«Адам көркі – шүберек»

«Адам көркі – шүберек»
10.05.2018
615
Әлеумет

«Адам көркі – шүберек»

Ақылды адам өз денесіне лайық киім таңдайды. «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек-дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңліне қуат тұтып, тым айналдырмақ кербездің ісі» – дейді хакім Абай. 
Шешем үнемі біздерге «жақсы киініп жүретін бол, адам көркі-шүберек, ағаш көркі-жапырақ деген ғой»-деп отырушы еді... 
«Киім-адамның ішкі рухының көрінісі саналады. Ішіңде не болса, адам соны киген киімі арқылы да сыртқа паш етеді» – дейді психолог мамандар. Расында да, адамның киген киімі оның ішкі дүниесінен хабар береді. Адам баласының бойын түзеп, ұнасымды киім киінуі табиғи нәрсе. Келісті киім адамға өң беріп, көңілін көтеріңкі етеді әрі өзге кісілерге жағымды әсер қалдырады. Әсем киіну адамның әсемдікті қабылдау қабілетіне де қатысты.
Ал әлеуметтанушылар киген киімі арқылы адамның әлеуметтік ортасын, ахуалын білуге болатындығын айтады. 
Бүгінде адамдардың үстіндегі киімінен де арзан болып бара жатқандығын айтып баспасөз бетінен дабыл қағушылар да қылаң беріп қалады. 
Жалпы киім киюге жүрдім-бардым қараушылық-рухтың әлсіздігінің белгісі екені сөзсіз. Тік те шалқақ денесіне қонымды сәнді киім киінген қыз-келіншектер ұлттың сәні.
Киім таңдау да – өнер. Киген киіміңнің өзіңе қонымды әрі таза болғанына не жетсін! 
Есіме бала кезімде көрші үйде тұрған кейуананың сөзі түсіп тұр. «Қымтанып киін, қатын елеңдемесін, еркек алаңдамасын!» – дейтін еді жарықтық.

Сарша Сүгірәлі,
 «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх