Жаңарған кеніш жаңалығы

Жаңарған кеніш жаңалығы
18.05.2018
229
Өндіріс

Жаңарған кеніш жаңалығы

Бір ғасырдан астам өзіндік тарихы бар саланың қазіргі майталман мамандары бір кездері қазақтың сахара даласында мұнайды алғаш рет игеруге атсалысқан мұнайшы бабаларымыздың ұрпақтары. Олар ата мен әкенің арманын жалғастырушы ғана емес, елінің ырысын халқына несібе етуге еңбек етіп жүрген өз ісінің білгірлері. «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты Оңтүстік Батыс Қамысты кен орны бүгінгі таңдағы жаңашылдықты кеңінен қолданып келе жатқан кеніш. Мұнда ашылған жылдан бері (1972 ж) 313 ұңғыма қазылған. 45 жыл бойына үздіксіз мұнай беріп келе жатқан кеніштің әлі де болашағы алда. Бүгінде пайдалану қорында екі жүздің үстінде ұңғыма болса, оның басым бөлігі штангалы тереңдік сораптар, ал қалғаны желілік жетекті сораптар. Олар өзі қосылып-айырылады, автоматты басқарылып, электр энергиясын үнемдейді. 2017 жылы кен орны екі цехқа бөлінді – №2-ші Оңтүстік Батыс Қамысты мұнайгаз өндіру цехы (цех бастығы Қуанғали Әбежан) және №5-ші цех (цех бастығы Беркалиев Құттыбай). Соңғысына Оңтүстік Шығыс Қамысты, Оңтүстік Шығыс Новобогат, Батыс Новобогат және Лиман кен орындары жатады. 
Айта кетерлігі, кеніштердегі мұнай құрамында парафин кездеседі. Ол мұнайды жеткілікті көлемде алуға кедергі келтіре береді, тіпті парафин ұңғыны бітеп те тастайды. Тығырықтан шығу үшін мамандар жаңа әдіске көшіп отыр. Ол үшін ұңғыма бойына арнайы сұйық май  ыстық бумен айдалады, ол ұңғыма бойындағы жабысып тұрған парафинді шайып шығады. Мұны полиштанга әдісі дейді. Бұл жылжымалы бу қондырғы әдісі кеніште 2014 жылдың аяғында қолданыла бастапты. Ыстық бумен өңделген ұңғы мұнай беруді жақсартады. Тағы бір тиімді әдіс – штанга қырғыштық әдіс. Мұнда шыбық бойына спираль тәріздес болат қырғыш орнатылады. Ол ұңғы бойына жиналып қалған қоюлықты қырып, сыртқа шығарып отырады. Міне, осы әдістердің арқасында, кеніштегі ұңғымаларды аралық жөндеу кезеңі ұзарған.

Кен орнына газкомпрессорлар алынуда. Олар құбыр бойындағы газдың қысымын көбейтіп, газ дайындау қондырғысына тұрақты көлемде жіберіліп отырады. Газ компрессорларын орнатудағы негізгі мақсат – алауларды сөндіріп, газды өз қажетіне пайдалану. Тағы бір енгізіліп жатқан жаңалықтың бірі, «Шторм УКМ НП» қондырғысының орнатылуы, ол жер асты жабысқақ ортаны қайта құраушы электронды құрал болып табылады. Яғни, мамандардың түсіндіруі бойынша, ұңғыма бойына электронды импульс жіберу арқылы ұңғыма бойын парафиннен тазалайды. ЗГРП 01-1 қондырғысының орнатылуы да өндірістегі соңғы жаңалықтардың бірі. Мұнда жер асты қабатын жару арқылы мұнайдың көзін ашып, мол өнім алуға мүмкіндік жасалады. Бұл әдіс қауіпсіз әрі экономикалық тиімді дейді мамандар. 
«Жайықмұнайгаз» басқармасының С.Балғымбаев кен орнында газ дайындау қондырғысын іске қосуды жүзеге асыру кезінде газ дайындау қондырғысына ілеспе газды жеткізу үшін Оңтүстік Шығыс Новобогат кен орнына 5 дана көп фазалы (мультифаз) сораптар орнатылды және Оңтүстік Батыс Қамысты кен орнында осындай 14 дана көп фазалы сораптар іске қосылды. Көп фазалы сораптарды пайдаланудағы басты мақсат О.Ш.Новобогат және О.Б.Қамысты кен орындарынан өндірілген ілеспе газды С.Балғымбаев кен орнындағы газ дайындау қондырғысына жеткізу болатын. Сораптың атқаратын қызметі О.Ш.Новобогат кен орнынан 12 шақырымда орналасқан О.Б.Қамысты кен орнындағы мұнай дайындау учаскесіне қолданыстағы мұнай тасымалдау құбырымен газ араласқан сұйықтықты жеткізіп, одан кейін сұйықтықтан ілеспе газды айырып, одан әрі 15 шақырымда орналасқан С.Балғымбаев кен орнындағы газ дайындау қондырғысына газ құбыры арқылы жеткізіледі.
Өндіріске қажетті шарттың бірі әрине, жол. Жол нашар болса, техника уақытында жеткізілмейді, көлік бара алмайды, оперативті байланыс қарлы боран күндері мүлде үзіледі. Тамақ, су, жабдықтар тасымалы да ақсайды. Жол салынса, коммуникация жақсарады. Сондықтан соңғы жылдары жол салуға көңіл бөлініп келеді. С.Балғымбаев пен Оңтүстік Батыс Қамысты кен алаңдарының аралығына (ұзындығы 17,115 шақырым, ені 6,5 метр) асфальт жол төсеу аяқталса, Оңтүстік Шығыс Қамысты аралық 11 шақырым жол да біте келіпті. 
Мұнай өндіру кен орындарында жердің ластануына әкелетін бірден-бір жағдай ол - құбырлардың ескіріп, тозып тесілуі салдарынан май ағылуы. Осындай ластануды болдырмау, оның алдын алу  мақсатында  жыл сайын «Жайықмұнайгаз» МГӨБ кен орындарының ішкі құбырлары (ұңғылардың тасталым құбырлары, ащы су құбырлары, топтап өлшеу қондырғыларының коллекторлары), өндіріс аралық құбырлары уақтылы ауыстырылып тұрады. Атап айтқанда, 2008-2012 жылдар аралығында Гран-С.Балғымбаев, Оңтүстік Батыс Қамысты-С.Балғымбаев, Оңтүстік Шығыс Қамысты-Оңтүстік Батыс Қамысты, Жаңаталап-С.Балғымбаев, Қарашығанақ-Балғымбаев кен орындары аралығындағы ескі мұнай құбырлары мен  ащы су айдау құбырлары түгелге дерлік қазіргі жаңа технология бойынша шыны-талшықты құбырларға ауыстырылды. Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, Шығыс Жаңаталап – Орталық Жаңаталап аралығындағы мұнай құбыры – 7,745 км, С.Балғымбаев кен орны бойынша – 3,125 км, Оңтүстік Шығыс Новобогат-Оңтүстік Батыс Қамысты аралығындағы мұнай құбыры – 11 км, барлығы 21,87 км шыны талшықты құбырлар тартылған.  Бұрынғы темір тұрбалар 20 жылға жетпей шіріп, тесілуде екен. Ал бұл қытайлық тұрбалар 50 жылға шыдас береді, қазір мұнай құбырлары осындай тұрбаларға көшіп жатыр. Шыны-талшықты тұрбалар бір-біріне ішкі резбалары арқылы бұралып кіргізіледі де, 140-150 сантиметр тереңдікте көміледі, коррозияға ұшырамайды, сәйкесінше тесілу, мұнай ағу болмайды. Ол экологиялық ахуалға да оң ықпал ететіні сөзсіз. Осы және басқа да жұмыстарды Оңтүстік Батыс Қамысты кен орнының цех басшысы Ғибатолла Шанаев ұтымды ұйымдастырып, үйлестіріп отыр. Өзі білікті инженер, Америкада өндірістік тәжірибеден өткен, болашағынан зор үміт күттірер ойым жастың бірі. 
«Жайықмұнайгаз» басқармасының Оңтүстік-Батыс Қамысты кен орнында өндіріске қажетті электрмен қамту жаңа трансформаторы іске қосылды. Бұрынғы трансформаторлар мен электр желілерінің жылдар өте ескіруіне, ал электр құрал-жабдықтарының тозуына байланысты басқарма басшылығы алдында кен орнында жаңа трансформаторлар мен электр желілерін орнату міндеті тұрды. Барлық құжаттамалары жасақталған соң, құрылыс та басталды. 
– 1988 жылы салынған бұрынғы электрмен қамту жүйесі өз мүмкіндігін сарқа жұмсады. Бұрынғы трансформатор өндірістік жұмыстар барысында қиындық тудырып келді. Ескі, тозығы жеткен, тек күтімнің арқасында жұмыс жасап тұрды. Ал, енді жаңа трансформатордың қуаттылығы 4000 кВА-ны құрайды. 2 блоктан тұрады, секциялық ұяшықтары, жабық тарату қондырғысы және резервті автоматты қосу жабдықтары бар. Егер біреуі сөніп қалса, электр энергиясы екіншісіне автоматты түрде беріледі. Яғни, өндірістік нысандарға ешқандай зияны тимейді. Электрмен қамту үздіксіз болады, – дейді «Жайықмұнайгаз» аудандық электр торабының шебері Қапанов Дәурен. 

Бұл жаңа қондырғы мүмкіндігінің молдығына байланысты енді Оңтүстік-Батыс Қамысты ғана емес, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Қамысты және Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орындарындағы барлық өндірістік және әлеуметтік нысандарды, яғни, мұнай дайындау, қабат қысымын сақтау учаскелері, асхана, жатақхана, басқа да ірілі-ұсақты көптеген нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Қондырғының тағы бір ерекшелігі бұрынғыға қарағанда мұнда электр қуатын үнемдеу құрал-жабдықтары орнатылған. Бұл бүгінгі күнгі электр энергиясын үнемдеуге бағытталған Компания бағдарламасын орындаудың бір көрінісі деп айтуға болады.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх