Үздік шебер. Табыстың да, тұрмыстың да тұғыры – еңбек!

Үздік шебер. Табыстың да, тұрмыстың да тұғыры – еңбек!
16.02.2018
283
Қызметкерлер

Үздік шебер. Табыстың да, тұрмыстың да тұғыры – еңбек!

Өмірде аянбай еңбек етіп, маңдай термен тапқан несібесін қанағат тұтып, көңілі тоқ, жайбарақат күй кешіп жатқан жандар жетерлік! Соның бірі «Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ, №4 СЖАЖЦ, №8 үздік бригадасының үздік шебері Иса Қожбанов. Әріптестері Иса туралы «Ол мұнайшы болу үшін туғандай. Компанияның жұмысын мүлтіксіз атқарып, әрбір мүлкін көзінің қарашығындай сақтайды» – дейді бірауыздан...

Филологтан мұнайшыға

– Мен мұғаліммін. Оның ішінде филологпын. Филолог кітапқа үйір келеді. Мен өзім фантастика жанрын ұнатамын.Кітап оқымайтын адамдардың басты сылтауы-уақыт тапшылығы. Олар өздерінің кітапқа деген қызығушылығы жоқ екендігін мойындағысы келмейді. Бар байлық кітапта. Әлемнің ақылы тоғысқан жер де осы кітап... 
1989 жылғы Өзен оқиғасынан кейін өндірісте маман тапшылығы пайда болды. Сол кезде, дәлірек айтсам 1992 жылы «мұнайшы боламын» деген шешім қабылдадым. Басында тосырқап жүрдім. Мұнайшы мамандығының қыр-сырын үйреткен ұстаздарым Қуаныш Ғабдуллаев пен Латиф Шугаевқа айтар алғысым шексіз. Сөйтіп, филологтан мұнайшыға айналып шыға келдім.

ӘРІПТЕСТЕР ХАҚЫНДА

Жұмыс десе жанын салатын небір азаматтарды көрдім. Хантемір Қайырбаев, Аллаһберді Бекбердиев деген азаматтар ешкімге жалтақтамай, бойдағы Құдай берген қуатты жөн-жосықсыз ысырап етпей, таза еңбекке жұмсап, ақылмен іс істеді. Жақсы тұрмыс, жақсылық тек еліктеуден немесе армандаудан тумайды. Жақсы тұрмыс-іс-әрекет нәтижесі. Сондықтан бізге іскерлік, қарекет керек.

ҮЗДІК БРИГАДАНЫҢ ҮЗДІК ШЕБЕРІМІН

Жылдар бойы атқарылған қажырлы еңбек біздің №8 бригаданы алға сүйреп, үздіктер санатына қосты. Үздік бригаданың марапаттары бір төбе. Сембай Құлшаров деген әріптесіміз 2004 жылы «үздік маман» атанып, көлікке ие болды. Бригадада еселі еңбек етіп жүрген Мақсат Балбаев, Мақсет Өтешов, Абай Мұратқан, Кеңес Менкеев, Көмек Егізбаевтарға өте ризамын. Жылдар бойы оператор жігіттермен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан №1 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасының жүргізуші-машинистері Бегеніш Ермағамбетов, Бекболат Сағындықов, Қалдыбай Тілеубаев, Тәңірберген Берниязовтардың да компания дамуына қосып жүрген өз үлестері бар. Бригада жігіттері барлық игілік тек еңбекпен келетінін дәлелдеді. Ара жәндігінің өзі ғұмырының бір секундын да еңбексіз өткізбейтіні анық. Оның қасында біз саналы адамзат өкілі емеспіз бе?!

СПОРТ – БІЗДІҢ ДОСЫМЫЗ

Мен спорттың қай түрін де жанымдай жақсы көремін. Әсіресе, үстел теннисін сағаттап ойнауға еш жалыққан емеспін. №4 Мұнай-газ өндіру басқармасының үстел теннисінен чемпионымын. Жалпы спортпен шұғылданбайтын адам аурушаң келеді. Аурушаң адам толыққанды жұмыс істей алмайды, өзінің сүйікті кәсібімен айналыса алмайды. Спорт адамға көңіл-күй сыйлап, еңбекке деген құлшынысыңды арттырады. 

ӨНДІРІСТЕГІ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Өзен кенорнында алаңсыз еңбек етуге толықтай қолайлы жағдай жасалды-деп толық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан еңсесі биік елге айналды. Бұл жылдары мұнайшылардың тұтас бір буыны өсіп шықты. Асханадағы тамаққа та, арнайы киімнің сапасына да, құрал-жабдықтарымыз бен вагондарымызға да  ризамыз. Жағдай жақсарған сайын адамдардың талғамы мен талабы да өседі. Олар жақсыдан гөрі жақсырақ іздей бастайды. Жалпы, тірлікте барға қанағат етіп, шүкірлік еткенге ештеңе жетпейді.

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫМ

Өз ісіңе жауапкершілікпен қарау. Өзіңнің және өзгенің уақытын бағалау. Жұмыста ұқыпты болу, тазалықты сақтау және жұмысты уақытында орындау. Еңбек ету-қашанда берекет пен ырыздықтың бастауы екендігін ұмытпау. Мен өзім тазалыққа қатты мән беремін. Вагонның ішінде қыл да жатпайды. «Егер әркім өз үйінің есік алдын сыпырар болса, бүкіл көше тазаланар еді» – дейді Лев Толстой.

ОТБАСЫ

Алла Тағала берген ұлдарымның бірі Бағдат Шамов компанияда құқықпен қамтамасыз ету департаметінде жұмыс жасайды. Ұлдарым да өздеріне бұйырған несібелерін тауып жеп жүр. Жан жарым Күлшетай Қожбанова коммерция саласында еңбек етеді. Өмірімнің жалғасы Мереке, Назерке, Әмин, Әмина, Нұржан, Маржан...деген немерелер өсіп келеді. Доптай зымыраған уақыт шіркінге дауа бар ма?! Бұйыртса, наурыздың 26-сында асқаралы 60 жасқа толғалы отырмын. Барынша, қолдан келгенше, ізгілікті де әділетті, үлгілі де өнегелі, мәнді де мағыналы тірлік кешіп жүрмін деп ойлаймын. Жас ұрпақ табыстың тағы да, тұрмыстың тұғыры да – еңбек екендігін ұмытпағаны жөн. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх