Бағдарламаны іске асыру барысы түсіндірілді

Бағдарламаны іске асыру барысы түсіндірілді
29.08.2018
115
Жаңалықтар

Бағдарламаны іске асыру барысы түсіндірілді

2018 жылғы тамыздың 22-24 күндері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Қарабаев пен Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервистері жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның акт залында еңбек ұжымымен және Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кеңсесінде акционерлермен, ардагер-мұнайшылармен кездесіп, артықшылықты акцияларды қайта сатып алу бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Акция – компания пайдасының бір бөлігін дивиденд түрінде алуға құқық беретін құнды қағаз. Кез келген компания табысты қызмет ету үшін қаражат тартуды көздейді. Ал, қаражат тартудың бір жолы – акцияларды сатылымға шығару. 2004 жылдың сәуір айында «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ қосылуының нәтижесінде құрылған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2006 жылдың қыркүйегінде IPO Лондон қор биржасына өз акциясын сатылымға шығарды. Әлем елдеріне кең танылған Лондон қор биржасына акциясын орналастырған төрт қазақстандық компанияның бірі – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ осы арқылы 2 миллиард доллардан астам қаражат тартқан болатын. Ол қаражат өндірісті дамытуға, жаңа кен орындарын игеруге жұмсалды. 
Ал, бүгінгі таңда КМГ БӨ мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы арасында интеграция процесі жүріп жатыр. «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ – өз алдында үлкен міндеттер қойған 100 пайыз отандық компания. Ембі өңіріне қатысты шараларды нақтыласақ, Атырау облысы Жылыой ауданының аумағындағы Қаратон жерінде 5 500 метр тереңдікте барлау бұрғылау жұмыстарын жүргізу жоспары тұр. Бұл өңірдегі қордың көлемі 500 миллион тонна деген болжам бар. Атырау облысы Исатай ауданының аумағында да терең бұрғылау жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр. Сол арқылы ғасырдан астам өнім өндіріп келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өнім көрсеткішін 3 миллионға жеткізу көзделуде. Әрине, бұл ауқымды жұмыстарға үлкен қаражат керек. Отандық компания алдағы кезегін күткен маңызды шараларды нәтижелі ету жолдарын қазірден бастап қолға алған. 
2018 жылдың соңына таман «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-да қызметіне байланысты біраз өзгерістер болуы ықтимал. Осыған орай компанияның артықшылыты акцияларын қайта сатып алу ұсынысы туындап отыр. Сатылымға шығатын бір акцияның құны 12 800 теңге көлемінде бағаланған. КМГ ҰК Басқарма төрағасының орынбасарлары Дәурен Қарабаев пен Құрманғазы Есқазиев акцияны сатып алу құнды қағаз иелері мен компания үшін тиімді ол екеніне баса мән бере отырып, бұл жұмыстың орындалу жолдарын жиналғандарға жан-жақты түсіндірді. 
Мұнайшылар тарапынан сауалдар көп болды. «Бір акцияның құны 12 800 теңге деп бағалану жолы қалай есептелінген?» деген сауалға нақты жауап та берілді. 
«Акцияның бағасын белгілейтін – нарықтағы жағдай. Бір акцияның құнына нарық бағасының үстемақысы қосыла есептелінген. Яғни, бір акцияның орташа бағасы 10 292 теңге болса, оған нарық бағасының үстемақысы 24,4 пайыз қосылып отыр. Сонда бір акцияның құны 12 800 теңгені құрайды», – деді Д.Қарабаев.
Жалпы, компания акциялары жай акция, артықшылықты акция деп екі түрге бөлінеді. Айырмашылықтарына келсек, жай акция иелері компания тараған сәттерде өтемақыларын ала алмай қалса, артықшылықты акция иелеріне белгілі бір мөлшерде ақшаларын алуларына мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда КМГ БӨ артықшылықты акцияларының 86 пайызы – жеке тұлғалардың қолында. Акция иелері – «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері мен ардагерлері. 
«КМГ БӨ акциясы «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ-ға неге берілмейді?» деген сауалға да тұщымды жауап берілді. 
Қ.Есқазиевтің айтуынша, 2004 жылы құрылған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ акцияларының мұрагері құқығына ие болды. Ал, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бұл акциялардың мұрагері бола алмайды. 
Соңғы 3 жылда дивиденд құнының төмен бағаланып келгені көпшілікті алаңдатқан мәселенің бірі-тін. Басшылармен болған кездесуде ардагер-мұнайшылар тарапынан дивиденд бағасының 25 теңге көлемінде төленіп жүргендігі де айтылды.
«Осыған дейін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ табысының белгілі бір бөлігін мұнайлы өңірлердегі қайырымдылық- демеушілік шараларына арнап, нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына қарамастан әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына жұмсалатын қаражат көлемін азайтпай ұстап келді. Жұмысшылар тарапынан да қысқарту болмады. Түсіне білген адамға бұл – өте үлкен шаруа» – деді Қ.Есқазиев. 
Атап өту керек, бағдарламаға қатысу ерікті түрде жүреді. Артықшылықты акциялардың иелері көптеген факторларды – ағымдағы нарықтық жағдайды, компания қызметінің алдағы мүмкіндіктерін, тәуекелдерді және жеке өзіне тән жағдайын есепке ала отырып сатуға не сатпауға шешім қабылдауы тиіс. 
Д.Қарабаевтың айтуынша, артықшылықты акцияларды кері сатып алу компания үшін белгілі бір артық капиталдың қайтарылуы. Ол компанияның капитал құрылымын оңтайландыруға және ҚМГ тобындағы компанияларды қайта құрудың бұдан арғы жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өйткені, ҚМГ БӨ операциялық қызмет атқармайды, тек ҚМГ тобындағы компаниялардың өндірістік активтеріне иелік етеді. Қазіргі таңда ҚМГ БӨ-нің одан әрі қызметінің түрлі нұсқалары қаралып жатыр. Осыған байланысты бұл кезеңде артықшылықты акцияларды сату акция иелері үшін де, компания үшін де тиімді болып табылады. 
Айта кету керек, артықшылықты акцияларды сату 2018 жылдың 13 тамызынан бастап 15 қарашаға дейінгі аралықта жүзеге асады.
 


Аманжан Өтесінов,
«Өзенмұнайгаз» АҚ ардагер-мұнайшысы, компания акционері:
 – Мен Өзенмұнайгазда 40 жылдан астам уақыт жұмыс жасадым. Мен де сіздер сияқты акционермін. Акцияларым бар. Әркім өзі біледі. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ жабылуы мүмкін. Ерте ме, кеш пе, акция сатылады. Сол себепті әркім өз отбасымен ақылдасып, бір шешімге келу керек. 
 


Қайырлы Жұмағазиев,
«Ембімұнайгаз» АҚ еңбек ардагері:

– Бұл мәселе «Акционерлер қоғамы туралы» заң жүйесінде толық көрсетілген. Егер акционерлік қоғам таратылған жағдайда, оның акциясы да өз жұмысын тоқтатады. 2018 жылдың соңында КМГ БӨ өз жұмысын тоқтатқалы отыр, акционерлердің жалпы жиналысында Компанияны таратып, оның артықшылықты акциясын қайта сатып алу жөнінде шешім алынған. Компания қандай жағдайда таратылады және кімдер шешім алатыны заңда анық көрсетілген. Акционерлердің жалпы жиналысының ұйғарымы, артықшылықты акцияны қайта сатып алу және әр акцияға қойылған баға туралы жиналыстың шешімі заңды күшіне енген құжат. Ол талқыланбайды, орындалуға тиісті. Кәсіпорын өз жұмысын тоқтатқан мезгілде оның артықшылықты акциясының құнын белгілейтін – нарықтағы баға. Компания жұмысын тоқтатқан кезде сатылмаған акция өз құнын жояды. Сол себепті, Компания басшыларының қойып отырған бағасы өте тиімді. Қолдағы бар акцияларымызды дер кезінде өткізгеніміз дұрыс.

 

Руслан Гилизитдинов,
«FREEDOM finance» компаниясының филиал директоры:

– Бүгінгі нарықтағы бағамен салыстырғанда бір акцияның құнын 12 800 теңге деп бағалау өте тиімді. Құнды қағаз дер кезінде бағалануымен құнды. Сол себепті, өз жұмысын тоқтатқалы тұрған компанияның акционерлері үшін қолдарындағы артықшылық берілген акцияларын сатылымға шығару – дұрыс шешім. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх