл туралы 1974 жылдың ақпан айында Кеңес Одағының «Мұнайгаз геологиясы» журналының №5 санында «Қаражанбастан мұнай фонтаны атқылады» деген мақала жарық көрді. Қаражанбастан сөйтіп алаң емес, аймақ ашылды. Қасынан тағы да қазу жұмыстарын жалғастыра бастадық. Арада бір жыл өткенде Терістік Бозащыны барлау жұмыстары басталды. Ол 1975 жылы маусым айында ашылды. 1976 жылы Қаламқас кен орны жұмысын бастады. Әрқайсысынан 1 млн. тонна кем түспейтін мұнай көлемін есептеп шығарып, орталыққа тапсырдық. Сөйтіп барлау жұмыстары басталған кен орындары бүгінде Қазақстанның негізгі мұнай өндірісінің біріне айналды...

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх