Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ембіде болды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ембіде болды
24.08.2018
106
Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ембіде болды

23 тамыз күні Атырау облысына жұмыс сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас кеңсесіне келді. Бұл Ембі үшін ерекше күн болды. Өйткені, осыдан 23 жыл бұрын Мемлекет басшысы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ашылу салтанатына қатысқан еді. Міне, ширек ғасырға жуық уақыттан соң Елбасы қазақ мұнайының қара шаңырағына аяқ басты.
Сапар барысында ел Президенті компанияның өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервистері жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев Мемлекет басшысына Интеллектуалды кен орнының жүйесін егжей-тегжейлі таныстырып, бұл жобаның нақты уақыт режимінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ, кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиженің пайдасы бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.  
– Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек, – деп тапсырды ел Президенті.
Сонымен қатар ЕМГ кеңсесінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысына «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады. 
Бұған қоса Мемлекет басшысына Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аталған электронды ресурстың енгізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Компания тарихы үшін ерек күн
«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы 95 жылдық тарихы бар компаниямызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келгеніне дән риза.  
Компания соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өндіріске жаңа технологиялар мен жобаларды енгізіп келеді. Қазіргі заман талабына сай мұнай-газ саласын цифрландыру уақыт күттірмейтін өзекті мәселе екені белгілі. Осы орайда, геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын әзірлеу жұмыстарын жүргізу, мұнай мен газды өндіру, дайындау қызметтерімен айналысатын «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы соңғы жылдары кен алаңдарын цифрландыру бағытындағы  жұмыстарға ерекше назар аударып отыр. Өндірістің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, бизнесті дамыту үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылды.
2016 жылы өндіріс шығындарын оңтайландыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында «Интеллектуалды кен алаңы» жобасы пилоттық тәртіпте Уаз кен алаңында іске қосылып, бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мемлекет басшысын бұл жобада, әсіресе, жаңа технологиялардың тиімділігі қызықтырды. Айқын нәтиженің бірі – электр энергиясын үнемдеу 35 пайыздан жоғары көрсеткішке жетті. Ұңғымалар қорын пайдалануды үдету арқылы қосымша мұнай өндіру көлемі артты. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі қысқарып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздікті арттыруға қол жеткіздік. Мұның барлығы жоба іске қосылғаннан бергі 2-3 жыл ішінде инвестицияны қайтаруға мүмкіндік береді.  
Ұңғымалар параметрлері онлайн-режимінде мұнай-газ өндіру басқармаларындағы диспетчерлік бөлімге  және ЕМГ өндірістік процестерді қадағалау орталығына жіберіледі. Келіп түскен ақпарат осы жерден сарапталып, соның негізінде ұзақ мерзімді жоспарлар құрылады. 

Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ, 
«Ембімұнайгаз» АҚ
Басқарма төрағасы

Елбасы үлкен міндеттер жүктеді
Қазақ мұнайының бастауында тұрған 95 жылдық тарихы бар «Ембімұнайгаз» АҚ-на  Президентіміздің келуі – ембілік мұнайшылар үшін үлкен мәртебе.  
Мемлекет басшысы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Интеллектуалды кен алаңы жобасын жоғары бағалады. Аталған теңдесі жоқ жобаның көмегімен 24 сағат бойы үзіліссіз жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан кен орнын онлайн-режимде бақылауға болады. Мәселен, аяқ астынан ұңғыма жұмысы тұрып қалуы мүмкін. Сол уақытта біз осы жерден тез арада бақылауға алып, тапсырма беріп, ұңғыманы қоса аламыз. 
Соңғы технологияларды атыраулықтар инженерлік жүйеде ұтымды пайдаланып жүр. Елбасы геопортал арқылы ауыл шаруашылық, табиғи пайдалы қазбаларды өндіру сынды салалардағы жұмыс барысын онлайн бақылап, электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтермен танысты.
2017 жылы компанияға қарасты Прорва кен алаңдары тобына таратылды. Ал, биыл бұл бағдарлама «Жайықмұнайгаз» бен «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларының кен алаңдарында іске асырылуда. 
Игілікті істің заңды жалғасы ретінде «Ембімұнайгаз» АҚ 2023 жылға дейінгі «Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасында 11 кен алаңын цифрлы жүйеге көшіруді жоспарлап отыр. 

   Абат ҚҰТЖАНОВ, 
«Ембімұнайгаз» АҚ өндіріс жөніндегі 
басқарушы директоры
 

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх