Кітап – алтын қазына

Кітап – алтын қазына
05.04.2018
479
Әлеумет

Кітап – алтын қазына

«Кітап-ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» – дейді Әлішер Науаи. Расында да, тірлікте мәңгі жойылмайтындардың бірі – кітап, оны құртып жіберетіндей күш жоқ. Кітап – адам өмірінің таусылмас қазынасы мен дүниенің айнасы, ғылым-білімнің көзі, өнер мен тәрбиенің құралы, өмір күресінің ең мықты қаруы болатын ақылшы досың. 
Хакім Абайдың өзі «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» демейтін бе еді?! «Оқымасаң ой тоқырайды» деген нақыл кітап оқымағанның ойы таяз, санасы төмен, өмірі қараңғы болатынын дәлелдейді. 
Сонымен, алтын қазынаға теңеп отырған кітаптың адам баласына тигізетін қандай пайдасы бар деген сұрақ төңірегінде жауап іздеп көрейік. Адам кітап оқудан ешқашан жалықпайды. Кітап оқыған адамның миы қозғалысқа түседі. Адам кітапты қаншалықты көп оқыса, соншалықты шығармашылық ойлау қабілеті артады. Яғни, оқырманның жаңаша ойлай алатын, тың дүниелерді өз бетінше жасай алатын шығармашылық өрісі ашылады. Жаттанды ойлардан, сылдыр сөздерден, жасанды шаб­лондардан өз еркімен арылып, дүниенің сырына қанығып, ғаламды кеңінен шарлауға мүмкіндік алады. Кітап адамның жүрек көзін ашып, сол көзбен мына әлемге қарауға үйретеді.
Көптеген ата-аналар балаларын киіндіріп, ішіндіріп, күнделікті қажетін өтесек болды деп түсінеді. Баланы кітапқа кішкентайынан баулу керек. Кітап – баланың ой-өрісін дамыта отырып, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды. Үнемі кітап оқитын баланың сөздік қоры көбейіп, ойлау қабілеті артып, өз пікірін еркін жеткізе алады. Баланың логикалық ойлау қабілеті жетіледі. Бүгінгі күні мамандар кітап оқудың тән саулығына да керемет пайдалы екендігін дәлелдеп отыр. Рухани қызығушылығы жоқ адам-бақытсыз адам. Бақшаға бағбан қалай керек болса, адамға кітап та сондай керек. Психолог-мамандар кітап оқу – стресті азайтатын ең тиімді әдіс екендігін айтады. Кітап-жүйкені тыныштандырады.
Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» – деп жазыпты. «Қазір кітаптың заманы емес» деген кейбір замандастарымның пікіріне түбегейлі қарсымын. Біз кітап ұстаған халықпыз. Көркем әдебиет-пендені қателіктерден сақтандырып, мейірімге жетелейді. Негізгі күш ақшада, дүниеде емес, білімде, кітапта екенін түсінетін уақыт жетті.
Мен көркем әдебиет оқымай кетсем, «тынысым» тарыла бастайды. Мен үшін, кітапсыз өткен бір күн-орны толмай бос кеткен күн!

Сарша Сүгірәлі,
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх