Нұрлан Балғымбаев кітабының тұсаукесері өтті

Нұрлан Балғымбаев кітабының тұсаукесері өтті
18.05.2018
156
Жаңалықтар

Нұрлан Балғымбаев кітабының тұсаукесері өтті

«Өзенмұнайгаз» АҚ-ға «Нұрлан Балғымбаев» кітабының жинақтаушы-редакторы, ардагер-мұнайшы Меңдеш Салихов келіп, аталған кітап тұсаукесерін өткізді. Салтанатты жиынға ардагер-мұнайшы Аманжан Өтесінов, «Хазармұнай» ЖШС директоры Нұржан Жұмағұлов, ардагер-мұнайшы Тыныштық Базарбаев, Жаңаөзен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағамбетов, Жаңаөзен қалалық-қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұса Қожабеков, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәмелі Есенова, Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай-газ колледжінің директоры Таңат Өскімбаев, қалалық орталық кітапхана әдіскері Гүлжан Мадиярова, жергілікті БАҚ өкілдері, компания басшылығы мен ұжымы, қала активі қатысты. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов Нұрлан Өтепұлының өмірі мен қызметі, еліміздің тәуелсіздігіне, саяси-экономикалық дамуына қосқан үлесі туралы айтып өтті. 
«Қолымызға тиіп отырған кітапта оның адами қырлары, елдік мәселелерді шешудегі табандылығы, ұтымды пікірі мен іскерлігі баса көрсетілген. Қазақ мұнайының бастауында Балғымбаевтар әулеті аталады. «Асылдың сынығы да жарқырайды» демекші, Өтептей ақсақалдан туған Нұрлан Өтепұлы да саланың тәуелсіздік жылдарында оң жолға қойылуына, қарыштап дамуына ерекше еңбек сіңіргенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. «Кешегілердің еңбегін елемеген, бүгінгілердің көңіліне қарамаған,ертеңгілерді қарық қылып жарытпас» – депті дана Әбіш. Нұрекеңнің жарқын жүзі бәріміздің жадымызда ұзақ сақталмақ» – деді бас директор.
Меңдеш Салихов ардақты азамат туралы жазылған кітапты компания басшылығына, қалалық кітапханаға, мұнай-газ колледжіне, мұражайға, журналистерге табыстады. Жас маман Жандос Жұбауов өзінің Нұрекеңе жазған арнауын оқыды.
Қазақта «жақсы адам – асыл қазына» деген нақыл бар. Жүрегінің шырағы, жанының шуағы бар жақсы адамның жарығы сөнбейді, жадыңда жаңғырады, санаңда сақталады... Ендеше, Нұрлан Өтепұлының есімі, еліне сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх