Қаражанбас тәлімгерлеріне дән ризамын

Қаражанбас тәлімгерлеріне дән ризамын
13.08.2018
133
Қызметкерлер

Қаражанбас тәлімгерлеріне дән ризамын

Бірнеше жылдан кейін мемлекетіміздің бет-бейнесі болатын, біраз жылдан соң билік тұтқасын ұстап, қуатты ел тұғырына айналатын жастарға инвестиция құю – стратегиялық тұрғыдан ұтымды шешім. Олар алған білімін қоғамға арнап, сол арқылы өмір сүру деңгейін арттыру және басқа да көптеген пайдалы әрі жағымды нәрселермен айналысу керек екенін түйсініп, сол жолдағы жауапкершілікті терең сезінеді. 
Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Ал, білікті маман қай кезде де қоғамда жоғары сұранысқа ие. Ең алдымен, ол – кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық әлеуеті мол тұлға. Қазіргі таңда жоғарғы оқу орнында білікті маман даярлау үшін оқытушы мен студенттің қажымас еңбегі ғана емес, сонымен қатар, теориялық білімді практика жүзінде дамытып, қолдануы үлкен маңызға ие болып отыр. 
Бүгінгі студенттердің бақытына орай, тегін білім алып, ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен айналысып, өндірістегі аға-әпкелерімен, бірге жұмыс атқарып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасалған. Соның мысалы ретінде өзімнің Қаражанбас кен орнынан өткен он күндік өндірістік практикамды айта аламын. Практикадан өту уақытында мен кен орнындағы ұңғылардан алынатын күнделікті ақпараттарды салыстыра отырып, ұңғы жағдайына сараптама жасау, іс-құжаттарын жүргізу, түрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдау, қазіргі уақытта көптеген маңызға ие мұнай-газ саласындағы компьютерлік бағдарламаларды меңгеру жөнінен көптеген тәжірибе жинадым. 
Бір сөзбен айтқанда, жоғарғы оқу орнында алып жатқан білімімді практика жүзінде толықтырдым. Сонымен қатар, бұл өндірістік практика мамандығымды қателеспей таңдағанымды, болашақта осы салада қызмет істеймін деген сенімімді арттыра түсті. Осы орайда, практика барысында мені өндірістің барлық жұмысымен таныстырып, мол тәжірибесімен бөлісіп, білгендерімен үйретуге тырысқан майталман мамандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. 

Гүлзира ОҢАЛБЕКОВА, 
Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 3 курс студенті
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх