«Education Day» «Қазгермұнай» компаниясында өтті

«Education Day» «Қазгермұнай» компаниясында өтті
28.04.2018
297
Қызметкерлер

«Education Day» «Қазгермұнай» компаниясында өтті

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Ішкі тре­нерлері ITS жобасы аясында Қызылорда қаласында «Қазгермұнай» БК» ЖШС қызметкерлеріне арналған тренинг-шеберлік кластарын өткізді. Шараның ашылуында «Қазгермұнай»БК»ЖШС Бас директорының адам ресурстарын басқару жөніндегі орынбасары Ботагөз Әшірбекова қатысушыларға және ҚМГ БӨ ішкі тренерлеріне арналған игі тілегін айтып, шараның сәтті өтуіне жылы лебізін білдірді. «Қазгермұнай»БК» компаниясының 25 жылдық белесінде өтіп отырған шараның кәсіпорын қызметкерлері үшін маңызы зор екендігі айрықша аталды. 


«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаментінің директоры Эльмира Каримова «Education Day» шарасына қатысушыларға сәттілік тілеп, ITS жобасы туралы айтып берді. «Бүгінгі күні біз Өздеріңізбен бірге білім мейрамын өткізу мақсатымен келіп отырмыз. Жаңа білім алып, жаңа таныстықтар, қызықты әсерлерге толы күн болады. 


«Education Day» шарасы осымен екінші рет өтуде. Алғашқы рет Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлеріне арнап өткіздік. ITS – бұл жаңа жоба. Ол 2016 жылдың соңында іске қосылды. ITS – бұл өзін өзі дамытқысы келетін және кәсіби білімі мен жинаған тәжірибесін бөлісуге дайын әріптестерімізге арналған жоба. Біз алдымен орталық аппарат деңгейінде жобаны іске асырамыз. Қызықты әрі сәтті өткен жобаны сосын еншілес кәсіпорындарымыздың қатысуы үшін ұсынамыз. ITS жобасына қатысуға тілек білдіргендер сенбі, жексенбі демалыс күндері, жұмыстан тыс уақыттарының барлығын тренинг-семинарларға арнады. Тапсырмалар алып, емтихандар тапсырды. Жобаға тілек білдіргендердің барлығы қабылданды. Басында 38 қатысушы болды. Қазіргі уақытта 24 адам қалды. Бұл жоба көп күш, энергияны, өз уақытыңды қажет етеді. Кейбір әріптестеріміз еншілес кәсіпорындарға қызметке ауысты. Сондықтан жобаға соңына дейін қатыса алмады. ITS-ке HR тарапынан басшылық етсем де, өзім де осы жобаға қатысып, әріптестеріммен бірге оқып, сынақтар тапсырдым. Әлі де білімді толықтырудамын. Жоба қатысушылары ақ, көк, қара, триколор сияқты түрлі деңгейден өтуі қажет. Өткізген тренингтері бойынша қатысушылармен және жобаның сыртқы үйлестірушісі, бизнес-тренер Ильдар Валиуллов­пен супервизия жүргізіледі. Бүгінгі формат Сіздердің көңілдеріңізден шықса, біз алдағы уақытта осындай жобаны өткізуге дайынбыз. ITS жобасы танымал болуы үшін өзіне тән стилін жасадық, корпоративтік түс берілді. Біз өз әріптестеріміздің бір-біріне кәсіпорындарға барып осындай білім шараларын, семинар, тренинг, шеберлік кластарын өткізгенін қалаймыз. Жаңа білім, тәжірибе ешқашан артық болмайды. ҚМГ БӨ компаниялар тобында 26 мың адам еңбек етеді. Бұл тренерлер үшін үлкен алаң деуге болады. ЕМГ, ӨМГ, ҚГМ, ҚБМ немесе сервистік компаниялардың қайсысында еңбек етсеңіз де, егер Сіздер кәсіби тәжірибе, білімдеріңізбен бөлісуге ниетті болсаңыздар ҚМГ БӨ аясында аудиторияны жинап қажетті жағдайды жасауға дайынбыз. Сіздерді осы жобаға шақырамыз» деді ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаментінің директоры Эльмира Каримова.


Өз кезегінде бизнес-тренер Ильдар Валиуллов ITS жобасының ерекшеліктеріне тоқталды. «Тренерлік шеберлік дағдыларына үйренген әріптестеріңіз сосын тренер ретінде Сіздерді оқытады. Тренингтерден соң супервизия өткіздік. Ол да тренерлердің өсуіне көмектеседі. Тренер қызметкерлерді оқытады. Сондықтан ол бағдарламалар дайындау әдістемесін, сондай-ақ күрделі қатысушымен жұмыс істеуді білуі керек. Ішкі тренерлер бұл бағыттағы, сонымен бірге камера алдында жұмыс істеу, басқа да оқыту шараларынан өтті. Тренер бұл жан жақты адам. Сондықтан олар үлкен дайындық жолынан өтті. Бұл іспен кешеден бастап айналысқан жоқ. Олар Сіздердің әріптестеріңіз және тренер. Ішкі тренер қосымша функция. Барлығыңызға сәттілік тілеймін» деді Ильдар Валиуллов.


Шарада ҚМГ БӨ ішкі тренері Алмас Сәрсенаев барлық қатысушыларға арнап «Өзіңді қалай ынталандыруға болады?» тақырыбында шеберлік класын өткізді. Қатысушылар жаттығу ойындарына да белсенді қатысып, өзара қызу жарысты. 


«Education Day» (білім күні) шарасы аясында ҚМГ БӨ 8 ішкі тренері 8 тақырыпта, атап айтқанда: Алтынай Қонысбаева «Қаржыгерден лайфхактар», Жігер Жақашев «Өлшеу құралдары Цифрлық өндірістің ажырамас бөлігі», Алмас Сәрсенаев «Сатып алу кампаниясы, қателіктермен жұмыс», Айдын Ақан «Сатып алуды білсем, Қырымда тұрар едім», Жұмагүл Темірғали «Әлеуметтік желіде әдеп сақтаңыз», Ернұр Сәбікенұлы «Өзіңнен баста», Дәурен Алшурин «Командада жұмыс істеу», Әлия Әлжігітова «Корпоративтік басқарудағы жобалық тәсілдің элементтері» тақырыптарында тренинг-шеберлік кластарын өткізді. «Қазгермұнай»БК»ЖШС қызметкерлеріне арналған «Education Day» шарасы бизнес-тренер Ильдар Валиулловтың «Жеке тиімділіктің психологиялық аспектілері» тақырыбындағы тренингімен тәмамдалды. «Қазгермұнай» БК» ЖШС Бас директорының адам ресурстарын басқару жөніндегі орынбасары Ботагөз Әшірбекова аталған Компания басшылығының және жеке өз атынан ҚМГ БӨ ішкі тренерлерін ұйымдастырып бастап келген ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаментінің директоры Эльмира Каримоваға және барлық ITS ішкі тренерлеріне үлкен алғысын білдірді. «Қазгермұнай»БК»ЖШС бас директоры Жэнь Лисинь атынан Алғыс хат, қазақ қол өнер шеберлері қолынан шыққан естелік сувенирлерді табыстады. «Қазгермұнай» БК ЖШС қызметкерлері ҚМГ БӨ ішкі тренерлерін, өз әріптестерін өте жылы көңіл күймен қарсы алып, шараға қуанышпен қатысқанын атап айтқан жөн. 

ПІКІРЛЕР:

Қуат Нұрғожаев, 
«Қазгермұнай»БК»ЖШС:

– Мен Қазынашылық бөлім бастығы болып жұмыс істеймін. Қызылорда қаласында «ҚМГ» БӨ компаниясы ішкі тренерлері өткізген «Education Day» шарасы қызықты және пайдалы болды. Маған Алтынай Қонысбаева өткізген «Қаржыгерден лайфхактар» тақырыбындағы тренинг өте ұнады. Шара барысында өзара пікір алмастық. Осындай бағдарламаларда адам ашылады, іштегі ойларын айтады. Әрине, оның барлығы тренерге де байланысты. Аудиториямен жақсы байланыс болып жатса, онда қатысушылар да белсенді болады. Менің ойымша келген тренерлер аудитория көңілінен шықты. Көп мәселе талқыланды. Ұйымдастырушыларға рахмет. 

Салтанат Байділдаева,
«Қазгермұнай»БК»ЖШС: 

– Қаржы департаментінде, бухгалтерия бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл семинар бізге өте пайдалы болды деп ойлаймын. Мен Әлия Әлжігітованың «Корпоративтік басқарудағы жобалық тәсілдің элементтері» шеберлік класына қатыстым. Корпоративтік басқару түсінігі маған көп мағлұмат берді. Корпоративтік басқару саласы өз шағын қызмет аумағында жұмыс істеп отырған мамандарға атқарып отырған жұмыстарының маңыздылығын түсінуге мүмкіндік береді. 

Алтынхан Искакова,
«Қазгермұнай»БК»ЖШС:

– Әлеуметтік саясат департаментінде жетекші маман болып істеймін.Алтынай Қонысбаеваның семинарына қатыстым, өте маңызды болды. Қазіргі күні кездесетін өзекті тақырыптар, әрбір отбасында болатын жағдайлар қозғалды. Әрбір қатысушы өзіне ой тұжырымдады деп ойлаймын. Ал, екінші қатысқаным, Ернұр Сәбікенұлының «Өзіңнен баста» тренингі негізінен ер адамдарға бағытталған. Дегенмен, әйелдерге де өте пайдалы болды деп ойлаймын. Маған өте ұнады. Басқаларына да қатысқым келді. Бірақ уақыт жетпеді. Мұндай семинарлар керек. Адамдарды көптеп қатыстыру керек деп ойлаймын. 

Айбек Алжиков, 
«Қазгермұнай»БК»ЖШС:

– Мен Ақсай кен орнында мұнай газ өндіру участогында оператор болып істеймін. Жұмагүл Темірғалидің «Әлеуметтік желіде әдеп сақтаңыз» шеберлік класы, презентациясы ұнады. Өзіме көптеген жаңалықтар аштым. Заңдар қалай жұмыс істейді. Әлеуметтік желіде адам өзін өзі қалай ұстауы керек. Пікірлер, жазбалар жазудағы жауапкершіліктер. Елімізде қандай заңдар қабылданғанын, соңғы өзгерістер бәрін көріп, үйрендім. Өзіме біраз нәрсе алдым. Өз өмірімде де әлеуметтік желіне қолданғанда осы тренингте алған ақпараттарды ескеремін. Есіме сақтап пайдаланамын. Маған өте пайдалы болды. «Education Day» өте қажет шара. Қаржы жағынан да сабақ оқыдық. Оның да пайдасы зор болды. Адам өміріндегі қаржысын қалай бақылау керек. Қалай жұмсау керек. Пайдасы тиіп жатыр. Ұйымдастырушыларға көптен көп рахмет. ҚМГ БӨ мекемесіне алғыс айтқымыз келеді. 

Алжан Жармұхамедов,
«Қазгермұнай»БК»ЖШС:

– Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің жетекші маманы болып жұмыс істеймін. Тренингтердің барлығы жоғары деңгейде өтті. Қызықты әрі пайдалы болды. Ішіміз пысатындай уақыт болмады. Тренингтер жаңа форматта өтті. Біз өте ризамыз. Тек бір айтарым, осындай семинар, тренингтер мейлінше көп болса екен. Бір емес үш күн қатарынан өтіп жатса тіптен жақсы болар еді. Өте тамаша, бәрі ұнады. Жан-жақты кәсіби тұрғыдан өсуімізге пайдасы зор. Сондай-ақ, алға ұмтылуға серпін береді. Біліміңді толықтыру қашан да тек пайдасын тигізеді. 

Болат Адилов, 
«Қазгермұнай» БК»ЖШС:

– Тренингтер өте керемет өтті. Барлық тақырыптар өзекті және өте ұнады. Өзім қатысқан Ернұр Сәбікенұлының «Өзіңнен баста» тренингі мені ынталандырды. Жақында өзім де спортпен қызығып шұғылдана бастаған едім. Сондықтан мені одан әрі алға тартты. Осындай тренингтерді жиі өткізіп тұрса жақсы болар еді. Өзім әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінде жұмыс істеймін. Барлық тренинг пайдалы болды. Ұйымдастырушыларға рахмет. 

Сара Оразбақова, 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС

– Мен күрделі құрылыс департаментінде жұмыс істеймін. Бүгін өзгеше күн болды. «Education Day» шарасы үлкен әсер қалдырды. Әрбір адам өзінің алдағы өмірінде ой-мақсатын іске асырып одан әрі де дамуды қалайды. Күндегісін қайталанатын істен жалығатын сәттер болады. Тренер болу туралы көптен ойымда жүрген. Өзімді тренер ретінде сынап көргім келеді. Адамды тұлға ретінде зерттеу, өзіңді дамыту, психологиялық тренингтер ұнайды. Қаржымен байланысты тренингтер де қызықтырады. ҚМГ БӨ қызметкерлерінің тренер ретінде келіп оқыту жүргізгені маған ой салды. Қандай да салада оқыту жүргізу үшін алдымен өзіңе оқу керек, сосын барып мақсатқа жетуді іске асырасың. Шараны ұйымдастырушыларға рахметімді айтамын. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх