«Education Day» Ембіде өтті

«Education Day» Ембіде өтті
05.03.2018
290
Қызметкерлер

«Education Day» Ембіде өтті

26 ақпан күні «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Ішкі тренерлері ITS жобасы аясында Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлеріне арналған тренинг-шеберлік кластарын өткізді. «Education Day» (білім күні) шарасында ҚМГ БӨ 9 ішкі тренері 12 тақырыпта, атап айтқанда: Д.Тасқымбаев «Сапалы тауарларды, жұмысты және қызметті сатып алу – Компания стратегиясын жүзеге асырудағы табысты қадам», Ж.Жакашев «Өлшеу құралдары Цифрлық өндірістің ажырамас бөлігі», Э.Каримова «Корпоративтік мәдениет:жақсарту бағыты», «Мотивациялық әлеует формуласы», А.Қонысбаева «Қаржыгерден лайфхактар», Ж.Темірғали «Ішкі коммуникация», «Әлеуметтік желіде әдеп сақтаңыз», А.Ақын «Сатып алуды білсем, Қырымда тұрар  едім», Е.Сәбікенұлы «Мұнай өнімдерін сату», «Өзіңнен баста», Ж.Аралбаева «Жоғары тиімді адамдардың 7 дағдысы», А.Жақсиева «Менің денсаулығым – менің қолымда» тақырыптарында тренинг-шеберлік кластарын өткізді. Шараның ашылуында ЕМГ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің директоры Г.Шарафетдинова қатысушыларға сәттілік тілеп, сөз сөйледі. ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаменттің директоры, ішкі тренер Э.Каримова қатысушыларға «Ішкі тренерлер мектебі» жобасы туралы айтып берді. ITS жобасының іске асырылуы жолында қатысушылармен жұмыс жүргізіп келе жатқан бизнес-тренер И.Валиуллов «Үздіксіз даму заманауи әлемнің талаптарына жауап» мазмұнындағы тақырыпта тренинг өткізді. Бір күн бойы өткен «Білім күні» шарасына «Ембімұнайгаз» АҚ орталық аппаратының және мұнайгаз өндіру басқармаларының қызметкерлері қатысты. ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаменттің директоры, ішкі тренер Э.Каримова «Ішкі тренерлер мектебі – ҚМГ БӨ қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдау, жаңа деңгейге көтерілу, жан-жақты маман болу, базалық білімдері мен тәжірибелерін таратуда үлкен мүмкіндік болғанын» атап айтты. Естеріңізге салайық, ҚМГ БӨ бұл жобаны 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосты. 1 жылдан астам уақыт ішінде жобаға қатысушы ҚМГ БӨ қызметкерлері тренер болуға оқыту, машықтану, үйрену әдістемелік семинар-кеңестер, тренингтерден өтті. Ерекше жобаға ҚМГ БӨ басшысы Қ.Есқазиев қолдау көрсетті. Компанияның HR департаменті жобаның жүзеге асырылуы жолында ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Үміткерлер тренер болуға қойылған талаптарды сәтті орындап, іріктеу турынан өтті. Жыл бойы өздерінің алған білімдерін нақты іс жүзінде көрсетуде. 

Гүлбану Шарафетдинова,
«Ембімұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры:
– Бұл білім күні бізде осындай деңгейде алғаш өтіп отыр. Оған 4 мұнай өндіру басқармасы және 2 қосалқы шаруашылық құрылымдардан 90 маман қатысты. Әрине, олардың дені жастар. Бұған дейін бейнероликпен жіберілген хабарламада ҚМГ БӨ ішкі тренерлері қандай тақырыптар бойынша тренинг өткізетіні туралы айтылды. Біз ол бейнероликті барлық құрылымдық бөлімшелерде жұмысшыларға көрсеттік, олар өз қалауларын білдірді. Сол бойынша тілек білдіргендер шараға қатысты. Ондағы мақсатымыз мамандардың танымдық ойлау жүйесін дамыту, ішкі байланыс орнату, өзара қарым-қатынасты нығайту. Шара өз деңгейінде өтті.

Қайырбек Қаражанов,
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ, есепші:
– Жалпы, қазір заман ағымы бір орында тұрған жоқ, алға жедел жылжуда. Сондықтан мұнайшылар да заман көшінен қалуға тиіс емес. Бүгінгі тренингтен мен ең алдымен адам өзін дамытуы керек деген тұжырымға келдім. Интеллектуалды ойындар ойнадық, танымдық сұрақтарға жауап іздедік, әр түрлі тақырыптарға байланысты өз идеяларымызды топ болып ұсындық. Бір күн бойына толған баяндама тыңдап өтетін шығармыз деген ойымыз болмады. Меніңше, бәрі қызықты, жанды түрде өтті. Сөз, ой, идеялар сайысына түстік. Көп нәрсені үйрендік.

Әйгерім Талғатқызы,
«Жайықмұнайгаз» МГӨБ, ұңғымаларды зерттеу операторы:
– Мен «Ембімұнайгаз» АҚ-на былтыр Дуалды оқыту жүйесі бойынша жұмысқа тұрдым. Тәжірибеден «Жаңаталап» кен орнында өткенмін. Мұхтаров Оңғарбай деген аға жетекшім болды. Дуалды оқыту жүйесінің көмегі көп болды, кейін Ембіде тест тапсырғанда да практика түрінде жақсы білдік. Бүгінде ұңғымаларды зерттеу операторы болып жұмыс жасаудамын. Әрине жас маман ретінде мұндай тренингке бірінші рет қатыстым. Маған ұнады. Ойыңды ашық айта білу, өзіңді ұжымда жақсы ұстау, командамен жұмыс істеу, үнемі іздену секілді дағдыларды меңгердім.  

Жазира Мәлік,
«Жайықмұнайгаз» МГӨБ, Оңтүстік Шығыс Қамысты кен орны геологы:
– Мен мұндай тренингке бірінші рет қатысып отырмын. Тренингтің өзіндік бағыт-бағдары, өту барысы, әр түрлі ойындар, ситуациялық сұрақтары қызықтырды. Тренер Ж.Темірғалидың «Ішкі коммуникация», «Әлеуметтік желіде әдеп сақтаңыз» тақырыптарындағы мәселелер, яғни басшылық пен жұмысшы арасындағы және әріптестердің өзара қарым-қатынастары, өзіңді қалай ұстау керек, әдеп, мәдениет, ақпараттың нақтылығы, әлеуметтік желіде айтар сөзіңді абайлап, екшеп білдіру сынды тұжырымдардың дұрыстығына көзім жетті. Жалпы, қай-қайсысы да жалықтыратын тақырып емес, қызғылықты, тартымды өткені анық. Айтарым, осындай тренингтерді өндіріс басында әріптестеріммен бірге өткізудің мүмкіндігі болар ма екен? Сонда жақсы болар еді. 

Мәулен Мұхамбеталиев,
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ, Кенбай кен орны мұнай өндіру операторы:
– Жиналыс түрінде емес, әп дегеннен-ақ, сұрақ-жауап, командалық жұмыс, өзіңнің пікіріңді, идеяңды қорғап шығу, ойын, талас-тартыс түрінде өткені қуантады. Е.Сәбікенұлының «Мұнай өнімдерін сату» тақырыбындағы сұрақтар мен тапсырмалар да әр алуан болды. Өнім өндірілген сәттен бастап ол қайда барады, қалай сатылады, кімдермен байланыс орнатылады, ондағы әртіптестік байланыс жұмыстары, т.б. мәселелер сөз болды. Таңертеңнен кешке дейінгі уақытымыз, күніміз босқа өткен жоқ, біраз нәрсені үйреніп, хабардар болдық. 


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх