Адам – өз тағдырының қожасы

Адам – өз тағдырының қожасы
28.09.2018
125
Қызметкерлер

Адам – өз тағдырының қожасы

Замандас бейнесі

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында өз жұмысын ынта-жігермен атқаратын білікті мамандар өте көп. Солардың бірі өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі мол азамат, Геология және геофизика департаментінің директоры Ахмет Олжабекұлы Жандосов... 

Балалық шағы 

Ол 1959 жылы ақпанның 17 жұлдызында түрікмен елінің Красноводск облысы, Кулы-маяк поселкесінде дүниеге келді. Қазақтың «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегені рас екен. Әкесі қан майданнан аман-есен оралып, мектепте ұстаз болды. Шешесі жұмыс жасаған жоқ. Отағасы мен балаларын баптап, үйде отырды. Ахмет сабақта үздік оқыды. Өзіне тапсырылған үй шаруасын да ұршықша иіріп тастайды. Спортпен айналысты. Доп тепті, волейбол, үстел теннисі, шахмат ойнады. «Адамға аса қымбат балалық шақ, Ойға кіріп шықпайды сор менен бақ» – деп Сұлтанмахмұт жырлағандай ойынға әбден қанып өсті. 

Жастық шағы

Ахмет Жандосов 1976-1981 жылдар аралығында Ашхабад қаласындағы политехникалық институтында оқып, «Пайдалы қазбалар кенорындарының геофизикалық әдістермен іздеу және барлау» факультетін тау-кен инженер-геофизик мамандығы бойын­ша бітіріп шықты. Қазір студенттік достары Маңғыстауда әр салада жұмыстарын абыройлы атқарып, еліміздің гүлдену жолында сүбелі үлес қосып жүр.

Еңбек жолы 

Еңбек жолын арнайы жолдамамен келіп, 1981 жылы Жаңаөзендегі №1 Өзен өндірістік геофизика мекемесінде инженер-геофизик болып бастады. Қиын да қызық кәсіптің қыр-сырына қанығып, меңгеріп кетуіне көмектескен Оятқан Бөлекбаев, Жұмасат Қалыпбаев, Жаңбырбай Төлесінов, Досан Жылқышиевтерді құрметпен еске алады. 1983-1990 және 1993-1996 жылдары Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасының №2 МГӨЦ инженер-геологы, жетекші-аға геологы болып еңбек етті. Иманмәді Шағырбаев, Сұлтанғали Айдарбаев, Мақсым Шигреев, Нұрлыбек Иманбаев, Меңдіғали Алғалиев сынды керемет азаматтармен жұмыстас болды. Олар жас маманды бөтенсінбеді. Бауырларына тартып, ағалық қамқорлық көрсетті.

Лауазым баспалдағы

Ахмет Жандосов 1990-1993 жылдары «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігіне ауыстырылып, Узеннефть мекемесінде №4 МГӨЦ жетекші геолог, «Узеннефть ЦНИПР түп-аймақ аумағын өңдеу және мұнай өндіруін қарқындандыру» лаборатория меңгерушісі, 1996 жылы №1 МГӨБ геология және игеру жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, Маңғыстау газ өндіру басқармасы және «Газ өндіру және тасымалдау» басқармасында бас геолог, 2000-2004 жылдары «Өзенмұнайгаз» ААҚ геология және игеру жөніндегі департамент директоры орынбасары, 2004-2005 жж «Өзенмұнайгаз» ӨФ геология және игеру департаменті директоры, 2005-2007 жж. №2 МГӨБ бас геологы, 2007-2009 жж. «Қаражанбас» АҚ бас геологы, 2009-2012 жж. «Өзенмұнайгаз» ӨФ геология бөлімі бастығы болып абыройлы қызмет жасады. Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» АҚ Геология және геофизика департаментінің директоры.

Әріптес пікірі

Әріптес-геолог Гүлнәр Оразалиева «Ахаң мына сусыма өмірде өзінің парасатын, кісілігін жоғалтпаған жан. Адам ортаға талантымен емес, мінезімен сыяды емес пе? Ол ешкімге өкпелемейді, көп ашуланбайды. Қандай жағдай болмасын, сабыр сақтауға тырысады. Мамандығын жақсы көреді. Жұмысты талап етеді, айтқанын орындатады. Онымен бірге жұмыс жасау адамға қуаныш сыйлайды. Бір сөзбен айтқанда, жақсы адам!»-дейді. Иә, жақсы адам күн сияқты, одан төгілген шуақ жаныңды жылытады. 

Әріптес ағаларға мың алғыс

Аталарымыз «май» деп айдар таққан мұнай өнімділігін арттыруға сан мыңдаған азаматтар сүбелі үлес қосты. Ахмет Олжабекұлы өзінің жеткен жетістігін Ығылман Шигреев, Қуан Өскінбаев, Бегеніш Абылханов, Қолғанат Құлсариев, Түгелбай Орынбаев, Аманжан Өтесінов, Аманкелді Мұстафаев сынды ағалардың арқасы екендігін айтып, оларға шексіз алғысын білдірді. 

Бақыт туралы 

Әркім бақыт ұғымын әртүрлі түсінеді. Ахмет үшін бақыт дегеніміз өзіңде бардың қадіріне жете білу. «Сүйікті жұмысыңмен айналысудың өзі бір ғанибет» – дейді ол күлімсіреп. 

Отбасы туралы

Береке қонып, бақ дарыған тату отбасында бірнеше бала тәрбиеленіп, қанат қақты. Отбасы мүшелері бір-бірін құрметтейді, бағалайды, сыйлайды. Олардың әрқайсының қызығатын ісі, айналысатын кәсібі бар. Мұнай және медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Белгілі бір мамандықты иелену де адамның рухани өрістеуіне сеп болады. Бақытты шаңырақта елдің ертеңі – оншақты немерелер мен жиендер өсіп жатыр.

Марапаттары 

2009 жылы Инвестиция және даму Министрлігінің Геология және жерқойнауын пайдалану Комитетінің «Үздік мұнайшысы», Өзен кенорнының 40 және 50 жылдық мерейтойлық төсбелгілерімен, «Мұнай және газ» министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ алғыс хаттарымен марапатталды.    
Түйін: Мұнай саласында Ахмет Жандосов сияқты ісін аса жауапкершілікпен тиянақты атқаратын білікті мамандар барда компания ілгерілей бермек!
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх