Байқау жеңімпаздары анықталды

Байқау жеңімпаздары анықталды
13.08.2018
103
Қызметкерлер

Байқау жеңімпаздары анықталды

«Ембімұнайгаз» АҚ құрылымдық бөлімшелері мамандарының арасында өткен «Үздік маман-2018» сайысының 2-кезеңі өз мәресіне жетті. «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының (МГӨБ) С.Балғымбаев кен алаңында екі күнге созылған сайыста ембілік мұнайшылар мұнай-газ саласы бойынша мамандықтың 13 түрінен өзара сынға түсті. 

«Үздік маман-2018» байқауының жабылу салтанатында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтап, арнайы дипломмен, ақшалай және имидждік сыйлықтармен марапаттады. 
– Компанияға қарасты басқармалардың тек үздік мамандары ғана бас қосқан екі күндік сайыс сәтті өтті. Биылғы байқаудың ерекшелігі, қатысушылардың көбі жастар болып отыр. Соның ішінде, үшеуі – дуалды оқыту бағдарламасы бойынша компанияға жұмысқа қабылданған жас мамандар. Өндіріске жас мамандар келіп, олардың арасынан үздік мамандардың шығуы компанияның қол жеткізген үлкен жетістігі деп санаймын, – деп атап өтті өз сөзінде Ә.Жақсыбеков. 
Дәстүрлі байқау қорытындысымен ембілік мұнайшылар төмендегідей нәтижелерге қол жеткізді. 
«Мұнай және газ өндіру операторы» номинациясы бойынша жеңіске «Доссормұнайгаз» МГӨБ операторы Айбек Тұрсынбек жетсе, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ операторы Жалғас Рамазанов ІІ орынды еншіледі. Ал, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ операторы Алтай Әжіхановқа ІІІ орын бұйырды. 
 «Ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы (вахта)» номинациясында «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ операторлары Келдібай Сариев, Орынбасар Мусиев пен Саян Мұқашев топты жарып, алға шықса, «Доссормұнайгаз» МГӨБ операторлары Берік Жаберов, Кадірбек Нұрғожиев, Ертай Жанайсов ІІ орынды иеленді. «Жайықмұнайгаз» МГӨБ операторлары Талғат Жүкеев, Серік Досқалиев пен Жасұлан Мырзабаев ІІІ орынды иемденді. 
«Ұңғымаларды зерттеу операторы» номинациясы бойынша «Қайнармұнайгаз» МГӨБ операторы Райымбек Сағызбаев өз білімінің басым және тәжірибесінің мол екендігін дәлелдеді. «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ операторы Абай Текеев бұл аталымда ІІ орынды иеленсе, «Доссормұнайгаз» МГӨБ операторы Еркін Башановқа ІІІ орын бұйырды. 
«Мұнай (тауарлы) дайындау операторы» номинациясы бойынша сынға түскен «Доссормұнайгаз» МГӨБ операторы Қуандық Қонановқа кәсіби біліктілігі жағынан тең келер ешкім болмады. «Жайықмұнайгаз» МГӨБ операторы Қайрат Хисметов және «Қайнармұнайгаз» МГӨБ операторы Құрал Абденов ІІ және ІІІ орындарды бөлісті. 
«Сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы» аталымы бойынша «Доссормұнайгаз» МГӨБ операторы Асылбек Көшекенов жеңіске жетсе, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ операторы Тұрар Жайлашев ІІ, «Жылыоймұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасынын операторы Мейрам Қаратаев ІІІ орындарды еншіледі. 
«Жер қабаты қысымын сақтау операторы» номинациясы бойынша конкурсқа қатысқандардың арасынан «Жайықмұнайгаз» МГӨБ операторы Сағынжан Молдаш үздік шықты. Ал, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ операторы Алшынбай Исаинов ІІ орын жүлдегері атанса, «Доссормұнайгаз» МГӨБ операторы Айдос Бисенғалиев ІІІ орынға ие болды. 
«Химиялық талдау жасау лаборанты» аталмында үздік шыққан «Доссормұнайгаз» МГӨБ лаборанты Айжан Хамитова жеңіс тұғырынан көрінсе, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ лаборанты Әсия Ахметова ІІ орын жүлдегері атанды. ІІІ орынға ие болған – «Қайнармұнайгаз» МГӨБ лаборанты Данияр Өмірғазиев.
«Электр газбен дәнекерлеуші» аталымы бойынша үздіктер қатарында «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ маманы Әнуарбек Битималиев (І орын), «Қайнармұнайгаз» МГӨБ маманы Жақсылық Қасенов (ІІ орын), «Доссормұнайгаз» МГӨБ маманы Ерболат Атагузиев (ІІІ орын) болды. 
«Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеуші – дәнекерлеуші» аталымында «Доссормұнайгаз» МГӨБ жөндеушісі Аман Танашев жеңіске жетті, ал, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ жөндеушісі Бекболат Тәжмұратов ІІ орын, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ жөндеушісі Оспанов Ерболат ІІІ орын иегері атанды. 
Байқауда «Токарь» аталымы бойынша кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін дәлелдеген «Доссормұнайгаз» МГӨБ маманы Нұрсейіт Қоңырбаев. Ал, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ маманы Айболат Жұмакалимов ІІ орын тұғырынан көрінді. «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ маманы Аманбай Құсайынов үздік үштік қатарынан көрінді. 
«ЦА-320» арнаулы көлігінің машинисі аталымында топ жарған – «Жайықмұнайгаз» МГӨБ машинисі Нұрлыбек Жұмағалиев. Ал, «Қайнармұнайгаз» және «Доссормұнайгаз» МГӨБ машинистері Нұржасар Галиев пен Айболат Рахманов ІІ және ІІІ орындарды бөлісті. 
«Жүк таситын көлік жүргізушісі» аталымында үздік шыққан – «Қайнармұнайгаз» МГӨБ көлік жүргізушісі Қасым Мекебай. Ал, «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» басқармасының машинисі Данияр Бисембаев пен «Доссормұнайгаз» МГӨБ машинисі Арман Аймағамбетов ІІ және ІІІ орын жүлдегерлері атанды. 


Дәстүрлі шеберлік байқауындағы «Электр монтері» аталымында «Ембімұнайэнерго» басқармасының «Жайық» аудандық электр торабының электр монтерлері Қуандық Хасанов пен Миллат Идрисов топ жарып, үздік шықты. Ал, аталмыш басқарманың «Мақат» аудандық электр торабының электр монтерлері Бекназар Ақмурзиев пен Азамат Байөміров ІІ орынды иеленді. 
ІІІ орын жүлдегерлері болып аталған басқарманың «Доссор» аудандық электр торабының электр монтерлері Ержан Тукенов пен Ермек Жұбан атанды.
Екі күнге созылған кәсіби шеберлік байқауының қорытындысымен жүлделі І, ІІ және ІІІ орындарды иеленген үздік мамандар арнайы дипломмен, ақшалай сертификатпен және имидждік сыйлықпен марапатталды. Байқау жеңімпаздары «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ шеңберінде өтетін финалдық кезеңге жолдама алды. 


Жалпыкомандалық есеп бойынша І орынды «Доссормұнайгаз», ІІ орынды «Қайнармұнайгаз», ІІІ орынды «Жайықмұнайгаз» МГӨБ командалары иеленді. Айта кетсек, «Доссормұнайгаз» МГӨБ командасы өткен жылғы байқауда да үздік шыққан болатын. 
– Компания бойынша дәстүрлі шараға айналған «Үздік маман» сайысына доссорлық мұнайшылар ерекше мән береді. Әркез сайыста болатын теория мен тәжірибелік тапсырмаларға тыңғылықты дайындалады. Осының нәтижесінде «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық басқармалар ұжымдары арасында өтетін «Үздік маман» байқауының 2-кезеңінде осымен екінші жыл қатарынан «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы жеңімпаз атанып отыр. 
Биылғы сайысқа басқарма атынан 14 маман қатысса, оның 5-уі жас маман. Жалпы, біз осындай байқауларға талантты, білімді жас мамандарды көптеп тартуға тырысамыз, – деп атап өтті «Доссормұнайгаз» МГӨБ басшысы Амангелді Сүлейменов. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх