Еңбегінің жемісі, бейнетінің зейнеті бар

Еңбегінің жемісі, бейнетінің зейнеті бар
05.02.2018
325
Әлеумет

Еңбегінің жемісі, бейнетінің зейнеті бар

Мұнай саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Тыныштық Базарбаев мерейлі 75 жастың биігіне көтерілді. Өткенге шегініс жасасақ, ардагер аға екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде нағыз қақаған қыста дүние есігін ашты. Жылдар өте балдай тәтті балалық шақ көзден таса, көңілден жырақ болды. Ес жиып, етек жапқан кезде бірде аш, бірде тоқ жүрсе де көңіл көтеріңкі, көкірек үміт пен сенімге толы болатын. Еңбек жолын бозбала бастауыш класс оқытушысы болып бастады. 1961 жылы әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Маңғыстау деп аталатын маңғаз өлкеде жарты ғасыр бұрын мешеу даланың жым-жырттығын шайқап жіберген мұнай бұрқағының атқылауы – Тыныштық Базарбаевты мұнай саласына апарды. Ел еңсесі тіктеле бастады. Қатықсыз көже ішкен жылдар артта қалды. Еңбекқор жанның бағы өрге домалады. Елгезек, жұмысқа тиянақты, көпшіл азамат қай жұмысты да абыройлы атқара жүріп, ұжымға сыйлы бола білді. «Өзенмұнайгаз» Компаниясында ол атқармаған жұмыс кемде кем шығар, сірә! Мамандар бөлімінің бастығы, ғылыми зертхана бастығы, экономист те, бас бухгалтер де болды. Бұрғылау жұмыстары басқармасында кәсіподақ төрағасы, Жаңаөзен қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, тіпті кей жылдары тігін фабрикасының директоры да болды. Өмірінде атқарған қызметтерін санамалап шығу мүмкін емес. Зейнеткерлікке шыққан ол бүгінде Нәсіпқали Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының Жаңаөзен қаласы бойынша үйлестірушісі болып жұмыс істеп жүр. Әрине, Т.Базарбаевтың компанияға сіңірген адал еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл», «ҰОС 20 жылдығы» медалдерімен марапатталды. Елбасының Алғыс хатына да ие болды. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Нұр Отан» партиясынан алған Алғыс және Құрмет грамоталары көп. Зейнеткерлікке шықса да, ол бүгінде мұнайшы ардагерлердің қоғамдық қорында жұмыс істеп, саладан қол үзген жоқ. 
Біреуге ерте, біреуге кеш келетін ажал-құдірет барды бар деп, жоқты жоқ деп алалап көріп пе еді...Жақында Тықаң жарты ғасырдан астам уақыт отасқан бәйбішесінен айырылып қалды. «Қайғы келсе – қарсы тұр...» – деп Абай айтпақшы, қайғыға қарсы тұрды. Тірі жанның тіршілік жасауы – мұсылмандық дәстүр ғой. Ол да сабырға келіп, Алланың әміріне көнді. «Адам бірге жүргенде бір-бірінің қадірін біле бермейді екен.Әйел адам қашанда отбасының ырысы екен ғой...» – дейді мұнайшы аға. Қазақта «адам ұрпағымен мың жасайды» деген жақсы сөз бар. Аллаға шүкір бүгінде Тыныштық Базарбаев ұлы Бекжаннан Темірлан, Ақбаян, Айшолпан, Айсәуле, Нәсіпқали атты немерелер сүйіп отырған бақытты ата. Баласы нарық заманына бейімделіп кәсіпкерлікпен айналысып жүрсе, келіні Гүлшат «Өзенмұнайгаз» АҚ-ында қазынашылық департаментінде абыройлы жұмыс жасап жүр. Адам баласы жасы ұлғайған сайын босайтын көрінеді. Бүгінде ардагер аға немерелерінің жолына жүрегін төсеуге дайын.Ойлап қараса, өмір шіркін пойыздай зулап өтіп барады. Күнді күн, айды ай қуалап...көктемді жаз, жазды күз алмастырады.
Адамға егделікпен бірге естілік те келеді екен. Бүгінде 75 жасқа шығып, еңбегінің жемісін, бейнетінің зейнетін көріп отырған Тыныштық Базарбаев жер басып, көкайдын аспан астында туған жерді аралап, әйтеуір, тірі жүрудің өзі бақыт екендігін жақсы түсінеді. Тоқшылықта тасымаған, жоқшылықта жасымаған ол «Адамға мал мен мансап өмірлік жолдас болмайды екен. Жалғанда жұрттың көзіне қарай алатындай жүзің жарқын, бетің ашық болғанға не жетсін! Ең бастысы – жарық дүниеге келіп, сүйініп, күйініп, сүрініп, тұрып, күліп, жылап, шалқып,қамығып...өмір сүрдім. Адам болып келген өмірден адам болып өтсем арман не?» – деп ой түйеді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх