Мұнайшы ардагер – 95 жаста!

Мұнайшы ардагер – 95 жаста!
28.04.2018
276
Қызметкерлер

Мұнайшы ардагер – 95 жаста!

Ұлы Отан соғысының ардагері, ардагер мұнайшы Құрманбай Досымбетұлы ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында қолына қару алып, елді, жерді азат ету жолында алғаш майданға аттанғандардың бірі. Талғайраң орта мектебінің 7 класын бітірген соң тракторшылар курсында оқып жүрген ол 19 жасында соғысқа аттанып, Сталинград үшін шайқаста пулеметші болып, бірнеше рет жараланады. 1943 жылы желтоқсанда тағы да жарақат алып, снаряд жарқыншағы тізеден бастап жілігінің ортасын жарып өтеді. Туған жерге ІІ топ мүгедегі болып балдақпен оралады.Кеудесіндегі «КСРО-ның «Құрмет белгісі», «1-дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі ұмытылмас ерлік пен адал еңбектің айғағы. Құрманбай аға соғыстан аман-есен елге оралған соң, шаруашылықты қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Маңғыстау «Газонефтеразведка» тресінде жұмыс жасап, Төбежік, Қараған түбек, Қаңғыбаба, Қызыл өзен, Еспелісай, Мыңкісі, Қошақтеңге, Жетібайда құрылымдық бұрғылау кен орындарында бұрғышы, бұрғылау шебері, ұңғымаларды зерттеу, сынау кеңсесінің бұрғышысы, 1969-1975 ж.ж.- Қарақия барлау экспедициясындағы Ералиев су қоймасының бастығы, 1975-1993 жж. Балықшы барлау-бұрғылау басқармасында цех бастығы, 1947-1969 жж. – Новобогат, Қошқар, Майкөмген, Қарашүңгіл барлау крелиустық партияларында бұрғышы, бұрғылау шебері, кейін  Гурьевтегі Бурпоселок атанып кеткен бұрғышылар кентінде (қазіргі Ақжар ауылы) тұрғынжайларды пайдалану телімінің бастығы болып қызмет атқарды. Сол жылдарда еліміздің мұнай-газ саласының дамуына, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосты. Абыройлы еңбегі жерлестер тарапынан жоғары бағаланып, Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы Жетібай мен Новостройка ауылдық кеңестерінің депутаты болып сайланды. Ел сенімін адал, табысты еңбегімен атқара білді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөбере қызығын қызықтауда. 
Қарияны 95 жасқа толған мерей жасымен «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин құттықтап, мықты денсаулық пен берекелі қарттық тіледі. Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбековтың атынан Алғыс хат, сый-сияпат табыс етті. Құрметке ризашылығын білдірген дария кеуде, тау мүсін қарт батасын беріп, өткеннен емен-жарқын көңілде әңгімелер шертіп бір жасап қалды.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх