Бабалар жүрген ізбенен...

Бабалар жүрген ізбенен...
18.05.2018
183
Әлеумет

Бабалар жүрген ізбенен...

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының Жас мамандар кеңесі «Бабалар жүрген ізбенен» атты 2 күндік танымдық экспедицияны ұйымдастырды. Экспедиция құрамында 45 жас маман мен БАҚ өкілдері болды. Топ өздерінің сапарын Айрақты, Шерқала тауларынан бастады. Содан соң жылжи отырып, Самал шатқалында жыл он екі ай бойы тоқтамай ағып жататын балдай дәмді бұлақтан сусындады. Шатқалда өсіп тұрған долана, тікенді бұта, қамыс көптеген дәрілік өсімдіктермен танысты. Ақмыш бағын тамашалаған туристер осы маңайда ат шалдыртып, түскі тамақ ішіп, тыңайып алды. Таза ауада ішілген тамақтың жөні бір басқа болды. Жастар жігіттер қуырған қуырдақ пен қыздар әзірлеген жан жадыратар шай ішіп, қуаттанып алды.
Жас мамандар құрамындағы өнерпаз әнші Ерлан Жұматов гитарамен ән салып, топтың көңілін көтеріп отырды. 10-16 ғасырға тән Кенті баба қорымындағы қойтастарды көрген жастар басын шайқап, таңдай қақты. 


Экспедицияның гиді Құралай Шақпақ Ата, Сұлтан үпі жерасты мешіттерінің тарихымен таныстырды. Қазақтың «көп ұйықтасаң-түс көресің, көп жүрсең-іс көресің» дегені рас екен. Өзенмұнайгаздықтар бабалары жүрген ізбенен жүріп, шексіз кең аспан, шетсіз жер арасында жел айдаған қаңбақтай қай сайдан шығып, қай сайда қалары белгісіз баянсыз тірлікте, адамның адамға деген кәусар махаббатынан өзге ұлы сезім болмайтынын, одан өткен, одан зор тірлікте байлық болмайтынын ұғынғандай болды.
Жас мамандар кеңесінің төрағасы Бауыржан Бәйімбетов «Туған жердің әр түйір топырағынан қасиет іздеу, әр тал шөбіне үңіле білу азаматқа лайық іс. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер киелі Маңғыстауда туып, Маңғыстауда өлген адамның арманы бар ма екен?! Табиғаттан әсерлене білетін адам үшін түз сапары үлкен ғанибет екен»-дейді. 
Екі күнге созылған экспедициядан жас мамандар керемет әсер алды. Рухани байып, ойланып, нұрланып қайтты. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх