Наурыз – Ембі төрінде!

Наурыз – Ембі төрінде!
20.03.2018
258
Қызметкерлер

Наурыз – Ембі төрінде!

Ембіліктер биылғы жылы да ғасырлар  бойына атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі Наурыз мерекесін бірге қарсы алды. Наурыздың 16-сы күні «Доссормұнайгаз» басқармасына қарасты Ботақан кен орнында ақшаңқан киіз үйлер тігілді, алаңда ұлттық жөн-жоралғылар жасалды, арқан тарту, кір тасын көтеру, білек күшін байқау – армрестлингтен спорттық сайыстар өтті. Бір-бірімен көріскен ұжымдастар, еңбек ардагерлері табысып, мәз-мәйрам болды. «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық мұнайгаз өндіру басқармалары мен қосалқы бөлімшелері еңбек ұжымдарының өкілдері келіп, әрқайсысы бір-бір киіз үйден тігіп, қалашық ішінде ақшаңқан отаулар орын алып, әдемі сәнге бөленді. Бір-бірімен көріскен ұжымдастар дастархан басында наурыз көжеден ауыз тиіп, жақсы тілектер айтып, бата берілді. Аталған шараға Астанадан арнайы келген «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев ембіліктерді жыл басымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі: 
– Қадірменді мұнайшылар, әріптестер, зейнеткер еңбек ардагерлері. Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Наурыз – бірліктің, ізгіліктің, татулықтың мерекесі! Жаңа жыл құт әкелсін, әр шаңыраққа бақ дарысын, отбастарыңыз аман, дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болсын. Міне, осымен үшінші жыл наурыз мерекесін мұнайшылардың жұмыс орнында – өндіріс басында атап өтіп келеміз. Осылайша әр мұнайгаз өндіру басқармаларында кезек кезекпен кең көлемде тойлау жалғасып келеді. Былтырғы жылы Сіздер, ембіліктер, мұнай өндіру жоспарын жақсы орындадыңыздар, ал биылғы жылы одан да жоғары межені жоспарлап отырмыз. Қашан да жетістігіміз жоғары болсын. Мереке құтты болсын, ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді ол.
Алаңға жиналған қауым алдында еңбек барысында жоғары нәтиже көрсеткен мұнайшыларды «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев пен «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков құттықтап,  Құрмет грамотасы, Алғыс хатпен марапаттады, алдағы уақытта да жемісті еңбек тіледі. Марапаттау рәсімінен кейін өнер жұлдыздары Айгүл Қосанова мен Ақылбек Жеменей және жергілікті өнерпаздар мұнайшыларға концерт қойып, мың бұрала би билеп, кен алаңын әсем әнге, күмбірлеген күйге бөледі. Сондай-ақ, кеніш басында «Мейірімді мекен» атты қайырымдылық жәрмекесі ұйымдастырылып, онда көптеген жергілікті қылқалам шеберлерінің суреттері, ұлттық өнер шеберлерінің қолөнер, зергерлік бұйымдары, т.б. қойылды.  

Айтқали Ержанғалиев, Қарсақ, Байшонас жер асты жөндеу бригадасының кран машинисі:
– Жал сайын Компанияға қарасты еңбекшілер өкілдерін бір кен алаңға жинау дәстүрге айналуда, көптен көрмеген әріптестерімізді көріп қуанып қалдық. Марапат  та алып жатырмыз. Мереке құтты болсын, наурыздан наурызға аман жетейік!

Муса Алғазиев, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ арнаулы техника және автокөлік колоннасының жүк тиегіш жүргізушісі:
– Биыл мекемеден зейнеткерллікке шыққан ардагерлер көптеп келді. Біз солардың сара жолымен келе жатырмыз ғой. Олар батасын беріп жатыр. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, көппен бірге есімім аталып, Ұлыстың ұлы күнінде марапатқа ие болғаныма да қуаныштымын. Мереке жақсы өтті, Наурыз көже ішіп, ақ тілегімізді арнадық. Мереке құтты болсын!

Ахмет Жылқайдаров, «Жылыоймұнайгаз» жолаушы тасымалы көлігінің жүргізушісі: 
– Наурыз құтты болсын, мұнайымыз көп болсын. «Еңбек бәрін жеңбек» дегендей, еңбегіміздің жемісін көрейік! Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Қымбат Жұбаниязова, «Доссормұнайгаз» МГӨБ ұңғымаларды зерттеу операторы:
– Бүгін Ботақанға барлық басқармалардан қонақтар келді. Өте қуаныштымыз. Осылай басымыз аман қосыла берсін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, мұнайымыз көп болсын!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх