Мұнай саласындағы құрылыс

Мұнай саласындағы құрылыс
18.05.2018
187
Өндіріс

Мұнай саласындағы құрылыс

1984 жылдың тамыз айы болатын. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында жерге орналастыру бас инженері болып еңбек етіп жүрген кезім. Ол кезде мұнай саласы орталықтан – Мәскеуден басқарылатын. Теңіз кен орнын игеру мақсатында аудан орталығы Құлсары поселкесіне орталықтан бір топ адамдар келіп жұмысқа қабылдап жатқан көрінеді деген әңгімені естіп, бұрғылау мекемесі жұмысшыларына жаңадан салып жатқан үйлерге бардым. Жаңағы орталықтан келген адамдар уақытша сол жаңа салынған екі пәтерлі үйдің бір жағына орналасқан екен. Мені орыс қыз бала қарсы алып, Ирина Савицкая деп өзін таныстырды да, қандай мәселемен келгенімді сұрады. Мен осында жұмысқа адамдар қабылдап жатқан көрінеді деп едім. Иә, бірақ біз қазір өзіміз әлі жөнді орналасып болған жоқпыз, сіз күзге қарай келіңізші деді. 
Құлсарының орталық көшелерінің бірінде орналасқан «Орта Азия – Орталық» газ мекемесі салып берген екі қабатты қонақ үйі болатын. Аудан басшылары сол ғимараттың бірінші қатарын жаңа мекеменің кеңсесі мен асханасына, ал екінші қатарын жатақханаға берген. Сол жылы күздің қараша айында жаңағы мекемеге барсам, басшысы Ясавеев Гарифулла Габдурахманович деген кісі жұмысқа адам қабылдап жатыр. Жүзі жылы, ақкөңіл адам екен. Өзі техника ғылымдарының кандидаты болатын, кейін докторлық қорғады деп естідім. Мені есіктен қарсы алып: «Отырыңыз, шаруаңызды айта беріңіз» – деді бірден. Мен жұмысқа орналасайын деп келдім деп айттым. Біліміңіз, мамандығыңыз қандай, қазір кім болып жұмыс істеп жатырсыз деп сұрақты жаудырды. «Білімім жоғарғы, мамандығым құрылысшы, қазір ауылшаруашылық басқармасында жерге орналастыру бас инженері болып еңбек етемін» деп жауап бердім. «Міне жақсы болды, бізге қазір сіз сияқты маман өте қажет» деп бірден айтты. Сосын мамандар бөлімінен әлгі Савицкая Иринаны шақырып алып, мына кісіні бізге жұмысқа аударуды сұрап, мекемесіне хат жазып беріңіз деп тапсырма берді. Мен жұмысқа қабылданатын болғаныма қуанып, әлгі хатымды алып мекемеме қайтып келіп, бірден басшымыз Нұршаев Есенгелді ағаға кірдім. Ол кісі менің бұл ісімді бірден мақұлдамай: 
– Сен жұмысыңды жақсы атқарып жүр едің ғой, неге бізден кеткелі жатырсың, – деп ренжіді. 
– Аға, кешіріңіз, мұндай мүмкіндік енді болмай қалуы мүмкін, әрі бұлар мені өз мамандығыммен қабылдап жатыр ғой ,– дедім. Марқұм ағай бір өте жақсы адам еді.
– Жақсы, ондай болса мен сенің бағыңды байламай-ақ қояйын, – деді.
Қарашаның 24-нен бастап мен жаңағы жаңа мекемедегі жұмысыма кірісіп кеттім. Сол-ақ екен, менен кейін Қаспаев Әбіш, Юсупов Орынғали, Ғинаятов Бағытжан, Юсупов Жақсығали деген жергілікті жігіттер де жұмысқа кіре бастады. Алғашқы әзірде дайындық жұмыстарын атқарып жүрдік. 1985 жылдың қаңтарында басшымыз Ясавеев Г. мені кабинетіне шақырып алып: «Бауыржан, биыл біз Құлсары мен Теңіз аралығына жүк тасымалдау үшін темір жол салайын деп жатырмыз. Кейін сол жолмен мұнай тасымалданатын болады» деді. Қазір біз жолдың алғашқы қазығы қағылған жерге барып көреміз деп көлігіне отыруды ұсынды. Сол жылы қар жақсы жауған болатын. Әлгі қазықты қар астынан жобалап тауып алдық. Міне осы жерден темір жолдың басы басталады, сен сол құрылысты қадағалайсың деді. Маған үлкен маңызды жұмысты тапсырып отырғанын сезініп, өзім темір жол маманы болмасам да, жоқ мен оны жасай алмаймын деуге дәтім бармады.
Не керек, құрылыс басталып кетті. Алғашқы әзірде бұл жұмысты «Оренбургтрансстрой» тресі бастағанмен, кейін күштің аздығын байқап 100 шақырым құрайтын жол құрылысын екіге бөлді. Маған да ол оңайға түскен жоқ. Құлсарыдан 60-шы шақырымға дейінгі бөліктің құрылысын «Оренбургтрансстрой» тресі жасаса, 60-тан 100-ші шақырымға дейінгі бөліктің құрылысы Атырауда (сол кезде Гурьев) орналасқан УС-99 құрылыс басқармасына тапсырылды. Маған көмек ретінде Ресейдегі Омбы қаласынан келген, темір жол құрылысы мамандығын бітірген Оразбаев деген қазақ жігітін қосты. Мердігер мекеме «Оренбургтрансстрой» тресті бастығының орынбасары Кремлева Ольга Павловна деген әйел адам болатын. Жұмысқа өте берілген, ер мінезді әйел адамын сол кезде бірінші рет көргенмін. Жиналыстарда ол ер адамдарды жұмыс жайында сөз алғанда бет қаратпайтын. 
Құрылыс арасында, темір жолдың жобасын жасаған Мәскеудегі атақты «Мосгипротранс» жобалау институтына, іссапармен де барып келетінмін. Жобаның бас инженері Фрадков, инженерлік зерттеу партиясының басшысы Осипов Николай және оның орынбасары Виктор деген кісілермен де талай жұмыс барысында жолықтық. Осы адамдардың арқасында көп нәрсені үйрендім, әлі де жылы сөзбен есіме алып тұрамын. Құрылыстың нағыз қызу жүріп жатқан жылдары. Мәскеудегі 7 министрліктің министр орынбасарларынан құрылған жұмысшы топ кварталына бір рет келіп Құлсарыда жиналыс өткізіп, көптеген шешілмей жатқан мәселелерді жазып алып, кейін өз тараптарынан тапсырма беріп көмектесетін. Сол топтың құрамында, жол қатынасы министрінің орынбасары, Нығметжан Исинғарин деген қазақ азаматы болатын. 
Бір жылдары, «Теңізмұнайгаз» бірлестігі басшысыз қалып, орталықтан Мәскеуден мұнай өндірісі министрлігіне қарасты басқарманың бастығы болған марқұм Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы жаңа басшы бекітілгенше 3-4 ай уақытша бірлестікті басқарған. Бір күні, апта сайын болатын жиналысқа өз бастығым Игнатов Николай Павлович, мені ертіп барған. Тосын сұрақтар болса маған жауабын айтып отырарсың деп қасына жақын отырғызды. Жиналысты жүргізіп отырған Нұрлан Өтепұлы, орнынан тұрып, қатынасып отырған адамдарды көзімен бір шолып шықты. Маған келгенде сәл кідіріп қалып, көп ұлттың ішінде жалғыз қазақ кім болды екен дегендей: «Сіз кім боласыз» деді. Мен орнымнан тұрып: «Құлсары-Теңіз темір жолының құрылысын бақылайтын жетекші инженермін» деп, мүдірместен жауап бердім. Ол, көп басқа ұлттың ішінде, өзінен басқа да қазақтың барына риза болғандай: «Отыр, бауырым» – деді.
Сол кезде бірлестік бас директорының құрылыс жөніндегі бірінші орынбасары орнына, Куйбышев (қазіргі Самара) қаласындағы құрылыс дирекциясының басшысы Адонин Вячеслав Сергеевич деген адам тағайындалған. Ол кісінің бірінші күннен-ақ, өзін-өзі ұстауына, іскерлігіне, қаталдығына қарап риза болдым. Кейін оның адамгершілігін де байқадым. Теңіз басында зауытта сол кезде апта сайын жиналыс болатын. Құлсарыдан Теңізге дейін асфальт жол құрылысы жүріп жатқан. Бір күні сондай бір жиналысқа асығып келе жатқанда, жол шаңынан, қарсы келе жатқан ауыр көлікті байқамай қалып апат болған. Сол апатта Адонин В.С. мен көлік жүргізушісі екеуі ажал құшқан. Қазір ол жерде, Теңіз кен орнындағы № 37 скважинадағы өрттен кейін айналасындағы еріген құмнан пайда болған слюдадан жасалған құлпытас тұр.
1986 жылдың күз айлары. Құлсары-Теңіз темір жолының құрылысы біте қойған жоқ. Жалпы құрылыс саласында үлкен объектілерді екі бөлікке бөліп тапсыру деген бар (1-й пусковой, 2-й пусковой комплекс). Соның бірінші бөлігі Құлсары стансасының жол торабына қосып, Теңіз стансасына, одан әрі, бастап салынып жатқан Теңіз газ өңдеу зауытына дейінгі темір жол жүйесін бітіріп іске қосу болатын. Теміржолшылардың қалыптасқан дәстүрлері бойынша, темір жолдың соңғы рельсіне «күміс қазық» (серебряный костыль) қағылып, Теңіз алаңында үлкен салтанатты митингі өтті. Митингіні сол кездегі Гурьев облыстық коммунистік партиясы комитетінің бірінші хатшысы Құлыбаев Асқар ашты. Митингіде Мәскеуден келген Мұнай өндірісі министірінің бірінші орынбасары Топлов, Көлік жолы құрылысы министрінің орынбасары, біздің жерлесіміз Мұнай өндірісі министірлігінің басқарма басшысы Нұрлан Балғымбаев, тағы да басқалар сөз сөйледі. Митингіден кейін темір жолмен алғашқы тепловоз жүргізіліп, біз сол тепловозбен Құлсары стансасына келдік. Бұл алып Теңіз мұнай-газ кешені құрылысының алғашқы қарлығашы болатын. Өзімнің алғаш объектімді тапсырғаныма менің қуанышымды сөзбен айтып жеткізу қиын. Осылай мұнай-газ саласындағы болашақ құрылыстарға жолдама алдық деуге болады. Міне сол еңбектің бұйыртса зейнетін де көргелі тұрмын.
Сол кездерде құрылысшы мамандығын қоғамда өте қатты құрметтейтін. Мемлекет дәрежесінде белгіленген тамыз айының 10-ны күні құрылысшылар төл мерекесі жылда аталып өтетін. 1998 жылы «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігі екі жақты келісім бойынша «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігімен біріктірілді. Мен өзім мұнай саласының құрылыс бөлімінде еңбек еткеніме 30 жылдан асып, жалпы еңбек жолым 40 жылға таяп, биыл бұйыртса зейнеткерлікке шыққалы отырмын. 1990 жылдар ішінде Қисымбай, Аққұдық, Ақінген кен орындарын орналастыру құрылыс жұмыстарына қатынастым. Ірі құрылыстардан Прорва мұнай дайындау және айдау орталығы мен Теңіз бас мұнай айдау стансасы аралығындағы ұзындығы 55 шақырым құрайтын Қытай мемлекетінен әкелінген әйнек-талшықты құбырдан салынған мұнай құбыры, Прорва өндірісіндегі 500 орындық вахталық қалашығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, су тазалау кешені, 1000-5000 текше метрлік мұнай жинақтау темір тік қазандықтарын атауға болады. Жалпы ірілі-кішілі құрылыстар көп.  
Мұнай көздерін барлау, игеру, оны дайындау және тасымалдау жұмыстары ірі технологиялық кешендердің, құбырлардың, тағы басқа да көптеген жүйелердің, өндірісте қызмет ететін адамдарға жағдай жасау үшін әлеуметтік инфраструктуралардың  құрылысын қажет етеді. Ал оның барлығы «құрылысшы» деген құрметті мамандықтың иегері болған «адам» күшімен атқарылатыны айдан анық. Тоқсан ауыз сөздің түйіні, сол құрылысшы мамандығының иегерлері ұмытылмай, жыл сайын өздерінің төл мерекелерінде де еңбектері аталып, марапатталып, құрметтелсе екен деймін. «Мұнайлы мекен» газеті беттерінде мұнай саласында еңбек етіп жүрген құрылысшылар туралы да тақырыптар жариялап тұрсаңыздар деймін. 

Бауыржан Жарекенов,
«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы
құрылыс бөлімінің инженері

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх