Ақінгеннің майталман мұнайшысы

Ақінгеннің майталман мұнайшысы
18.05.2018
153
Қызметкерлер

Ақінгеннің майталман мұнайшысы

Иә, уақыт неткен жүйрік. Кезекті жұмыс ауысымымен бірге өмір көші де зырғып аққандай. Ұстаздай тәлімгер болған тәжірибелі ағалар бірінен соң бірі зейнеткерлікке шығып жатыр. Сөздің шыны керек, ұжымда алдыңдағы ағалар арадан кеткенде біртүрлі орындары үңірейіп қоңылтақсып қалады екенсің. Ал, қалған жастар да еңбекқор, зейінді болып жауапкершілікпен сол ағалардың сара жолын жалғап кетуі хақ. Бүгінде кенішімізде көш бастар азаматтардың бірі – Өтегенов Бауыржан Көңілқосұлы.Ол өнегелі де іскер, отбасында өскелең тәрбиелі ұрпағымен, өндірісте тәжірибелі ерен еңбегімен үлгілі озық тұлға. Жастарға айтары, үйретері мол, айшықты ізі бар жан. Киелі Қосшағыл топырағының тумасы.
Бауыржан алғаш еңбек жолын 1976 жылы бұрғылау алаңдарында тас қалаушыдан бастап,  Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгесін 1980-1988 жылдар аралығында осы Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында бұрғышының көмекшісінен бұрғышыға дейін өсіп, еңбек етті. 1988 жылдан күні бүгінге дейін ілкі қадамы Қосшағыл, Төлес нүктелерінен бастау алған оператор Бауыржан бүгінде – Қосшағыл цехына қарасты Ақінген кен орнының 5-ші дәрежелі маңдайалды операторы. Ақінген кен орнын игеруде Бауыржан бастаған  Ж.Унайбаев, Д.Кузекенов, Ж.Лепенов, С.Ермеков сынды оператор жігіттердің еңбегі ерен. Бәрі де өз ісінің шеберлері. «Жоспарлы, нәтижелі жұмыс деген – техникалық қауіпсіздікті сақтау және болдырмау, ақаулы, апатты жағдайлар болса, дер кезінде шарасын алу» дейді Бауыржан. Еңбегі бағаланып, бірнеше рет Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен, Қосшағылдың 70-жылдық  ұлы тойында арнайы төсбелгімен марапатталды. Атпал азамат, абзал әке сүттей ұйыған мерейлі отбасының отағасы. Жары Шолпан «Алтын Алқа» иегері – 6 перзенті бар. Тұңғыш егіз қыздары Айсұлу мен Күнсұлу Атырау мұнай газ институтын үздік бітіріп, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Екеуі де тұрмыста, екеуінен алты жиен бар. Гүлназ қызы Атырау медколледжін бітіріп, ол да тұрмыста, Құлсарыда қатаң аурулар бөлімшесінде медбике. Одан Ғазиз, Нарғыз атты 2 жиен бар. Үлкен ұлы Мейрам Атырау мұнайгаз институтын бітіріп, «Мұнай Сервис» мекемесінде қызмет етеді. Бауыржан мен Шолпан таяуда көптен күткен ата-ана арманы орындалып келінді болды. Келін Мөлдір де экономист мамандығын оқыған, қазір банк саласында істейді. Мейіржанның мамандығы биолог. Кіші ұлы Махамбет мектепте үздік оқиды, спортшы. Қорыта айтқанда, үлгі етерлік отбасы!
Бауыржанның қара алтынды тасқындатқан еңбегіне келер жыл – 30 жыл болады екен. Биыл Ақінген кенішінің ашылғанына 25 жыл толып отыр. Жатақхана күрделі жөндеуден өтті. «Медикер» кабинеті де жабдықталып, кеңейтіліп өз алдына жаңа қонысқа орналасты. Енді жаңа жатақхана жалғасып, кеңейтілмек мақсатта іргетасы қалануда. Осының бәрі мұнайшыларымыздың мерейі үшін жасалынып жатырған игі шаралар. Наурыз айында кәсіподақ тарапынан кеніштің Бауыржан бастаған мұнай өндіру операторларына қомақты сый-сияпат (спорттық костюм аяқ киімімен, рюкзак сөмкелер) көрсетілді. Бауыржандай азаматтарымыз, мәртебелі мұнайшыларымыз көбейе берсін!

Жаңыл Баеділова,
«Медикер – ӨМ» ЖШС медбикесі
Ақінген кен орны
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх