22 наурыз

22 наурыз
20.03.2018
300
Қызметкерлер

22 наурыз

Наурыз – құт-береке әкелсін!

Қазақстанның батысында, наурыздың 14-нен «Көрісу» деп аталатын тамаша дәстүр басталады. Ембілік мұнайшылар мұны жылда арнайы шара ретінде өткізеді, ол Ұлыстың ұлы күніне жалғасады. Наурыз мерекесі – бұл өзі әлімсақтан бері адамзаттың табиғатқа бейімделуіне байланысты туған тіршілік мейрамы. Наурызда халық жиналады, үлкен той жасайды, бір-бірінің амандығын сұраса келген ел көрісіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп тілек айтады. Бұл күнді халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп, айрықша қуанышпен, үмітпен күткен. Ең бастысы елімізде тыныштық болып, мерейі аспандай берсін! Біз өз жұмысымызға ризамыз, өндірістің дамуына үлес қосып келе жатсақ – ол бізге абырой. Құрметті мұнайшылар, Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт-береке әкелсін. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілейміз!

Нәсіп Тоқтабаева, «ӨТҚжЖК» басқармасының есепшісі
Жұмажан Сәрсенов, жүк қармалаушы
 Виссарион  Осавалюк, жүргізуші

Берекелі жыл болсын!

Наурыз – күн мен түн теңесер, жер ана бусанар, тіршілік жаңарар қасиетті мейрам. Адамзат өзін табиғаттың төл перзенті деп санайды. Біздерге жарық күн, кең дала, асқар тау, жасыл орман, айдын көл, тіршілік атаулыны сыйлағаны үшін де оның алдында қарыздармыз. Бұл күн тіршіліктің, дәстүрлі құндылықтар аясында бірігіп, игілікті жаңа бастауларға ниет білдірудің нышаны. Біз де өз перзентімізді аялаймыз, немер-жиен сүйіп отырмыз, солардың бақытын көруге жазсын. Ұзақ жылғы еңбегімізде компания игілігін көріп келеміз. Қадірменді мұнайшылар, дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті, отбасында бақ-береке, ең бастысы елде бірлік-береке тасып, ұрпағымыз аман болсын! 

Қуанышкерей Құспанов, №3 Жаңаталап цехының
қабат қысымын сақтау шебері,
Рая Есенгенжина, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ
С. Балғымбаев кен орны басқару пультінің операторы

Еліміз өркендей берсін

Байшонас алғаш мұнай өндірілген кеніштердің бірі. Мен де осында дүниеге келдім. Міне, 40 жылдың үстінде «Доссормұнайгазға» қарасты Қарсақ кен алаңында мұнай өндіру операторы болып жұмыс жасап келемін. Өзіме бәрі ұнайды. Наурызды да тойлаймыз. Бұл күнді халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп, айрықша қуанышпен, үмітпен күткен. Осы дәстүрді әр отбасы өзінің шаңырағында тойлап, ұрпағының жадына сіңіре бергені жөн. Наурыз көже ішіліп, дастархан басында жақсы тілектер айтылады. Яғни, жастарға Наурыз көже берілген дастархан басында айтылған бата-тілектер қабыл болады деген ұғым бар. Мереке құтты болсын, елімізде тыныштық болып, мерейі аспандай берсін!

Нұрлан Ерғалиев, мұнай өндіру операторы 

Наурыз мерекесін асыға күтеміз
Ата-анам Ембі кенішінде еңбек еткен ардагер мұнайшылар. Солардың өткен жолын біз ұрпағы жалғастырып келеміз. Яғни, мұнайшылар династиясының өкіліміз деп санаймыз. Бала күнімнен өнерге, спортқа, сөз өнеріне жақын болып өстім. Облыстық, аудандық және Компанияның мәдени шараларына қатысып, 2004 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша «Жігіт сұлтанында» бас жүлдені иелендім. Кір тасын көтеру, арқан тарту сынды сайыстарда да жетістіктерге жетіп жүрмін. Отбасымда 4 балам, келінім, немерем бар. Үлкен ұлым Наурызбек мұнайшы мамандығына оқуда, қызым Алтынгүл медбике, Алтынбек студент, Мейрамгүл мектепте. Зайыбым Айнаш тәрбиеші. Отбасымызбен Наурыз мерекесін үнемі асыға күтіп, атап өтеміз. Ұлттық мерекемізді елеусіз қалдыра алмаймыз, Наурыз көже дайындап, бауырсақ пісіріп, ұлттық киіммен шығып, ән айтып, өнер көрсетеміз. Осының бәрі ата-баба салтын жалғастыру деп білеміз. Мереке құтты болсын, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!

Әскер Нұрманов,
«Доссормұнайгаз» МГӨБ, Шығыс Мақат кен орны 
газ өндіру цехының операторы 

Қуанышта жүреміз

Бұл мереке ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүріміз, ұмытылмай ары қарай жылдан жылға жалғасып қызықты да мағыналы өтуде. Осы мерекені жылда мұнайшылардың қарашаңырағы «Ембімұнайгаз» ұжымы, жылыойлық мұнайшылар аса құрметпен, ерекше көңіл бөліп қызықты өткізеді. Бұл күні бәріміз де ұлттық киім киіп, кеудемізді мен – қазақпын деген ой ұрғылап, бір бөлек қуанышта жүреміз. Наурыз мерекесі – көрісу мерекесі. Көрісу елімізде осы батыста ғана бөлек тойланады. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

Зариф Орынғалиев, арнайы техника жүргізушісі, 
Рая Сапарова, әлеуметтік қамту бөлімінің маманы, 
Галина Даргулова, Прорва арнайы техника керуені диспетчері,
«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ

Ұлттық дәстүрді ұлықтайық

Мен мұнай саласында 10 жылдың үстінде жасап келемін. Әкем Тілек те мұнайшы болып еңбек етті. Осы жылдарда Наурыз мерекесін үнемі тойлап келеміз. Наурыз ұлттық дәстүріміз ғой. Оны жас ұрпақтың тәліміне және ұлттың құндылығына айналдыру – біздің баршамыздың парызымыз. Осы тұрғыдан алғанда, азаматым Еркін Қабиев қазақтың ат спортын дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан атбегі. Баптаған жылқысының аты – Бала би. Өңірімізде өтетін ат бәйгелерінде жүлделі орындарды иемденіп жүр. Ұлдарымыз Асқар мен Елнұр да әкесінің кәсібіне үйір, жылқыны жақсы көреді, суарады, бағады дегендей. Бұл да ұлттық тәрбие деп білемін. Ал қызым Ақгүл ҚазМУ-де журналистика факультетінде студент. Балаларымызды ұлтымыздың салт-дәстүрімен нәрлендіріп өсіруге тырысудамыз. Наурызды бүгінгі әр отбасы өзінің шаңырағында тойлап, ұрпағының жадына сіңіріп келе жатқаны қуантады. Келіп тұрған жақсылықты лайықты қарсы алу, осыған мәз-мейрам әзірленудің өзі ғанибет емес пе? Ендеше, ұлыс оң, ақ мол болсын, қадірлі мұнайшы әріптестер!

Эльмира Мырзағали,
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ ұңғымаларды зерттеу жұмыстары 
цехының операторы 

Дастархандарыңызға молшылық тілеймін!

Мен асханада Біздің мекеме ашылғалы бері жұмыс жасап келемін. Қарамағымда 7 қыз-келіншек бар. Асханадан күніне 300-ге жуық адам тамақтануына қызмет етіп келеміз. Өзімнің 4 балам бар. Оларды жұмыста жүріп сағынамын. Бізде бәрі әйел адамдар ғой, жұмысымызды жақсы көреміз. Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт-береке әкелсін. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым-қатынастың нығаюына, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр. Наурыз мейрамы құтты болсын! Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін!

Тоты Қалдығожина,
«Қайнармұнайгаз» басқармасы асханасының Бас аспазы, 
«KMG EP-Catering» ЖШС

Еңбек жемісін берсін

Наурыз – баршамыз үшін қуанышты күн, ұлан-асыр той кезі. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі – Нау­рыз мейрамы құтты болсын! Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым-қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр. Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурызбен, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақ мерекесімен құттықтаймыз. Біз осы мекемеде абыройлы еңбек етіп келеміз, немере-жиендеріміз өсіп келеді, солардың қызығын көруге жазсын. Құрметті барша мұнайшылар, дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болсын.

Ақкенже Тушкенова, сым ораушы,
Райхан Ізмағамбетова, тазалық қызметкері 
«Ембімұнайэнерго» басқармасы

Ғұмырлы болыңдар, айналайындарым!

22 наурыз мерекесін бала күнімізден жақсы көретінбіз. Адамдардан ерекше ықылас-ниет төгілетін шақ қой. Соғыс жылдарында да бұл мейрам ұмыт қалмады. Біз бала болсақ та, есімізде сол кездер. Елдің еңсесін көтеруге жәрдемдесті. Қиындықты сезінбеген жан болмаған шығар. Менің де әкем 1942 жылы соғысқа аттанып, содан хабарсыз кетіп, оралмады, анам 4 жасымда суға кетіп қайтты. Әкемді тек 70 жылдан аса уақыт өткенде Ленинград қаласының Пискарев бауырластар зиратынан тауып, перзенттік борышымды өтеп, қабіріне туған жерден топырақ салдым. Немере аға-жеңгем қолында өстім. 1956 жылы Абдол атты азаматпен шаңырақ құрып, 8 баланы тәрбиелеп өсірдім. Прорвада мұнай өндіру операторы болып еңбек еткен едім. Қазір зейнеткермін, компания бізге жақсы қарасады. 2010 жылы қажылыққа барып қайттым. Бүгінде 28 немере, 15 шөбере сүйіп отырған әжемін. Алланың бергеніне шүкіршілік. Айналайын, ізбасар әріптестерім! Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Бәріңе де бақыт тілеймін, ұрпақ қызығын сүйгізуді жазсын. Мерекелеріңмен! 

Орынша Алтыбаева, 
еңбек ардагері, зейнеткер.


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх