Қызметте адал, ортасына сыйлы болған азамат

Қызметте адал, ортасына сыйлы  болған азамат
22.06.2018
159
Қызметкерлер

Қызметте адал, ортасына сыйлы болған азамат

Жаңаөзен жұртшылығы 2018 жылдың маусым айының 10-күні еліміздегі мұнай және газ өндіру саласының дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тұлға, алғашқы кен игерушілердің бірі, «ӨзенМұнай» мұнай және газ өндіру басқармасының еңбек сіңірген қайраткері Орынбек Абишаевпен мәңгілікке қоштасты. 

Саналы ғұмырының ұзақ жылдарын еңбекке арнаған ардақты азамат Орынбек Абишаев 71 жасына қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды. 
Ол 1947 жылдың 2 қазанында Түркіменстан Республикасы, Ташауыз облысы, Жданов колхозында өмірге келген. 1964 жылы Ташауыз ауылшаруашылық техникумында оқуын аяқтаған. 
Алғаш еңбек жолын 1964 жылы Өзен геологиялық барлау экспедициясындағы «Қазақстанмұнай» бірлестігінде 5-дәрежелі көтергіш машинисі болудан бастаған. 1967 жылы В.И.Ленин атындағы политехникалық институтына оқуға түсіп, 1972 жылы «тау инженері» мамандығы бойынша оқуын тәмамдаған. Одан әрі О.Абишаев мұнай өндіру саласы бойынша «ОМН» Маңғышлақ газ өндіру басқармасында қызметін жалғастырған. 1973-1986 жылдары қарапайым қызметкерден бастап әр түрлі инженерлік қызметтерді абыроймен атқарған ол еңбек жылдарында «Маңғышлақмұнай» бірлестігінде оператор, шебер, ауысым бастығы, басшының орынбасары, ЖҰЖ және ҰКЖ цехтарының бастығы, техникалық бөлімнің бастығы қызметтерінде болып, 1986 жылы МҚӨАж СКЖ басқармасының басшысы болып, одан 1994 жылы «Қаражанбастерммұнай» өндірістік ұйымына бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары және өндіріс жөніндегі вице-президенті болып ауысқан. 1994 жылы қайтадан «ӨзенМұнайГаз» ӨҰ-на сыртқы байланыс бойынша бас директордың орынбасары, өндірісті жүзеге асыру және жабдықтау саласы бойынша бас директордың орынбасары болып тағайындалған. 1996 жылы «ӨзенМұнайГаз» ААҚ-ның вице-президенті атанып, 1997 жылы жаңадан бой көтерген жас ұйым «КРУЗ» ЖШС-іне басшылық еткен.
Сол уақыттармен дөп келген ел экономикасының құлдырауы, Маңғыстаудың қатал климаты, арнайы техникалар мен бұрғылау қондырғыларының жетіспеушілігіне қарамастан бастапқыда 50-ге жуық қызметкерімен жұмысты бастаған жас ұйым, қазіргі таңда 1400-ге жуық маман еңбек ететін бәсекеге қабілетті, тұғыры мықты ұжымға айналып отыр. 
Орынбек Абишаев 1997 жылдан бастап 2008 жылға дейін «КРУЗ» ЖШС-нің бас директоры болып қызмет атқарып, 2010 жылы осы ұжым атынан құрметті зейнет демалысына шықты.
Өңірдің қанат жайып, Қазақстан мұнайының дамуына елеулі үлес қосқан азамат тынымсыз еңбегі мен төккен маңдай тері үшін «Өзенмұнай» МГӨБ еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі мен «ҚазМұнайГаз» атты ескерткіш белгісімен марапатталып, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатын иемденген. 
Қызметте адал, ортасына сыйлы бола білген ардақты азаматтың жүріп өткен жолы, ел қамы үшін жасаған еңбегі өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз. Ел ағасының абыройлы істері мен жарқын бейнесі біздің бәрімізге мақтаныш және жадымызда мәңгі сақтала бермек. Жатқан жеріңіз жайлы болып, жаныңыз пейіште шалқысын, аяулы азамат! Алдыңыздан жарылқасын! 
«Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, қапелімде қаза болған азаматтың отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, барша тілеулес жандарға Алладан демеу тілейміз!

 «ӨзенМұнайСервис» ЖШС ұжымы 


Естеліктер:

«Мен басшымын» демей, қара жұмысқа бірдей араласатын


Гүлмира Кульчукова,
«ӨзенМұнайСервис» өндірістік-технологиялық бөлімінің инженер-технологы:

– «Круз» мекемесіне 1998 жылы диспетчер мамандығы бойынша жұмысқа орналас­тым. Сол мезгілде құрылғанына жылға жуық уақыт болған мекеменің басшысы Орынбек Абишаев болды. Жаңадан негізі қалаған мекеме болғандықтан, бастапқыда, жұмысшыларға еңбек етуге ешқандай жағдай жасалмаған еді. Басшының көрегенділігінің арқасында біртіндеп жүйе қалыптасып, қызметтің сапасы арта түсті. Орынбек аға «Мен басшымын» демей, қара жұмысқа, жалпы еңбекке жұмысшымен бірдей араласатын. Өзі іске келгенде адал, әрі барын салып жасайтындықтан, басқалардан да соны талап ететін. Бойында қаталдығымен қоса, қарапайымдылығы да бар еді. Ақыл сұрап, көмек сұрар болсаң, жөн сілтеп, қол ұшын беруге даяр тұратын. Басшы ретінде көпке үлгі бола білген білікті жанның бірі еді. 

Кез келген жұмысшымен тікелей байланыс орнататын

Қайрат Абулгазиев, 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС Техникалық қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау бөлімі басшысының орынбасары:

– Абишаев Орынбек – скважиналарды күрделі жөндеу жұмысының нағыз маманы. Күрделі жөндеу жұмыстарының барлық қыр-сырын ұққан адам. Өзі қара жұмысшыдан бастап, басшылыққа дейінгі қызметтерде болғандықтан кез келген жұмысшымен тікелей байланыс орнататын. Сондай-ақ, өндірістің деңгейін жауапты мамандар айтпай-ақ, өздігінен біліп, сезіп отыратын еді. Ол кісі үшін ылғи тәртіп бірінші орында тұрды. Қызметкерден басшы ретінде кез келген тапсырманың аяғына дейін орындалуын қатаң түрде сұрайтын. Өзінен кейінгі жастарға өзі үйретіп, жоғары талап қойып, үлкен сенім білдіре де білетін еді. Ұстаз ретінде, еңбек адамы ретінде, жай ғана азамат ретінде де Орекеңнен үйренеріміз көп еді. Иманың саламат болсын, ардақты азамат! 

Сөздің емес, істің адамы еді

Текебаев Нұрлыбек 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС механикалық-энергетикалық бөлімінің басшысы:

– Орынбек Абишаев – ғұмырының саналы бөлігін осы мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына арнаған жан. 1998 жылы «КРУЗ» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, алғаш жұмыс жасай бастаған жылдары ешқандай техника, құрылғы, құрал-жабдықтар жоқтың қасы, соған қарамастан қиын-қыстау кезеңдерде табандылық танытып жоқтан бар жасаған адамдардың қатарындағы еңбекқор азамат. Кезіндегі «КРУЗ» қазіргі «ӨзенМұнайСервис» серіктестігінің негізін қалаған, қазығын бекіткен осы Орекең еді. Сөздің емес істің адамы еді. Ылғи ол белгіленген тәртіп пен нәтижелі еңбекті қолдайтын. Жұмысқа деген сақтықты бірінші өзінен іздесе, сонан соң өзінен кейінгі қызметкерлерге соны үлгі ететін. Адамгершіліктен аттап айтар артық әңгімесі жоқ азамат ретінде де ортасына сыйлы еді. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх