«Шарапты алдымен адам ішеді, кейін шарап адамды ішеді»

«Шарапты алдымен  адам ішеді, кейін шарап  адамды ішеді»
10.05.2018
194
Әлеумет

«Шарапты алдымен адам ішеді, кейін шарап адамды ішеді»

Жапон халқының мәтелі 

Арақтың зияны туралы көп жазылды, көп айтылды. Бұл тақырыпты қаузай-қаузай жағымыз талды. Бір қуанарлығы, қазіргі кезде арақты жаппай ішу азайды. Дегенмен де пышақ кесті тыйылды деп тон пішуден аулақпыз. Арақтың кесірінен адам тұрмақ, ұлт азып-тозып жер бетінен жойылып кетпеді емес пе? Жапон халқы «Шарапты алдымен адам ішеді, кейін шарап адамды ішеді» деп мәтелдесе, қалмақтар «Арақ ыдысынан басқаның бәрін қиратады» деп ой түйеді. Арақ ішкен адамның жағдайы қандай деген сұраққа дәрігерлер: «арақ ішкен адамның көзі қанталап, басын әрең көтереді. Басына әлдекім қорғасын құйғандай зіл-батпан болып тұрады» – деп жауап береді. Арақ жүрген жерден ырыс та, бақыт та қашады. Арақтың адамды адамдықтан, қатардан шығаратыны айтпаса да түсінікті. Ақ мойыннан стаканға толтырып құйып, тастап алған соң, талай бұйығы жігіттің басы көтеріліп, қаптың аузы шешілгенінің куәсі болғанбыз. Кейбір марқасқа жігіттің арақтың түпсіз тұңғиығына батып кеткенін көріп, жүрегің ауырады. «Арақ ішу – ақымақтыққа барар жолдағы жаттығу» деп кетіпті Пифагор.
«Өмір деген өмірбойы әзәзілмен арпалыс» деген екен бір данышпан. Әзәзілдің ең үлкені-арақ! Арақ ішіп, мас болып ұйықтап қалғандар несібесінен құр қалады. Ғалымдардың айтуынша, арақ-адамның жұлын, жүйке, жүрек, миындағы абстрактылы нәзік сезімнің тамырларын оңалмастай етіп бүлдіреді. Нәтижесінде, өмірге сөз ұқпайтын топастар, қуыс кеуде армансыздар, жүрегі тас залымдар, жаны ашымас безбүйректер, ешқандай оқуға қызықпайтын ынжықтар мен мақсатсыз тіршілік кешетін надандар күрт көбейіп, қоғамды тығырыққа тірейтін көрінеді.
Түнімен арақ ішкен адамды ертесі күні көрсеңіз ғой...Көз алдыңызға миы шыққан, жаңбырдан кейінгі көк балшық елестейді. Мас мәңгіріп, жаңа аяқтанған ботадай тәлтіректеп тұрғаны... Тілеп алған аурудың емі табыла ма? Арақтан адам өлмейді, азғындайды. 
Бөтелкедегі сұйық (арақ) қай жағынан қарасаң да тұп-тұнық. Тазалығына, пәктігіне қалтқысыз сендіреді. Қашан жұтып жібергенше осы қалпынан аумайды. Тартып қалсаң сұйық жалын іспетті, өңеш өртейді. Мұнша тұнық, мұнша момақан зат ақыл-ойды қалай лайлайды?! Өтірік мақтап, арақты бір-бірімізге құямыз. Ешқандай өлшем жоқ. Әрберден соң сілекейіміз шұбырып қылжия бастаймыз. 
Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Күш-жігеріңді еліңнің гүлденуіне жұмса. Арақ ішемін деп, айрандай ұйыған өз ошағыңды өзің сөндіріп алма!

Сарша Сүгірәлі,
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх