«Argymak TransService» ЖШС «Азаматтың жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра»

«Argymak TransService» ЖШС  «Азаматтың жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра»
20.03.2018
277
Қызметкерлер

«Argymak TransService» ЖШС «Азаматтың жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра»

1986 жылдың желтоқсанында Берекет Қаражанның облыстық аграрлық-өндірістік басқармада жұмыс істеп жүрген кезі болатын. «Союзтермнефть» мекемесінің технологиялық көлік басқармасы құрылып жатыр деген жаңалықты естіп, бағын сынамақ болды. Сәті түсіп жоспарлау және еңбек бөлімінің бастығы болып жұмысқа орналасты. Сол кезде Берекет Қаражан саналы ғұмырының 30 жылын бір автокөлік мекемесіне арнайтынын ойлады ма екен?! 
Әрине, екі автотізбектен құралған басқарма жұмысының өзіндік қиындықтары көп болды. Автокөлік түрлеріне қарап бір сағаттың тарифын шығару, оны жоспарлау, ол жоспарды Краснодар қаласындағы «Союзтермнефть» ғылыми-өндірістік бірлестігінде бекіту, бөлімге осындай мекемеде жұмыс жасаған тәжірибесі бар қызметкерлер қабылдау сияқты сан қилы жұмыстарды ұйымдастыруына тура келді. 
1988 жылы бөлімді басқара жүріп, еңбек ұжымы кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1992 жылдың соңында «Каражанбастермнефть» МГӨБ басқармасында қаладан гараж және көлік бөлімі ашылып, соған басшы болып ауысқан кезінде кен орнында жұмыс жасайтын барлық мекемелердің автокөліктерін тексеру, жоспарлы түрде мұнайшылардың пайдаланатын техникаларын қадағалау, қажетті қосымша техникаларды реттеу, мұнайшыларды вахтаға және кері тасымалдайтын жаңа автобустардың жұмысын ұйымдастыру Қарекең басқаратын бөлімге жүктеліп, осы жұмыстарды абыроймен атқарып шықты. 
1996 жылы сол кездегі басқарма басшысы орнынан босатылып, «Қаражанбасмұнай» ААҚ Президенті Жұмағұлов Н. Қарекеңнің мекемеде жауапты қызмет атқарып жүргенін ескеріп, басқарма басшылығына тағайындайды. Дәл осы кезең ең бір қиын шақ еді: бүкіл Қазақстанда айлық ақша төленбей, барлық құрал-жабдықтар, автобөлшектер, жаңа керекті техникалар алу бартермен ғана іске асатын. Техникалардың көбі тұралап қалған, ал бартермен, яғни дизель және бензин отынымен есеп айырысып, оған құрал-жабдықтар, дөңгелектер, аккумуляторлар, техникалар алғанда, ақшамен есеп айырысқаннан екі-үш есе қымбатқа шығатын. Жұмысшылар жалақысын 6-8 ай бойы ала алмай жатқанда, ақшамен саудаласу деген болмады. Осы жылдары мекемелердің көбі банкротқа ұшырады. Сол бір кезде мекеменің болашағын ойлаған Қарекең жұмысты ұйымдастыруды Артелбек Жакулаев, Кеңес Жоламанов ағалардан үйренгеніне қарай, білікті, білімді, жұмысқа жаны ашитын, ұйымдастырушылық қабілеті бар азаматтарды мекемеге қызметке қабылдады. Осындай үміт артылған жігіттермен жұмысты ұйымдастырып, бартермен алынатын құрал-жабдықтарды, дөңгелектерді, аккумуляторларды, техникаларды орнына қойып, жұмысты жеткілікті техникамен қамтамасыз ете білу де сол бір тұстағы ауқымды жұмыстардың қатарына жататыны сөзсіз. 1997 жылдың соңына таман Қаражанбас кен орнын шетелдік инвесторлар сатып алып, 1998 жылы көлік басқармасы технологиялық көлік цехы болып өзгеріп, «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамына қосылды. Инвесторлар жұмыс бастағанда, техникадан хабары жоқ аудармашылармен жұмыс жасау ең қиыны болды. Ол кезде ағылшын тілін техникалық деңгейде білетін жергілікті мамандар жоқтың қасы еді. Кен орнына келген шетелдіктердің ішінде білімді әрі техниканы түсіне білетін мамандар да, арнаулы техниканы меңгерген қарапайым жұмысшылар да болды. Олар да соңынан басшылық қызметтер атқаруға тартылды. Сол шетелден келген мамандар жергілікті жұмыскерлерге жұмысты жаңаша жүргізу әдістерін үйретті. Басқаруға ыңғайлы, сапалы, бізде жоқ техникалар, біздің адамдар көрмеген кілт-қашақтар мен құрал-жабдықтарды әкеліп, жаңа қожайындар инвестиция салып, үлкен жұмыстар атқарды. Бұл кезде адам саны цехта тоғыз жүзден асты. 2004 жылдың қараша айында «Argymak TransService» ЖШС өз алдына бөлек мекеме болып құрылды. Жұмыс көлемі үлкейіп, қосымша жұмыс орындары ашылып, көптеген шетелдік техникалар алынды. Жалақы уақытында беріле бастады. Жаңа техника, құрал-жабдықтар сатып алынып, жергілікті мамандардың біліктілігі мен жауапкершілігі артты. 


Міне, мекеменің осындай қиын күндерінен бүгінгі жақсы кезеңіне дейінгі тыныс-тіршілігінің басы-қасында жүрген Қаражан аға жақында ғана зейнеткерлікке шықты. 
Серіктестік басшысы Шаттық Кульшиков: «Қарекең сонау қиын кезде Қаражанбасмұнай технологиялық көлік басқармасын басқарды. Басшы ретінде мекеменің осындай деңгейге жетуіне өзіндік мол үлесін қосты. Соңынан ұзақ жылдар еңбек қорғау және қауіпсіздік бөлімін басқарып келді. Білікті маман ретінде осы жылдар бойына жұмысшылардан еңбек тәртібін бұзбауды, өндірістік талаптар мен ережеге сай жұмыс жасауды талап етуден шаршаған емес. Себебі еңбек қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтау – жұмыста жүріп жарақат алмаудың, адам өмірін сақтаудың амалы болып табылады» деп ағаның қызметін жоғары бағалады. «Азаматтың жұмсаған күшін сұрама, бітірген ісін сұра» дейді халық даналығы. Ендеше, Қаражан аға, ел игілігі үшін атқарған берекелі қызметіңізге ынтымағы жарасқан «Argymak TransService» ЖШС ұжымы атынан алғысымызды айта отырып, ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісін көріңіз, зейнеткерлікке шығуыңыз құтты болсын дейміз! 

Зейнеп Маханбет, 
«Argymak TransService» ЖШС
Әлеуметтік-әкімшілік жұмыс бойынша аға маманы 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх