«Ембімұнайгаз» АҚ: Біз уақытпен бірге өзгеріп отырамыз!

«Ембімұнайгаз» АҚ:  Біз уақытпен бірге өзгеріп отырамыз!
20.03.2018
246
Трансформация

«Ембімұнайгаз» АҚ: Біз уақытпен бірге өзгеріп отырамыз!

«Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) ішкі регламенттеуші құжаттар мен бизнес-үдерісті өзектендіру бойынша кешенді шараларға бастамашы болып, ауқымды шараларды атқаруда. Осының бәрі компанияның негізгі қызметіне қалай әсер етеді? Бұл туралы біз ЕМГ келешекті дамыту жөніндегі басқарушы директоры 
Әлихан Байдүйсеновтен сұраған едік. 

– Әлихан Жексенбайұлы, соңғы жылдар бедерінде компания шығындарды оңтайландыру және өндірістік қызметтің тиімділігін арттыру бойынша жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Соның ішінде, материалдық-техникалық қамтуды оңтайландыру (МТО), техникалық қызмет көрсету және жабдықтарды жөндеу (ТОРО), көлікпен қамтамасыз ету, т.б. жобалар бар. Айта кетерлігі, бұрын Сіздің мамандарыңыз жекелеген бағыттардағы осал тұстарды анықтауға назар аударса, енді қызметтің бағытына қарай, компания қызметіндегі осал тетіктердің бәрінен тұтастай құтылуға шешім алынған сияқты. 
– Иә, ЕМГ келешекті дамыту департаменті әр түрлі бағыттарда жұмыс жүргізіп отыр. Шығындарды оңтайландыру жобаларымен қатар, ішкі нормативтік құжаттарды актуализациялау және сапаны басқарудың біріктірілген жүйесі аясында бизнес-үдерісті сипаттау жүргізілуде. Оған ЕМГ-ні 2027 жылға дейін дамыту Концепциясын дайындауды қосыңыз. Бұл қомақты жұмыс неге қатар жүргізіліп келе жатыр? Егер компанияның ішкі процестерінің байыбына барсақ, жоғарыда айтылған бағыттар бірі-бірімен тізбектеле байланысқан. Мәселен, ішкі нормативтік құжаттарды оңтайландыру компаниядағы барлық құжаттарды бірыңғай стандартқа сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Бизнес-үдерісті сипаттау операциялық процестердің жалпы сипатын құруға мүмкіндік береді. Ал, дамыту концепциясы арқасында, топ-менеджменттің бекітілген стратегиялық міндеттерге жету үшін нені жақсарту керек, неге назару аудару керектігі туралы нақты түсінігі болады. Бір бағытқа байыпты түрде қозғалу үшін жергілікті жердің бағдарын білу керек. Өзіміз тұрған «А» нүктесінен, қайда келгіміз келетін «Б» нүктесін анықтауымыз керек. Бұл кезеңде біздің команда алдында ағымдағы бизнес-үдерісті «сол күйіндегі» форматта сипаттау және Қоғамның бизнес картасын құру міндеті тұр («А» нүктесі). Одан әрі «Ембімұнайгаз» құрылымдық бөлімшелер арасындағы қарым-қатынас туралы Ереже» құжатын жасақтау қажет. Біз аталған жұмыс басшылыққа осал тұстарды анықтау және оны кейін күшейту үшін, қосылған құнның барлық тізбегін көруге мүмкіндік береді деп санаймыз. Мектеп қабырғасынан білетініміздей, тізбектің күші оның ең осал бөлігінің күшіне тең.


Біздің команда алдында қиын міндет тұр, бірақ біз одан қорықпаймыз, «жолды жүрген еңсереді» ғой. Оның үстіне бізде келешекті дамыту департаменті мамандарынан мықты және ұйымшыл команда жинақталды деп есептейміз: департамент директорының орынбасары Әнуәрбек Каримов, стандартизация және оптимизация бөлімінің басшысы Мұратбек Куримов, бизнес-үдерістерді стандартизациялау және оптимизациялау бөлімінің сапа бойынша аға инженері Бекет Ғұбайдуллин қойылған міндетті абыроймен орындайды деп сенеміз.
– Бизнес-үдеріс туралы толықтай айтып беріңізші. Сіздің команда алдында қандай негізгі міндеттер тұр?
– Егер бизнес-үдеріс туралы егжей-тегжейлі айтар болсақ, әрбір құрылым белгілі бір процестегі моделді ұстануы тиіс. Яғни, әр департамент немесе құрылымдық бөлімше қай бизнес-үдерістің иесі болуы қажеттігін, өзінің бизнес-процесін орындау барысында кімдермен бірлесе әрекет ететінін, олар қандай өнім шығарады (ол ақпарат не қызмет болуы мүмкін), оны кім үшін жасайды және ол өнім мен қызметтің сапасы қандай болуы қажеттігін түсінуі тиіс. Мысалы, егер мұнай өндіру процесі компанияда дұрыс жолға қойылған, бірақ, көлікпен қамту «ақсап» жатса, қажетті учаскеге адамды не техниканы уақытында жеткізбесе, онда нәтижесінде мұнай өндіру процесі де зардап шегеді. Сондықтан, осал тұстарды анықтап, барлық тізбектер дұрыс жұмыс жасауы үшін оларды күшейту қажет. 
– Бизнес-үдерісті жүйелендіру жұмыстары барысында Сіздер қандай проблемаларға кезіктіңіздер?
– Көбінесе былай болады, жекелеген мамандар тек өздеріне түсінікті және таныс міндеттерді ғана орындайды. Нәтижесінде, бір процесс екі не үш құрылыммен бір мезгілде бірнеше рет қайталанады. Ал, қызметкерлерге түсінікті емес қызметтер немесе міндеттерді орындау олар маңызды болғанына қарамастан, бизнес-үдерістің иесінсіз қалады. Соның салдарынан осы міндетті орындауды талап ететін ешкім жоқ, содан бір-біріне сілтеу басталады. Мұндай жағдай мәселені қиындатып жіберіп, әр қызметкер бизнестің тек өзі жасап отырған бөлігін ғана көре алады. Жаңаны енгізудегі, тіпті қолданыстағы процесті болмашы өзгерткендегі ең қиын міндет ол – адамдарға бұл не үшін керек және неге алып келетінін түсіндіру. Бізге жаңа процестерге үйрену қиын әрі қорқынышты, себебі үйреншікті нәрселер түсінікті әрі жағымды. Ал, жаңа процестер қауіпті көрінеді, оған үйрену керек, қосымша оқу керек, яғни, бұрынғы «жағымды зонадан» шығу керек. Бұл мәселелердің бәрімен біз МТО автоматизациялау, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу процесін енгізу және көлікпен қамту үдерісінің тиімділігін арттыру жобалары аясында жолықтық. Бірақ, біз бұл жобалардың мақсатын түсіндіру бағытында үлкен жұмыстар жүргізіп жатырмыз, бір рет емес, бірнеше рет оқытудамыз. 
– Шынымен де, адамдардың өзгеруге деген дайындығы жаңа жобалар мен технологияларды енгізуде өте маңызды. Тағы бір жауапты мәселе – бизнес-үдеріс жүйесін енгізудегі департаментаралық келіспеушіліктердің болу мүмкіндігі. Жасыратыны жоқ, бір үдеріс бір департаментте аса маңызды болса, екіншісінде басымдығы төмен болуы мүмкін. Нәтижесінде, жалпы міндетті орындау ақсайды. 
– Біз, әр басшы, департамент/қызмет, компанияның бизнес бірлігі ретінде аталған жұмысқа мүдделі екендігіне сенімдіміз. Процестердің идеясы баяғыдан белгілі, ал, артықшылығы түсінікті. Бұл – басшылар үшін бизнесті басқару мен оның ашықтығын көтеру, оны жылдамдық, сапа, өзіндік құн және қауіпті азайту тұрғысынан байыпты жетілдіру. Ол өз кезегінде әр департаменттің нәтижесіне жекелеп және Компанияның нәтижесін тұтастай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жұмысты біз бірлесе отырып, әр жұмысшының талпынысы арқылы бітіре аламыз. Өйткені, аталған процестің иелері ғана (департамент/қызмет) жұмыс қалай құрылғанын және оны жақсартудың қандай жолдары барын біледі. Қорыта айтқанда, біз әріптестеріміздің қолдауына және бірлескен жемісті жұмысына сүйенеміз. 
– Дұрыс түсінген болсам,бұл жұмыс «Самұрық-Қазынаның» Трансформация Бағдарламасына сай жүргізіліп отыр ғой? 
– Иә, бизнес-үдерістерді талдау және сипаттау кезінде біз трансформация әдістемесін ұстанамыз, себебі, ол әлемдік озық тәжірибелерге негізделген. Бірақ, аталған жұмыс біздің компания басшылығының бастамашылығы болып табылады және ол біздің өзіндік бизнес міндеттерімізді шешу мен қызметіміздің тиімділігін және табыстылығын арттыру үшін жасалып отыр. 
– Аталған жұмыстың бірінші кезеңін қашан бітіруді жоспарлап отырсыздар? 
– Тиімділік үдерісін арттыру – үнемі жүргізілетін процесс, себебі, үнемі жаңа технологиялар пайда болады. Олар өндірістік/технологиялық және бизнес-үдерістерге әсер етеді. Сөйте тұра, біздің компанияның процесті моделін осы жыл бойына сипаттап шығуды көздеп отырмыз. Өйткені, алдағы уақытта компания жақсарту мен өзгертуді қажет ететін үдерістерге ғана шоғырлануы үшін. 
– Біз бизнес-үдерісті жүйелендіру туралы Компанияның басқару аппараты көлемінде көп айтамыз, бірақ негізгі өндірістік кезеңдер өндірістік құрылымдық бөлімшелер мен кеніштерде жүзеге асырылады. Олардың жұмысы қалай өзгереді? 
– Өзіңіз білетіндей, 2016 жылы Уаз кен орнында («Қайнармұнайгаз» МГӨБ) цифрлы кен орнын енгізу пилотты жобасы жүзеге асырылды. Біздің әріптестеріміздің бәрі де ол туралы хабардар деп ойлаймын. Аталған жоба Мемлекет басшысының қатысуымен өткен республикалық мәжілісте ұсынылды және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. 2017 жылдан бастап компанияның басқа кен орындарында цифрлы кен орнын тарату басталды. Жаңа цифрлы технологияны енгізу, кен орнын игеруді басқару мен мониторинг үдерістеріне сөзсіз әсер етеді. Жаңа операциялар басталады, сәйкесінше, жұмыскерлердің қызметтік міндеттері де өзгереді. Ал біздің жұмыскерлерімізді жаңа міндеттеріне оқыту үшін процесті «сол күйіндегіден», яғни, қазір қалай орындалып жатыр, өзгергеннен кейін «қалай болатындығына» дейін сипаттау керек. 
Өткен жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өтті. Көрмеге қойылған технологиялар мені қарапайым адам ретінде қуантты, оған қоса олар адам өмірін жеңіл және қызғылықты қылады. Алайда, мұнай-газ компаниясының қызметкері ретінде бұл технологиялар біздің компанияның негізі өнімдері: мұнай мен газды ығыстырып шығарады деген ойға қалдырды. Әлем біздің қалауымызға қарамастан, жаңа технологиялар мен энергия көздері бағытында өзгеріп, одан әрі де дами береді. Яғни, «Ембімұнайгазбен» бірге немесе одан тыс па, әйтеуір, әлем қарыштап алға озады, соған сәйкес біз де өз таңдауымызды жасауымыз қажет! Өзіміз бен ұрпақтарымыз үшін Компанияның тиімділігі мен артықшылығын арттырып, өзгереміз бе, әлде бәрін сол күйінде қалдырып, бір кереметке үміт етеміз бе? Біз уақытпен бірге өзгеріп отыруды таңдаймыз!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх