Рахмет, саған ITS!

Рахмет, саған ITS!
18.05.2018
173
Қызметкерлер

Рахмет, саған ITS!

«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да Ішкі тренерлер мектебі, ITS жобасы туралы біз бұған дейін де жаздық. Ішкі тренерлер мектебі 2016 жылдың соңында іске қосылған болатын. ITS – бұл өзін өзі дамытқысы келетін және кәсіби білімі мен жинаған тәжірибесін бөлісуге дайын қызметкерлерге арналған жоба. Басында жобаға 38 қызметкер қатысуға тілек білдірді. Қазіргі уақытта 24 адам қалды. Бүгінде осы мектептің түлектері, ҚМГ БӨ қызметкерлері еншілес компанияларда өз тренингтерін өткізіп, жаңа қырларынан танылауда. Кәсіби тұрғыдан жаңа бір биіктікке көтерілді. Әрине, мұның бәрі көп еңбекті қажет етеді. Жобаға қатысушылар көп жеке уақыттары мен күштерін өздерін дамытуға арнады. Кейбір қызметкерлер еншілес кәсіпорындарға қызметке ауысуына байланысты жобаға соңына дейін қатыса алмады. Ішкі тренерлер Компания басшылығының қолдауын сезінді. Бұл үшін үлкен ризашылықтарын да білдіреді. ITS жобасының барлық кезеңдерінде HR қызметі көп еңбек сіңірді, мектеп жұмысына қатысты барлық жұмыстарды ұйымдастырды. Жоба қатысушылар ақ, көк, қара, триколор сияқты түрлі деңгейден өтуі қажет болды. Ішкі тренерлер өткізген тренингтер бойынша қатысушылармен және жобаның сыртқы үйлестірушісі, бизнес тренер Ильдар Валиулловпен супервизия жүргізілді. Бір жылғы еңбектің нәтижесі – ҚМГ БӨ Ішкі тренерлері Атырау және Қызылорда қалаларында «Ембімұнайгаз» АҚ және «Қазгермұнай»БК»ЖШС қызметкерлеріне арналған «Education Day» шарасы аясында тренинг-шеберлік кластарын өткізді. Бұл компанияның алға дамуына үлкен септігін тигізетін жоба болды деп айтуға әбден болады. ҚМГ БӨ ішкі тренерлері өз пікірлерімен бөліседі. 

Эльмира Каримова, 
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаментінің директоры

Комфорт аумақтан шығу – адамды шынықтырады

– ITS жобасының дамуы, іске асырылу барысы көптеген қызықты жайттарға толы болды. Жылға жуық уақыт ішінде жобаға қатысушылар тренер болудың техника-тәсілдерін үйреніп қана қоймай, өздері де жаңа қырларынан танылды. Жоба адамның жан-жақты ашылуына да септік етеді. Бұл жобада ерекше атмосфера болды. Ішкі тренерлер  өткен жылдың қараша айында болған HR форумда үлкен алаңға шықты. 
HR жоба адамды өзгертеді. Бұл үнемі өзіңді дамыту, алға жылжу. Комфорт аумақтан шығу – адамды шынықтырады. ITS түлектеріне ішкі тренер ретінде төсбелгі табысталады. 
Қандай да болсын кез келген жобаны қызметкерлер қолдамаса оны іске асыру қиын. Бұл мектеп адамдар өмірін өзгерті. Мен де қатысушы ретінде өзгердім. Адамдарға аялы қарай білу, жылы қарым-қатынас жасай білу де өнер. Кім өзінің күшін дамытуға салады сол компанияны дамытады. Атырау және Қызылорда қалаларында тренингтер өткіздік. 
Қатысушы топ үшін тренердің шынайы болуы маңызды. Өзіңді жалған ұстасаң, төмен энергиямен жауап бересің. Бұл да тренерлік технология. Ішкі тренерлер жұмысына еншілес компаниялардан сұраныс бар. Өзін өзі дамытуға құштар жандарды құрметтеймін. Бұл мектеп оқыту жүйесін дамытудың негізін қалады. ҚМГ БӨ-де оқу – құрмет, мақтаныш. Бұл корпоративтік мәдениеттің бір бөлшегі. 

 

Досымбек Тасқынбаев, 
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Логистика және сатып алу департаментінің директоры

ITS адамды өзгертеді

– Бұл жобаға қатысу оңай болған жоқ. Жұмысты қатар алып жүріп, барлық жиналыстарға қатысу керек. ITS-те біз барлық тапсырмаларды орындауға тырыстық. Оқыдық, өзгеруге тырыстық. Жоба адамның барлық қабылет-қарымын және табиғи болмысын ашуға да әсер етті. Бұл жобада өзімнің де әріптестерімнің де өзгергенін байқадым. Мұның барлығы ұнайды. Өз ойыңды ашық айта білу, қатысушылармен жұмыс, білімің мен тәжірибеңді дұрыс қолдану барлығы үлкен мектеп болды. Бұл көп дайындықты, жұмысты қажет ететін жоба. Өзіндік ішкі тәртібі де бар. Мен еңбек демалысында жүріп, үй тапсырмасын уақытында орындамадым. Сөйтіп, демалыстан соң жұмысқа шықсам, «Сіз жобадан шықтыңыз, үй тапсырмасын орындаған жоқсыз» деген хат келіп тұр. Содан HR қызметінің басшысы Эльмира Каримоваға еңбек демалысында болған себебімді айтып хат жаздым, бірақ ол адамнан сіз тренер болғыңыз келсе үй тапсырмасын қандай себепке де қарамай орындауым керектігі туралы жауап алдым. «Соңғы мүмкіндікті беріңізші» деп сұрадым. Ол кездегі көңіл күй жағдайын айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл үлкен сабақ болды. Бұл мені тәртіпке шақырады. Есімде осындай жағдай қалды. Әр кез оқу тренингін өткізгенде жобаға дейін әріптестерім қандай болды, қазір қалай өзгерді, салыстырамын. Өзім де өзгердім. Мен келіссөздер жүргізе білу, тыңдай білу, ойыңды жинақтап жеткізу, камера алдында жұмыс істеу, келіссөзде тараппен тиімді шешім таба білу, тіл табысуды үйрендім. 

 

Жасұлан Рзаев, 
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Геология және кен орындарын игеру департаментінің жетекші инженері

Әр тренинг өз жаңалықтарын алып келді

– Осы жобаға қатысу маған да пайдалы болды. Өзімді тек қана өндіріс саласындағы маман ғана емес, осы уақытқа дейінгі жиған тәжірибемді тренер ретінде бөлісуге үлкен септігін тигізді. Жобаға келуімнің себебі, 2013-2015 жылдар аралығында халықаралық іс тәжірибе алмасу мақсатында «НКОК» компаниясында жұмыс істедім. Сол кезде көптеген шетелдік мамандармен тренингтік сабақтар өткіздік. Оны біз ағылшын тілінде өткіздік. Сол кезде жинаған тәжірибемді қазақ тілінде ҚМГ саласындағы активтерде сабақ үйрету мақсатында жобаға қатысқан болатынмын. Қазіргі уақытта қабатқа су айдау жобасымен жұмыс істеп жатырмын. Осы жоба сәтті аяқталған соң осы жұмысым бойынша өз әріптестерім – геологтармен сабақ өткіземін деген ойым бар. Жобаға қатысу ұнады. Өзіңе деген сенімділікті қалыптастырады. Әріптестерімді басқа қырынан таныдым. Жобаға бекер келдім деген өкініш болған жоқ. Әр тренинг өз жаңалықтарын алып келді. 

 

Нұрзада Үсіпбекова, 
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Логистика және сатып алу департаментінің жетекші маманы

Мен неге тренер болғым келді? 

– Алғаш осы жобаның ашылып жатқаны туралы бейнероликті көргенде қатысуға деген қызығушық болды. Маған керек жоба деп ойладым. Қатысуға жас бойынша шектеу жоқ. Қойылған барлық талапқа сәйкес келдім. Содан неге тренер болғым келетіні туралы эссе жазып, 2 минуттық бейнебаян түсіріп тапсырдым. Отбасымда балаларым бейнебаянға түсуіме көмектесті. Тренерлік әдіс, технологияны меңгергім келдім. Осылайша өзіңнің ішкі резервіңді, білімің мен тәжірибеңмен өз компанияңдағы және еншілес кәсіпорындардағы әріптестеріңмен бөлісу жақсы идея. Қарапайым тиімді ой. Маған ұнады. Мен бұл жобада біреудің білімін тұтынушы ретінде емес, өз тәжірибем мен білімім туралы айта аламын. Өз әріптестерімді басқа қырынан таныдым. Түрлі жаттығуларда оларды басқа қырынан көремін. Өзімді де басқа қырымнан көрсете аламын. Мен үшін маңызды жоба. Менің басқа қабылеттерімді ашты. Жобаға дейін және кейін айырмашылық бар. Бұл жобаға қатысу оңай болды деп те айта алмаймын. Кейде қауырт жұмыс және жобаны да қатар алып жүру керек қиын сәттер болды. Тапсырмаларды мерзімінде орындау керек. Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаменттің директоры Эльмира Каримованың осы жобаны ұйымдастырғаны үшін ризамын. Бізді Ресей, Украина, Қазақстанның білікті тренерлері оқытты. Өзім де тренингтер өткізу тәжірибемді бастадым. Нағыз тренер болу үшін әлі де өсу керек. Барлық тәжірибе шынықтырады. 

 

Жазира Аралбаева,
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Бюджеттік жоспарлау және экономикалық 
талдау департаментінің жетекші экономисі

Бұл жобаның өз рухы, жақсы энергиясы бар

– Адам әлеуетін дамытуда ITS тамаша жоба болды. Жобаға қатысып өзіме деген сенімімді нығайттым. 2016 жылы осы жобаға қатысу үшін қалай бейнебаян түсіргенім есімде. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаным үшін қуанамын. Осы жобаны ұйымдастырған және оған қолдау көрсеткен ҚМГ БӨ компаниясына ризашылығымды білдіремін. Біз, қызметкерлер, осы жобаға қатысып, қабылеттеріміз ашылып, дамып, қарым-қатынасымызды одан әрі жақсарттық. Еншілес компаниялар қызметкерлеріне тренингтер өткіздік. Жақсы тәжірибе болды. Біз бірімізден үйренеміз. Әрі қарай да өзімізді шыңдай түсіп, жақсартамыз деп ойлаймын. Тренинг көпшілік үшін бұл тыңдау деген түсінік бар. Ал, бизнес тренер Ильдар Валиулловтың арқасында тренингті қызықты, шығармашылық тұрғыдан өткізуді үйрендім. Барлық ішкі тренерлерге сәттілік тілеймін. Бұл жобаның өз рухы, жақсы энергиясы бар. 

 

Анаргүл Жақсиева, 
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің аға инженері

Осы жобада өз күшімді сынап көргім келді

– Ішкі тренерлер мектебі жобасында болу өте ұнады. Жобада Ресейден, Украинадан тренерлер келіп сабақтар өткізді. Актер бола білу, адамның барлық эмоциялық жағдайын көрсету, ашылу, алғашқы тренингтерді әріптестеріміздің ортасында өткізу бәрі де қызықты болды. Барлық нәрседе басында қиын. Сосын әрі қарай жалғасады. ЕМГ-ға барып тренинг өткізгеніміз маған ұнады. Өз еңбегімнің жемісін көрдім. Адамдар жанарындағы қызығушылық, энергия ол тренерге де беріледі. Өзара осындай сезім әрі қарай адамды дамуға ынталандырады, ілгері жылжытады. 

 

Ернұр Сәбікенұлы, 
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Маркетинг және мұнай сату департаментінің аға маманы

Еңбек зая кеткен жоқ 

– Жобаға қатысқанда көптеген жеке уақытым кететінін білдім. Бірақ мен осыған дайын болдым. Бүгінгі күні өз жұмысымның, сондай-ақ барлық команда еңбегінің нәтижесін көре бастадық. Осы жобаны қолдаған басшылыққа, HR қызметіне рахмет айтамын. Еңбек зая кеткен жоқ. Өз уақытында ҚМГ БӨ ғана емес еншілес компаниялар да өздерінде іске асырып жемісін көреді деп ойлаймын. Тренингтердің арқасында өзіме сын көзбен қарай бастадым. Қай бағытта жұмыс істеуім керектігін пайымдадым. Көп жұмыс жасалды. Еншілес компанияларда өз тренингтерімізді өткіздік. Жақсы нәтиже. Маған осы жобада болу ұнайды. Біздің компанияға бұл үлкен инвестиция. Оқыған мамандар мектепте қолданған білімді жұмыста пайдаланып, өндірістік процестерді жақсартуға септік етеді деп ойлаймын. 

 

Айдын Ақан, 
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Қазынашылық департаменті директорының орынбасары

Жобаның мақсаты – ішкі тренерлерді дайындау

– Жобада қызықты сәттер көп болды. Маған тренинг өткізген өте ұнайды. Үш тренингімді өткіздім. Қаржыны басқару тақырыбын қамтыды.Мен өз тәжірибем мен білімімді бөлісемін. Әлі үйренетін нәрсе көп. Жобаның мақсаты – сырттан тренерлер шақырмай, қызметкерлерді дамытып, ішкі тренерлерді дайындау. Жоба бізге тренер ретінде өсуге мүмкіндік береді. Мектептен алған білім әртүрлі тақырыпта тренингтер өткізуге көмектеседі. Тренер болудың қыр-сырын үйрендік, техникасын меңгердік. Бұл Компанияға не береді? деген сұраққа жауап берейік. Бұл бірінші кезекте компанияға тренингтер өткізе алатын дайын мамандар береді. Сырттан нарықтан тренерлер, спикерлер іздемейді.

 

Жігер Жақашев,
«ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ Ақпараттық технологиялар және ТПАБЖ департаментінің аға инженері

«Тренер» мамандығын алдым

– Осы ITS жобасына қатысып өзімді шыңдағаныма өте қуаныштымын. Бірнеше тренингтерге қатысып, көпшілік алдына шығып сөйлеу, ойыңды ұтымды жеңіл жеткізу және басқа да көптеген тәжірибелер жинақтадым. Өңірдегі өндірістен ҚМГ БӨ-ге келіп осы жобадан үйренгенім мол болды. Осы мектеп біздің қарым-қатынасымызды жақсарта түсіп, ішкі коммуникацияны нығайтты. Сурет салу, синемология сияқты тренингтерден де өттік. Оның бәрі маман ретінде бізді көтеріп, жаңа қырымыздан танылуға септік етті. Жобаға келгенде қиындық болатынын білгем, толқу-қобалжулар болды. Соның бәрін жеңу үшін жобаның әр кезеңіне өтуге тырыстым. Өз тренингтерімді өткізіп бастаған кезде тренер болу оңай кәсіп емес екенін түсіндім. Бірақ, бәрі ойдағыдай өтіп жатты. Үнемі тренинг өткізіп тұрсаң шыңдала түсесің. Осы жобаның ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Жаңа «Тренер» мамандығын алып шықтым деуге болады.  

 

Жұмагүл Темірғали,
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Жұртшылықпен байланыс қызметінің аға маманы

Үйрете отырып, өзің де үйренесің

– ITS жобасы басталғанда бірден қатысам деген ой келді. Осындай жобаға қатысып, тренер болудың тәсіл, техникасын меңгеруді көптен ойлап жүр едім. «Іздегенге сұраған» жоба болды. Бір жылдың ішінде мектепте көптеген тренингтер өтті. Одан үйренгеніміз көп болды. Еншілес компанияларға барып, өзіміздің тренингтерімізді де өткіздік. Бұл керемет тәжірибе. Үлкен мектеп болды. Үйрете отырып, өзің де үйренесің. Алғаш рет Компанияда орталық аппарат ішінде ішкі тренерлер өз тренингтерін өткізуді бастау керек болғанда, алғашқы болып өткізуге ұсыныс бердім. Өзімді сынап көргім келді. Кәсіби маман болу жолында көп еңбек ету керек болса, тренер болу да осыны талап етеді. Ең бастысы, қиындығына қарамастан маған осы кәсіп жаныма жақын, өте ұнайды. Осындай тәжірибе алуға мүмкіндік берген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ына үлкен алғыс айтамын. 

 


 

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх