Тартысқа толы тәуліктердің тарландары

Тартысқа толы  тәуліктердің тарландары
17.09.2018
174
Қызметкерлер

Тартысқа толы тәуліктердің тарландары

«ҚМГ» ҰК спартакиадасы

Еліміздің барлық жерінде спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Спортпен белсенді айналысатын адамдар көбейді. Қоғамда салауатты өмір салтының мәдениеті қалыптасып жатыр. Әрине, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы да әрдайым осындай үдерістің алдыңғы шебінде келе жатқаны рас. Спорттық шаралар «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қызметкерлерінің өмірінен бұрыннан орын алған. Компанияның көптеген еншілес ұйымдарымызда жыл сайын Спартакиада өткізу игі дәстүрге айналды. Мұндай корпоративтік шараларды қолдау ҚМГ басшылығының бұлжымас ұстанымына айналды.

Биыл үшінші жыл қатарынан ҚМГ компаниялар тобы деңгейінде Спартакиаданың ақтық кезеңі өткізілді. Ымырасыз күресте ең мықтыларды анықтау үшін Спартакиадаға 30 еншілес кәсіпорында іріктеу кезеңдерінде жеңіске жеткен спортшылар жиналды.
Спартакиада шағын футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, армрестлинг, жүзу және тоғызқұмалақ тәрізді сегіз спорт түрінен өтті. Спорт түрлері бойынша бұл Спартакиада «Самұрық-Қазына» Спартакиадасына толық сәйкес келеді және осы Спартакиаданың жеңімпаздары «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының ақтық сайыс­тарында «ҚазМұнайГаз» намысын қорғайтын болады.
Спартакиадаға қатысушыларға белсенді өмірлік ұстанымы үшін және кәсіби қызмет пен салауатты өмір салтын қатар алып жүргені үшін алғыс айтқан «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өз құттықтауында денсаулықтарын шыңдап қана қоймай, рухы мықты адам ретінде әріптестері мен жақындарына үлгі бола білген Спартакиадаға қатысушыларға қашанда жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектестігін білдірді.
Шынында да, спорт адамды мақсатқа ұмтылу, табандылық, командада жұмыс істей білу тәрізді ең жақсы қасиеттерге бау­лиды. Мұндай қасиеттер «ҚазМұнайГаз» қызметкерлерін спорттық қана емес, кәсіби аренада да жеңіске жетуге көмектеседі.
Үш күнге созылған Спартакиаданың спорттық алаңдарындағы күрес әділ әрі әсерлі болды. Дәл осы алаңда жарыс пен бәсеке рухында өткен ақтық сындарда үлкен де даңқты ұжымның бірлігі бұрынғыдан да нығая түсті.
Осы жылы спорттық жарыстар Назарбаев Университеті спорт кешенінің аумағында өтті. Елордамызға ҚМГ компаниялары тобының 30 ұйымынан 350 қатысушы жиналып, ақтық бәсекеде бақ сынасты. 
Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев өңірлік спартакиадаларда жарыстардың бірінші кезеңінде жеңіске жетіп, финалға қатысу үшін Астанаға келген қатысушыларды құттықтады. Ол жарыстардың ақтық бәсекесі үш жыл қатарынан «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы деңгейінде ұйымдастырылып отырғанын баса айтты. «ҚМГ Спартакиадасы – бұл достық пен ынтымақтың корпоративтік мерекесі. Спартакиада қатысушыларына белсенді өмірлік позициялары үшін алғыс білдіремін. Сіздер салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жас мамандарға үлгі көрсетіп келесіздер!» деді Д. Қарабаев. 
Енді спартакиада аясындағы жарыстарға жеке-жеке тоқталып өтейік. Мұнайшылар пинг-понг ойнаудан алдарына жан салмайтынын бұл жолы да дәлелдей білді. Үстел теннисіндегі бәсекелер өте тартысты өткені – соның айқын дәлелі. Үстелдің екі жағындағы теннисшілер бір-біріне шарды шиыра соққаны өз алдына, бірінің соққысын біріне қайыра соққымен алма-кезек жауап бергенде мұның шегі болмайтындай тамсана қараудан жалықпайсың. Әр ұпай осындай ұзақ тартыстың арқасында келетінін көргенде спортшылардың табандылығы мен шыдамдылығына қайран қаласыз. 
Жоғары дәрежелі төреші Қарлығаш Ишкимбаеваны сөзге тарттық. Осы жарысқа қазылық жасап жатқан ол біздің сұрауымызға қарсылық танытпады: «Үстел теннисі бойынша жарысқа 8 команда қатысуда, олар: ҚМГ ҰК, Қазгермұнай, Кен Құрылыс Сервис, ҚМГ Өнімдері, Қазақойл-Ақтөбе, ҚТГ және Маңғыс­тауэнергомұнайгаз. Ойындар бес партиядан тұратын жүйе бойынша өтіп жатыр. Үш жеңіске дейін ойналады. Қазіргі сәтте екі ойыншының ұпай саны бірдей болып тұр. Олар бірінші орын үшін таласуда. Бұл Әбілдинов Дамир мен Ескендіров Темірлан. Үшінші орынға Жақсылыков Бақтыбек және Ким Николай ойнап жатыр. Сондай-ақ, Үскімбаев Болат та жақсы ойын көрсетті. Жарыстар керемет өтуде. Көп ұзамай, жеңімпаздар белгілі болады». Бұл – төрешінің жарыс қызып жатқан кездегі ойлары еді. Біз жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар есімін осы бетте жеке беріп отырғандықтан, мақалада қайталаудан қашып отырмыз. Сондықтан да әр спорт түрі бойынша спортшылардың жарыс туралы пікірлеріне көбірек орын бергенді жөн санадық. Теннис жарысына қатысушылардың тағы да пікірлерін тыңдаған едік.
Теннис турнирлерінің тұрақты қатысушысы, «ҚазТрансГаз» компаниясынан келген Николай Тен: «Турнир өте тартысты, қызықты болды. Әсіресе бірінші-екінші орындар үшін ойын қыза түсті. Бәрі мен қалағандай болған жоқ. Өткен жылы үшінші орын алсам, биыл – бесінші. Теннис – бұл демократиялық, шапшаңдықты қажет ететін ойын. Оның үстіне ҚМГ Спартакиада шеңберіндегі қарым-қатынас, байланыстарды бағалаймын. Спортпен шұғылданыңыздар!».
Гүлмира Ержанова, «ҚазТрансОйл» компаниясы тобының мүшесі: «Теннис турнирінде төртінші орын алдым. Менің жас мөлшерім үшін бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. ҚМГ-ның ақтық ойындарына осымен екінші рет қатысып отырмын. Бар күшімізді салып ойнадық. Осы сайыстарды жақсы көремін. Спорт – тұтас бір әлем. Спартакиада финалына қатысу – баршамыз үшін тамаша, есте қаларлық оқиға! Мереке құтты болсын!».
Баскетбол бойынша жарыстың өту барысы жөнінде ұлттық санаттағы төреші Рүстем Иманқұлов та өз ойын бүкпесіз жеткізді: «Спартакиада жалғасуда, жарыстар қызықты әрі тартысты өтуде. Бүгін ҚТО – Қазгермұнай жақсы ойын өрнегін көрсете білді. 55-21 есебімен қазгермұнайлықтар жеңіске жетті. Командалардың жауапкершілікпен дайындалғандары көрініп тұр. Барынша күштерін салды. Матчқа төрелік жасау қызықты болды. Екінші болып алаңға Ойл Сервис Компани мен ПМХЗ шықты. Мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері айқын басымдықпен алға шығып, жеңімпаз атанды. Енді Қазгермұнай-Өзенмұнайгаз және ҚТО-Ойл Сервис Компани ойнайды. Қызықты болатынына күмәнім жоқ».
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Спартакиадасының екінші күнінде де Назарбаев Университетінің спорт кешенінде баскетбол ойынын қызықтаушылар көп болды. 
«Өзенмұнайгаз» АҚ баскетбол командасының капитаны Бауыржан Жұбаназаров жарыс туралы толғана сөйледі: «Біздің команда Спартакиадаға бірнеше жыл қатарынан қатысып келеді. Баскетболдан турнир 2012 жылдан өткізіледі. Біз қашанда жүлделі орындарды иеленіп келеміз. Өткен жылы баскетбол турнирі Зерендіде өтіп, біз үшінші орын алған едік. Осы жылды да жақсы бастадық, құрама ойыншылары мықты, тобымыз компаниямыздың жас спортшыларымен толықты. Биылғы қарсыласымыз да мықты – Павлодар мұнай-химия зауытының командасы. Жалпы, биылғы жылдың қатысушылары осал емес. Астанада бізге барлық жағдай жасалған. Қонақ үй керемет, тамағы да жақсы, бір-бірімізбен араласып жатырмыз. «Өзенмұнайгаз» жыл сайын бізге баскетбол формасының толық жиынтығын сатып алуға қаражат бөліп тұрады. Сол үшін басшылыққа рахметімді айтқым келеді». 


Қаныш Демесінов, финалда Қазгермұнай командасын жеңіп шыққан ПМХЗ баскетбол командасының капитаны. Павлодарлықтар – чемпион! Қаныш былай дейді: «Бірінші кезекте осы жылғы спартакиаданың ұйымдастырылуын атап өткім келеді. Бәрі жоғары деңгейде болды. Керемет залдар, лайықты қарсыластар. Жігерлі, әділ және әдемі тартыста біз жеңіске жетіп, бірінші орынды иелендік. Өз дивизионымызда үздік екенімізді дәлелдік. Баршамызға мереке құтты болсын! Спортпен шұғылданыңыздар!». 
Спартакиада туралы әңгімемізді әрі қарай жалғастырып, волейбол ойыны туралы айта кетейік. 
Ирина Каденцева, финалда Өзенмұнайгаз командасынан басым түскен АМӨЗ командасының капитаны: «Біз үшін жарыс оңай болды! Іріктеу кезеңінде бұдан қиынырақ болған. Біз жеңіске жеттік, бірінші орын алдық. Өз нәтижелерімізбен мақтанамыз! Осындай көрсеткіштерге жету үшін бірнеше жыл тер төктік, күш салып дайындалдық. Зауытымызға рахмет! Бізге қашанда жәрдемдесіп, қолдау көрсетіп келеді».
Жарысқа қатысушы «Ембімұнайгаз» АҚ волейбол құрама командасының ойыншысы Ботакөз Истекова – спартакиадаларға жыл сайын қатысып келе жатқан тәжірибелі спортшы. Ол айтады: «Біздің Ембі мұнайшылары командасындағы әйелдердің жасы 40 пен 50 аралығында. Бәріміз спортты жақсы көреміз, шын көңілімізден қатысып жатырмыз. Компаниямызға осындай спорт шараларына қатысуға мүмкіндік бергендері үшін алғысымызды білдіреміз. Әріптестерімізбен жұмыста ғана емес, спорт алаңдарында да бәсекеге түсіп жүрміз. Жұмысымызда барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Компаниямызда еңбек етіп жатқан мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы, тұрмысы, бәрі – керемет. Компания бізге үнемі қамқорлық танытады. Спорттық корпоративтік мерекелерге барып, қатысу біздің өмірімізді жандандырады, жақсы көңіл-күй сыйлайды, ұжымның ұйымшылдығын арттырады. Еліміздің әр өңірінен келген мұнайшы-әріптестерімізбен танысып, араласып жатырмыз. Спартакиада – біз үшін үлкен мереке. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бір бөлігі екенімізді сезінудеміз. Денсаулықтарыңыз мықты болсын. Спортпен шұғылданыңыздар». Осындай ғажап тілектің авторы Ботакөздің командасы осы Спартакиадада жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Азамат Жақыпов – финалда Маңғыстаумұнайгаз командасын ұтқан ПМХЗ командасының капитаны. Павлодар мұнай өндірушілері ерлер арасында волейболдан чемпион атанды. Павлодарлық А. Жақыпов: «Біз «Қайта өңдеу-Маркетинг» дивизионы іріктеу турнирінде жарысқа түстік. Жеңіске жету оңай болған жоқ. Мұнда, жарыстардың финалындағы жеңіс те еңбекпен келді. Дайындығы мықты қарсыластарымызды жеңіп шығу үшін біз бірнеше жыл бойы табандылықпен жаттықтық. Дінмұхамед Кенжеғалинов, Ерзат Сакишев, Әсет Байтенов – бұл біздің командамыздың қатысушылары, осы жігіттердің шеберлігі арқасында чемпион болдық. Волейболдан ҚМГ Спартакиадасында чемпион атанудың өзі бір абырой. Өйткені, жыл өткен сайын жарыстардың деңгейі өсіп келеді».
Ерлер арасында «Маңғыстаумұнайгаз» волейбол командасының капитаны Нұрлан Елубаев та өз тілегін білдіруден қаша қоймады: «Биылғы жарыстардың ұйымдастырушыларына алғыс бідіремін. Біз үшін бұл үшінші спартакиада. Назарбаев Университетінің залдары тамаша екен. Барлық мұнайшыларымызды Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын. ҚМГ Спартакиадасы шеңберіндегі волейбол турнирінің финалында керемет ойын көрсеттік. Өте қуаныштымыз. Өзім 30 жылдан бері волейбол ойнап келемін. Жастарға айтар ақылым – спортпен шұғылданыңыздар».
Шағын футболдан ақтық сында кездескен «OSC» ЖШС және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС командалары арасындағы матч жанкүйерлердің үлкен қызығушылығын тудырды. Сондықтан да олардың қарасы мол болды және өз командаларына ерекше қолдау көрсетті.
Ойынның бірінші бөлігінде мұнай-сервисшілер басымдық көрсетті. Бірінші таймда жауапсыз үш гол соққан олар чемпиондыққа лайықты команда екенін дәлелдеп үлгерді. Алайда, екінші таймда олардың қарсыластары алаңдағы жағдайды өзгертіп, есепті теңестіру үшін бар күш-жігерін жұмсап, ақтаулықтарды әбден қыспаққа алды. Әдемі техникалық шеберлік, қақпаға бағытталған тура соққылар мен қақпашылардың ала допқа тосқауыл болған сәттері ойынның ажарын аша түсті.
Маңдай терді ағызып, ынта-жігерді жандырған ойын ақыры 4:0 есебімен «OSC» ЖШС командасының жеңісімен аяқталды. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС екінші орынды қанағат тұтты. 
Мұның алдында «Ембімұнайгаз» АҚ пен «Өзенмұнайсервис» командалары үшінші орынға таласқан еді. Бұл ойында «Ембімұнайгаз» АҚ командасы 3:2 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды. 


ҚМГ Спартакиасы шеңберінде армрестлинг бойынша сайыстар да өте тартысты өтті. Осы спорт түрінің жеңімпазы Айгүл Шурипова – «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы командасының мүшесі. Чемпионды сөзге тарттық. Айгүл қуанышын жасыра алмады: «Жарыстарға алғаш рет қатысып отырмын. Осында келгеніме қуаныштымын. Бәрі ұнады: спартакиада керемет ұйымдастырылған, төрешілер де мейірімді – бәрі жоғары деңгейде өтті. Спортпен бала кезімнен шұғылданамын. Өзімнің жеңіске жететініме күмәнім болған жоқ. Армрестлинг сайыстары маған ұнады, дайындық жұмыстары өте жақсы». 


Суда жүзушілер жарысына ҚМГ Спартакиадасының басты төрешісі Халил Бегеновтің өзі төрешілік жасады. Түрлі жекпе-жектер бойынша, бокс, футбол және спорттың басқа да түрлерінің тұрақты нұсқаушысы Халил ұзақ жылдар бойы ҚМГ спорт кешенінің бас менеджері болып еңбек етіп келеді. Біздің басты корпоративті спортшыларымыздың бірі, бокстан спорт шебері. 
Ол бізбен жүзу жарыстарының финалында сұхбаттасып, Спартакиада туралы өз ойын білдірді: «Спартакиада жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жыл өткен сайын ҚМГ тобының қызметкерлері бұдан да жақсы дайындалып келетіндері қуантады. Ешкім әйтеуір қатысу керек екен деп қатысып жатқан жоқ: бәрі уайымдап, жеңімпаз атанғысы келеді, жарыстар қызып жатыр. Нәтижелердің жақсарғаны соншалықты, тіпті кейбір сайыстар кәсіби деңгейдегі корпоративтік спортқа ұқсап келеді. Шынымен де Қазақстан чемпионаттарына қатыса алатындай спортшылар бар. Мұндай шаралар өте қажет, өйткені бұл салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорт түрлерін дәріптеу, корпоративтік рухты нығайту. Менің айтатыным, спорт, физикалық жүктемелер кез келген жұмысқа көмектеседі. Мен әлі күнге дейін спортпен белсенді айналысамын, көптеген жарыстарға қатысуға тырысамын. Биылғы жүзу жарыстары жөнінде айтатын болсақ, мықты қыз-жігіттер келген екен. Тартысты бәсеке болмақ. Ал «ескі» чемпиондар оңайлықпен берілмейді!».
Елена Тубакина – Қазгермұнай БК командасының мүшесі, Қызылорда қаласынан келді. Елена өткен жылы үшінші орынға тұрақтаған болатын. Осы жылы көрсеткіштерін жақсартып, екінші жүлделі орынды иеленді. Лена сұхбат барысында былай деді: «Тамыздың 26-сы күні бес күнге ұшып келдік. Ұйымдастыру деңгейі мінсіз, лайықты қонақ үй, дәмді тағам, бізге көп көңіл бөлініп жатыр. Корпоративтік мерекенің достық атмосферасы сезілуде. Шағын демалыс іспетті. Біз ризамыз. Мен де жақсы жүзіп шықтым». «Елена, бұрын спортпен шұғылданған боларсыз? Спорт түрлерінен атақтарыңыз бар шығар?» деген сұрағымызға ол күліп жауап қайтарды: «Жоқ! Менің басты бапкерім – Сырдария өзені, жас кезімнен рахаттанып жүзетін едім. Міне, содан тез жүзуді үйреніп алдым». 
Әйгерім Алпысбаева ҚМГ Өнімдері компания­сында мұнай өнімдерін сату департаментінің менеджері болып еңбек етеді. Ол бұл Спартакиадада да өз рекордын жаңарта білді. Биылғы тартыста ол үш жыл қатарынан шахмат бойынша ҚМГ чемпионы атанды. Ол ҚМГ Спартакиадасы туралы өз ойымен бөлісті: «Турнир керемет өтті. Бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Ойыншылардың жақсы құрамын, әділ төрешілерді атап өткім келеді. Мен шахмат ойнауды Астананың шахмат клубында бастап, кейін мектепте осы бағытта жұмыстанып, дами түстім. Бір сөзбен айтқанда, үнемі шахмат ойнап келемін. Осы жылы турнирға іріктеу кезеңіндегі бірінші айналымына мықты ойыншылар көп қатысты. ҚМГ филиалдарының арасында бірінші болдым. Одан кейін мұнай және газ тасымалдау дивизионында жарыстардың екінші кезеңі өтіп, онда да жеңіске жеттім. Кезінде ҚМГ Ұлттық компаниясында еңбек еткен Дәрмен Сәдуақасов туралы айта кеткім келеді. Әрине, мен оны білемін және өте құрметтеймін. Ол әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жетті. Сол кезде мен кішкентай болдым, Дәрменмен ойнай алмадым. Дегенмен, ойын қызықты болар еді. Ол – біздің бұрынғы әріптесіміз, ҚМГ компаниясында департамент басқарған. Дәрмен Сәдуақасов Анатолий Карповтың өзімен ойнаған спортшы, одан автограф алғым келген кездерім есімде. Бүгіндері түрлі корпоративтік жарыстарда кездесеміз. Мен шахматты жақсы көремін. Осындай терең ойлы, әсерлі ойынды қашанда ойнайтын боламын».
Дәстүрге айналып үлгерген осы жылғы Спартакиада кәсіби мереке – Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні құрметіне арналды. Үш күн бойы Назарбаев Университетінің спорт алаңдарында және ҚМГ спорт кешенінде тартысты бәсекелер өтті. «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобы өз өндірістік қызметін жүргізетін өңірлерде қиын іріктеу кезеңдерінен өткен үздік қатысушылар жеңіс тұғырына көтерілу үшін күш сынасты. 


Астанаға ақтық спорттық бәсекелерге қатысушылар осы жылы ҚМГ бөлімшелерінің командалары корпоративтік спорт мерекесіне өте жақсы дайындалған. Жарыс төрешілері қатысушылардың жоғары шеберлігі мен спорт алаңдарының керемет жабдықталуын атап өтті. 
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамына кіретін ұйымдарда спортқа деген сүйіспеншілік кеңінен дамыған, ал салауатты өмір салты корпоративтік мәдениеттің бір бөлігі болып табылады. Спартакиаданың жабылуында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев компания қызметкерлердің салауатты өмір салтына деген ынтасын жан-жақты қолдады. Көптеген құрылымдық бөлімшелерде спорт залдары жұмыс істейді, қызметкерлерге секцияларға бару үшін жағдай жасалған. Спортты қолдау шараларының арқасында көптеген еншілес мекемелерде мықты спорттық командалар жасақталған. 
 «Біз үш жыл қатарынан Спартакиаданың ақтық ойындарын Астанада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының деңгейінде өткізіп отырмыз. Біз бәріміз – ҚМГ-ның біртұтас командасымыз, – деді Басқарма төрағасы, – Біз өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, биылғы Спартакиаданы бұдан да керемет, жарқын, қызықты, тартымды етіп өткізуге тырыстық. Жарысқа қатысушылардың өзінен және төрешілерден ойындарды өткізудің жағдайлары туралы, қатысушылардың тұратын жерлері, олардың бос уақыттарын ұйымдастыру жөнінде жылы сөздерін естіп жатырмын. Баршаңыздың көңілінен шыққанымызға қуаныштымын. Қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын қызметкерлеріміз өз әріптестеріне өмірге деген құштарлықтарын және көшбасшы болу ынтасын көрсетеді деп ойлаймын».
ҚМГ басшысы жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ атынан медальдар мен дипломдар табыс етті. Ал, ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Сұлтан Қалиев көрермендер көзайымы жүлдесінің Павлодар мұнай-химия зауытының командасына бұйырғанын жеткізді. 
Спартакиаданың салтанатты жабылуы достық пен қуаныш ахуалында өтті. Қатысушылар тамаша көңіл-күй мен жігер алды. Сондай-ақ, Спартакиада соңында қатысушы спортшы-мұнайшыларға арналған концерт болды. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх