«Самұрық-Қазына» АҚ жас мамандарға тың мүмкіндік жасайды

«Самұрық-Қазына» АҚ  жас мамандарға тың мүмкіндік жасайды
05.04.2018
261
Жастар

«Самұрық-Қазына» АҚ жас мамандарға тың мүмкіндік жасайды

«Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы «Жас өркен» тағылымдамалық бағдарламасына өтінімдер қабылдау мерзімін ұзарту жайлы шешім қабылдады. Осылайша, биылғы жылдың 15 сәуіріне дейін 2016, 2017 және 2018 жылдары жергілікті және шетелдік жоғары оқу орындарын бітірген барлық қазақстандықтар құжат тапсыра алады. Байқау талаптарынан сүрінбей өткен ынталы жастар Қор компаниялары тобы бойынша 20 ай көлемінде төленетін еңбек өтілін жинау мен көшбасшылық қасиеттерін жетілдірудің бірегей мүмкіндігін иеленеді.


«Жас өркен» бағдарламасына қатысушы жастармен кездесу барысында «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз директоры сэр Ричард Эванс атап өткендей, жас мамандарға іс жүзінде шынайы тәжірибе жинаудың тамаша мүмкіндігі туып отыр.
«Әлемдік компаниялардың табысының сыры сонда, қаржылық жағдайы мен озық құрал-жабдығында емес, ең алдымен адами құндылыққа ерекше назар аударатынында. Қазақстанда да кадрларға инвестиция құюда аянып қалмай, оларды үнемі дамытып отырғанымыз жөн. Біздің бағдарламада бағын сынаушы оқу орындары түлектері де осы үдеріске қызу атсалысуы тиіс. Әрине, олар бірден басшы болып кетпейтін шығар, бірақ мол тәжірибе жинайтындары анық. Алдағы уақытта жұмыс берушілер кәсіби қызметкерлер іздеген кезде, «Жас өркен» бағдарламасында өрісін ұзартқан үздік мамандар көмекке келеді», – деп нұсқады сэр Ричард Эванс.


«Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінің директоры Гүлмира Райысова тағылымдама белестерін толық бағындырған «Жас өркен» бағдарламасына қатысушылар жұмысқа орналастырылатынын айтты.
«Биыл бағдарламаның жаңа толқынына өтінім қабылдау басталатынын жарияладық. Осы орайда, Қор басшылығы, үміткерлерден өтінім қабылдау мерзімін 2018 жылдың 15 сәуіріне дейін ұзарту жайлы шешім қабылдады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы бағдарламаға қатыса алатын жоғары оқу орындары түлектерінің ауқымы 2016 жылдан бастап 3 жылға кеңейтілді. Жобаның тағы бір ерекшелігі, тағылымдамадан өтушілердің барлығына тәлімгерлер тағайындалған. Бәріне бірдей әрі әділ жағдай жасалған. Үміткер тұлға Қазақстан азаматы, ЖОО түлегі болса жеткілікті. Тіл білмеу жағы шектеу емес. Қажетті дағдыларды үйретуге болады. Байқауға тіркелу мен іріктеу онлайн жүреді. Бағдарлама қатысушыларының бойына Қордың алып ұжымындағы құндылықтарды сіңіргіміз келеді. Астана мен Алматыдан бөлек, өңірлерде тағылымдамадан өтушілерге жұмыс ақысы, жол және тұру шығындары төленеді. Компаниялардың басым бөлігі қазірдің өзінде жас мамандарды жұмысқа алуға әзір, бірақ біз олардың бағдарлама кезеңдерін түгел еңсеріп шығуын көздеп отырмыз», – деді Гүлмира Райысова.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх