Ғибратты ғұмыр

Ғибратты ғұмыр
28.04.2018
173
Қызметкерлер

Ғибратты ғұмыр

Бүкіл саналы ғұмырын Өзен кенорнының дамуы, гүлденуі, өсіп-өркендеуі жолына арнаған ардагер-мұнайшылар біздің қаламызда аз емес.
Осындай қадірлі азаматтарымыздың қатарына Жауымбай Бажиковты жатқызуға болады. 1939 жылдың 25 қарашасында дүниеге келген Жәкең барлық алғашқы кенорын игерушілер сияқты бастапқыда Қызылсайда жертөледе тұрады. Қиын да қызыққа толы алыста қалған жастық шағын Жауымбай ақсақал сағынышпен еске алады...     
«Мен мұнай саласындағы еңбек жолымды 1964 жылы 25 сәуірде «Узеннефть» мұнай-газ өндіру мекемесінен бастадым. Аталмыш мекеме директоры аты аңызға айналған мұнайшы Рахмет Өтесінов болатын. Кейін 1-кәсіпшілікке ауыстым. Осы жерде 6 жыл жұмыс жасаған соң, технологиялық транспорт басқармасына ауысып, 1970-1975 жылдар аралығында сол жерде экскаватор машинисі болып еңбек еттім. Мені 1975 жылы гаражға шақырды. Гараждың бастығы Қойлыбай Тұрақбаев деген жігіт болатын. Сол кезде гаражға 2 жапондық KOMATSU супер-ауыр бульдозері келді. Соның біреуіне мен отырдым, екіншісіне орыс жігіті отырды. Екеуімізді жаңа техникада жұмыс жасауымыз үшін Ресейдің Мәскеу, Тюмень қалаларына жіберіп екі жарым ай дайындық курсына жіберді. Курстың қабырғасында алған терең теориялық білімімді нақтылы еңбектегі мол тәжірибемен байыттым.Маңғаз Маңғыстаудан «қара алтын» табылып, құтты мекенге жан-жақтан ел ағыла бастаған кезде Қызылсайда бар болғаны екі-ақ барак болатын-ды. Оның жартысы кеңсе болса, жартысы біздерге арналған жатақхана болатын. Бұл 1965 жылдар еді. Қызылсайдан автобуспен қатынаймыз. Жол жоқ, қыста көкала балшық. Автобустың қасында міндетті түрде трактор жүреді. Ол автобус батып қалған жағдайда, сүйреп шығарып жібереді. Жазда ала шаң. Ешнәрсені көріп болмайсың... Дәл осы жылы Жаңаөзен қаласының бүгінде «Бөкен» базары орналасқан жерге жазда 20 барак салынып, күзде біздер сол барактарға көшіп бардық. 1967 жылы бірінші шағын ауданының 6-үйінен 3-бөлмелі пәтер алып, қуаныштан бөркімді аспанға аттым. 1975 жылдан бері технологиялық транспорт басқармасында трактор айдап жүріп, № 3 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасынан 2002 жылы зейнеткерлікке шықтым. Осы жылдар ішінде үш тракторды ауыстырып мініппін. Зейнеткерлікке шығып бара жатып, өзіме бекітілген жас маманға техниканың қыр-сырын бүге-шігесіне дейін үйретіп, тәлімгер болдым. Жастың өсуі – табиғат заңы», – дейді Жауымбай қария. 
Жұмысқа деген жанашырлығы мен еңбекқорлығы арқасында Жәкең бірнеше марапаттарға ие болды. Нақтырақ айтатын болсақ, 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен, 1974 жылы Миннефтепром және «Нефтехимгазпрофсоюз»
 Орталық Комитетінің 1973 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 1976-жылы адал еңбегі үшін Мұнай өнеркәсібі министрлігі мен Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы Орталық комитетінің «Тоғызыншы бесжылдықтың бұрғылаушысы» белгісімен, 1981 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиу­мы жарлығының «Еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақ ұл туғанда қуанған. Қыз туғанда кейімеген. Ұлдың туысы артық, қыздың ырысы артық. Жауымбай ағаның отбасынан қызғалдақтай жайнап бірнеше қыз өсіп шықты. Зерек де зейінді болып өскен балапандарына ата-анасы жоғарғы білім алып беріп, оларды тәрбиелі етіп өсіреді.50 жыл отасқан қосағынан айырылғанда Жәкең адамның бұ дүниеде қонақ екенін сезіп, өмір заңына «амалсыз» бағынып, өмірінде бетіне жел болып келмеген асыл жанның әзіз рухыңа дұға етіп, жанына иман тіледі. Әйтсе де, жан жарының орны бөлек екен, жетімсіреп қалды. Сөйлесер, ішті босатып, сырласар жартыңа ешкім жетпейді екен...
Бүгінде ақсақал қыздарынан бірнеше жиен, жиеншар сүйіп отырған бақытты ата. Әсіресе, Ерланды атасы мен әжесі бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай кенже баласы етіп мәпелеп өсірді. Тіпті келін алып қызықтады. Шөбере сүйді...    
Бейнетсіз зейнет жоқ екендігін түсінетін Жәкең балалары мен жиендерін кішкентайынан еңбекке баулыды. Оларды «ақылды ойын»  шахмат ойнауға үйретті. «Шахмат ойны адамды жылдам ойлауға, тез шешім қабылдауға баулиды» – дейді ол. Еңбекті сүйетін Жәкең қарап отыру дегенді білмейді. Үзілген ток болсын, жыртылған аяқ киім болсын, сынып қалған орындық болсын бәрін-бәрін өзі жөндеп, жамап-жасқап жарамды дүние етіп шығарады. Әсіресе, жас кезінен темір тұлпарға деген қызығушылығы ерекше. Сексеннің сеңгіріне шықса да, тың ақсақал күні бүгінге дейін өз көлігін өзі жүргізіп, өзі жөндеп, барам деген жеріне барып жүр. Ел игілігі үшін еңбек еткен ақсақалдың ары таза. Тыныш ұйықтайды. Өкініші жоқ. Өкпесі жоқ. Қызғанышы жоқ. Аллаға да, адамдарға да риза.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Өзенмұнайгаз» АҚ-нан бүгінде мұнайшылардың тұтас бір буыны өсіп шықты. Өндіріске жаңа технологиялар енгізілді. Бүгінде  компанияда еселі еңбек етіп, бақуатты ғұмыр кешіп жатқан әрбір жан Жауымбай Бажиков сияқты алғашқы кенорын игеруші ардагер-мұнайшылардың ерен еңбектеріне шексіз алғысын білдіріп, тағзым етеді. Арайлап атқан әрбір таңды қуанышпен қарсы алып отырған Жауымбай ақсақал еңсесі биік қазақ елінің ертеңі бүгінгіден де нұрлы бола түсетініне сенеді.

Фото мұрағат


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх