Ақінгеннің бір белесі

Ақінгеннің бір белесі
16.02.2018
282
Қызметкерлер

Ақінгеннің бір белесі

Жаздың қапырық ыстығы мен шаңдауыт қолайсыз ауа-райына, қыстың қытымыр аязына қарамастан еңбек етіп жүрген мұнайшылардың еңбегі зор. Мұнайшылар күнделікті еңбек вахтасына денсаулықтары мұқият, жан-жақты тексеріліп қосылады. Ауырған мезгілде қажетті қол ұшын беріп, асқынған жағдайда өзіміздің жедел жәрдем көлігімен қалалық емханаларға, дәрігерге дер мезгілінде жеткіземіз. Биыл мұнайлы ошақтарға жабдықталған, кеңейтілген жаңа медициналық ғимараттың берілуі мұнайшылар үшін де, әрине бізге де қуанарлық жағдай болды.
Қосшағыл цехына қарасты Ақінген кен орнына биыл 25 жыл толып отыр. Мұнайшылар жатақханасы күрделі жөндеуден өтті, мердігерлер жатақханасы жалғасып кеңейтіліп салынбақшы, бүгінде іргетасы қалануда. Мен кеніштегі еңбек майталмандары туралы қысқаша тоқталып өткім келеді. Әрине, өндірістегі жауапты мамандардың бірі мұнай өндіру операторлары болып саналады. Солардың қатарында жоғарғы санатты Б.Өтегенов, Д.Кузекенов, М.Өмірзақов өз міндеттерін жетік меңгерген білікті мамандар. С.Ермеков те 20 жылдың үстінде осы мұнай кеніштерінде еңбек етіп келеді. Ә.Жаулиев пен Б.Қунашев жаңадан келген білімді мамандар, болашақтан зор үміт күттіретін жастар. Е.Өмірзақов тоқпен дәнекерлеуші шебер, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Жөндеуші Т.Ерниязовтың де қадамы жаман емес. Р.Қодаров, Н.Тастыбаев та ағаларының бал бармақтарын жоқтатпас, сәйкесінше, ұңғылар тұраламас деген сенімдеміз. Кен орны бойынша жыл сайын мұнай өндіру көлемі жоспарға сай орындалып келеді. Кеніш мұнайшылары спортта да алда, өнер сайыстарына да белсене қатысады. Таяу күндерде «Жылоймұнайгаз» мұнай газ өндіру басқармасының кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Орынғалиев келіп, мұнайшыларды құттықтап, сый-сияпатын ұсынды. Мұнай өндіру операторлары бір марқайып қалды. Бәріне бірдей спорттық костюм, аяқ киімі және жол сөмкелері берілді. Осындай игі шаралар жалғасын таба берсе деген тілекте болдық.

Жаңыл Баеділова,
Ақінген медбикесі, 
«Медикер-ӨМ» ЖШС
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх