Өндірістің келешегі – ерен еңбекте

Өндірістің келешегі – ерен еңбекте
10.05.2018
198
Өндіріс

Өндірістің келешегі – ерен еңбекте

«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков ұжым алдында 2017 жыл­дың және 2018 жылдың І тоқсанының қорытындылары бойынша есеп берді. Есеп беру жиналысына басқару аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелері және цех басшылары, департамент басшылары мен қызметкерлері, Компания мен басқармалардағы кәсіподақ комитетінің жетекшілері қатысты.
«Ембімұнайгаз»  АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков атап өткендей, 2017 жылы ЕМГ 2 миллион 840 мың тонна мұнай өндіріп, мұнайды тапсыру жоспарын 2 миллион 806 мың тоннаға орындады. 2018 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша мұнай өндіру мен тапсыру көлемі жоспарлы көрсеткіштерге сай келіп отыр. Әрине, Компанияның басты міндеті жұмысшылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі. Ембіде өткен жылы 3 бақытсыз жағдай орын алған. Атап айтқанда, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-де жер асты жөндеу бригадасының операторы А.Жұмағазиев қауіпсіздікті сақтамағандықтан ажал құшты, Атырау-Астрахань тас жолы бойында жол-көлік оқиғасы болып, ЕМГ мамандары жарақат алды, ӨТҚжЖК электромонтері И.Ахтлеуов аяғынан ауыр зақымданды. 
– Компанияда өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы – біз үшін басты мәселе. Компания үшін жұмысшының өмірі мен саулығы маңызды. Өндіріс қауіпсіздігіне тек қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженерлер ғана емес, қызмет көрсетуші техникалық персоналдан бастап, бірінші басшыға дейінгі әр қызметкер ерекше мән беруі керек, – деп баса айтты ЕМГ басшысы. Компанияда 2017 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау бойынша 13 түрлі, ал еңбек қорғау шаралары бойынша 15 түрлі жұмыс пен қызмет түрлері белгіленіп, сол жұмыстарды атқаруға бөлінген қаражат толықтай игерілген. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі мен нысандарды өрттен сақтау, өндірістік нысандарды апат-құтқару қызметтерімен қамтамасыз ету, цехтар мен учаскелер арасында үздік жұмысқа, өндірістік мәдениетті дамытуға бағытталған байқаулар өткізу шаралары. Қоршаған ортаны қорғау саласында ластанған жерлерді өңдеу, экологиялық мониторинг, өндірістік қалдықтарды жою, т.б. жұмыстар да өз дәрежесінде жасалған.  
Компания бойынша бірқатар бизнес-үдерістерді оңтайландыру бағытында да үлкен жұмыс жүруде, ондағы мақсат – еңбек өнімділігін арттырып, жұмысшылардың еңбегін жеңілдету. Соның ішінде материалдық-техникалық қамту, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, транспортпен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 
2018 жылы Компания алдына мұнай өндіру көлемін 2 895,0 мың тоннаға жеткізу, мұнай өндіру көлемін арттыру мақсатында жаңа 40 ұңғыманы іске қосу, 290 ұңғымаға күрделі жөндеу жасау, күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізу, т.б. көптеген міндет қойып отыр. «Әрине, ол жетістіктерге жету үшін бірлесе жұмыс жасау қажет», – деді Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков. Баяндама барысында өндіріс қызметінің 2017 жылғы және 2018 жылдың І тоқсанындағы қорытындысы тыңдалғаннан кейін, мұнай-газ өндіру басқармаларына және басқару аппараты департаменттеріне қатысты  барлық бағыттағы өндірістік қызметтер жан-жақты қаралып, анықталған проблемалардың шешілу жолдары сараланып, барлық сауалдар бойынша жетекшілік ететін басшыларға нақты тапсырмалар берілді.
– Бүгінгі таңда ЕМГ өз жұмысшыларының кәсіби дамуына барлық жағдай жасап, бәсекеге қабілетті еңбекақымен және маңызды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуде. 2017 жылы Компанияның 5 мыңға жуық жұмысшысы міндетті курстық оқудан, 974 қызметкер жұмыс мамандықтары бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан өтіп, 478 адам кәсіби біліктіліктерін арттырды. Ауыр еңбекті қажет ететін жекелеген мамандықтар бойынша мұнайшыларды әлеуметтік қолдау аясында 2017 жылы қолданыстағы «Мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу» ережесіне өзгертулер енгізіліп, 58 жастан ай сайынғы еңбекақысынан 48%-50% көлемінде 5 жылға дейін жәрдемақы алып отыруға мүмкіндік берілді. Ал, әлеуметтік пакетке келер болсақ, 2017 жылы Компания «2017-2021 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа» сәйкес, 3,9 миллиард теңгеден артық көлемінде өз қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындады. Бұған жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, ата-аналардың балаларының демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары, компанияның зейнеткерлерін қолдау мақсатындағы әртүрлі төлемдер және тағы басқалар кіреді, – деді Ә.Жақсыбеков. Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын бұл мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылуда. 2017 жылы әлеуметтік жобаларды: орта мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, фельдшерлік-акушерлік пункт және басқа да нысандар құрылыстарын қаржыландыру үшін 755 миллион теңге қаражат бөлінді. 
– «Ембімұнайгаз» – тарихы тереңде жатқан, материалдық-техникалық базасы бірнеше жылдар бойы қалыптасқан компания. Жаңа технологияларды өндіріске енгізіп, жұмысшылардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға қомақты қаражат бөліп, отандық мұнай-газ саласында көш бастап тұрған компаниялардың бірі ретінде кәсіпорын өз алдына мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша жаңа міндеттерді қойып отыр. Ембінің келешегі кемел болуы үшін әрқайсысымыз бірігіп, жүйелі еңбек етуіміз керек, – деді сөзінің соңында Компания басшысы.   
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх