Интерактивті мұражайға саяхат

Интерактивті мұражайға  саяхат
16.02.2018
287
Әлеумет

Интерактивті мұражайға саяхат

«Ембімұнайгаз» АҚ Атырау қаласындағы мектеп оқушылары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арнап Интерактивті мұражайға экскурсия ұйымдастыру шарасын бастады. Мұнда алғаш облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бір топ оқушысы болып, қазақ мұнайының тарихымен кеңінен танысты. Музейде мектеп оқушыларын «Ембімұнайгаз» АҚ Әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Сәлімжан Нақпаев қарсы алып, экскурсияның мақсатына тоқталып өтті:
– Ел экономикасындағы жетекші сала – мұнай-газ секторының қалыптасуы, қарыштап дамуы осы Интерактивті мұражайда кеңінен көрініс тапқан. Қазақ мұнайының бастауында тұрған Ембі өңірінің аталмыш сала тарихында алар орны ерекше. Бұл өңірде алғашқы «қазақ жұмысшы табы» қалыптасты. Сонымен қатар, кешегі Ұлы отан соғысы кезіндегі ембілік мұнайшылардың Жеңіске қосқан үлестері ұшан-теңіз. Соғыстан кейін тоқыраған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарында да мұнайшылардың үлестері мол. Бүгінгі ұрпақ аға буынның осынау ерліктері мен еңбектерін біліп өсуі тиіс. Осы мақсатта Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы Жақсыбеков интерактивті мұражайды тек Компания қызметкерлеріне ғана емес, облыстың жаңалыққа жақын барлық жастарына көрсету жөнінде ұсыныс білдіріп, бастама көтерді, – деп атап өтті ол.
Болашақта мұнай-газ саласы мамандығының иесі атануға ниеті бар және бұл бағытта түрлі ғылыми жобаларға қатысып жүрген зияткерлер өздерін толғандырған сауалдарға Компания қызметкерлерінен жауап алып, білімдерін толықтырды.
– Қазақ мұнай-газ өндірісінің ғасырдан астам тарихы сонау ежелгі дәуірлермен сабақтасып жатыр. Бүгін біз Ембінің кен алаңы Қарашүңгілден алғаш мұнайдың табылуы, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасуы мен «Ембімұнай» тресінің құрылуы туралы деректерді осы мұражайдан таптық. Мұражайға келіп, осы саланы дамытуға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді мектеп оқушысы Әсем Төреғалиева. Ал, Данияр Джаксенов аталған оқу орнының 10-шы сыныбында білім алуда. «Мұражайдың «Интро», «Алғашқы ашулар», «Технология уақыты», «Ұлы Отан соғысы», «Медиа орталық» және басқа да бөлімдері құнды мәліметтерге толы. Мұражай заманауи үлгіде жасақталып, үнемі жаңартылып отыратыны маңызды» – дейді ол.
Бұл шара ақпан айынан бастап шілде айына дейін жалғасады. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх