Оразғали өткен отыз жыл

Оразғали өткен отыз жыл
28.09.2018
153
Қызметкерлер

Оразғали өткен отыз жыл

«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамында отыз жылдан астам еңбек етіп, компанияның ілгері басуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті мамандар қатары азайған жоқ. Бүгінде ерен еңбегі еленіп, зейнетін көріп келе жатқан әріптес аға-апаларымыз – көпшілікке үлгі. Қаражанбас кен орнында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан байырғы мұнайшы Оразғали Жұмағұлов – бүгінде №1 мұнай өндіру цехының операторы.   
1986 жылдың қараша айынан бері кен орнына барып жұмыс істеу оның үзілмес қағидасына айналған. Талай жылғы теккен тері елеусіз қалмай, үнемі лайықты бағасын алып келеді. Мұнайгаз кешені қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында ағамызбен арнайы жолығып, әңгімелескен болатынбыз. 
«Қаражанбас кен орнына келуім кездейсоқ болды. Әскерден келгеннен соң бірден мұнай саласына жұмысқа кіру ойымда болмады. Арада біраз уақыт өткенде жұмыс істегім келетіні туралы айтып, компанияға өтініш білдірдім. Ол уақыттары «Қаражанбасмұнай» кәсіпорнын өңірге белгілі қайраткер Ләззат Қиынов басқаратын. Жұмысқа деген жігерімді байқап, бірден қабылдады. Өздеріңізге белгілі, бұл кез Краснодардан орыстардың қатынап жұмыс істейтін шағы. Жергілікті азаматтар қасқалдақтың қанындай сирек ұшырасады. Жұмысқа қабылдаған бетте Ләззат Кетебайұлы: «Сендердің жолдарың даңғыл. Алда үлкен болашақ күтіп тұр. Сондықтан мұнайшы мамандығын меңгеріп, сол жолда талмай жұмыс істеулерің қажет. Сол себепті жастарға зор үміт артамыз» деп арқадан қағым, қолдау білдірді», – дейді Оразғали Жұмағұлов.  
О. Жұмағұловпен қатар жұмысқа орналасқан азаматтардың көбі дерлік зейнет демалысына шығып үлгерді. Кен орнында бірге жұмыс істейтін құрдастары санаулы ғана. Солардың бірі – Ниетқали Бисалиев. Екеуара бас қосқанда өткен шаққа көз жүгіртіп, сол бір ұмытылмас шақты сағына еске алады.  
«Біз жұмысқа орналасқан жылдары кен орнының жағдайы мүшкілдеу еді. Таңертең жұмысқа автобус болмай қалса, ауыр жүк көлігімен келетін кезіміз жиі орын алатын. Ұңғыларды жөндеуге бару үшін осы жайды бастан кешуші едік. Бүгінде жағдай жақсарды. Жеңіл көліктер өндіріс жұмыстарына көп бөлініп, баратын жерге жету жайы едәуір жеңілдеді. Қаражанбастың аумағы осыдан отыз жыл бұрын алақандай ғана еді. Қазір аумақ кеңейіп, ұңғылар саны көбейді. Бұл ретте мұнайшы қауымның атқаратын жұмысы аса маңызды. Сондықтан тәжірибелі маман ретінде біз сенімге селкеу түсірмей, мақсатқа жету жолында аянбай еңбектенуіміз қажет», – дейді ол. 
Оразғали аға бүгінде кен орнындағы мұнайшылар қалашығындағы ахуалға ризашылық білдірді. Асханалар күрделі жөндеуден өтіп, ішер астың сапасы артқаны жұмысшылар үшін аса маңызды екенін ардагер маман қадап айтты.  
«Жатақханамыздың жайын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жұмыстан тыс уақытта спортпен айналысатындар үшін барлық жағдай қарастырылған. Тамақтанудың реті де оңтайлы жолға қойылған. Күніне берілетін тағамның құнары жоғары. Сондықтан біздер өндіріс жұмысында осал болуға қақымыз жоқ», – дейді Оразғали Жұмағұлов.  
Таушық ауылында тұратын жігіт ағасы қазір қадірлі ата атанған жайы бар. Әлпештеп өсірген перзенттері өмірден өз орындарын тауып, бүгін  үбірлі-шүбірлі әулеттің керегесін кеңейтіп отыр. Әке жолын таңдаған ұлы – «АрғымақТрансСервис» мекемесінде жүк көлігін тізгіндеген білікті жүргізуші. Кенжесі Орал қаласында білім алып жатыр. 
«Жұмыстан үйге барғанда кен орнына деген сағыныш болатынын жасырмаймын. Форт-Шевченко қаласында туып-өскен маған ауылға көшкен уақыттары мұнайшы боламын ой келмеген еді. Тағдырдың жазуымен бүгінде өндіріс жұмысына әбден бауыр басып, бұл саладан мүлдем қол үзгім келмейді. Қазіргі уақытта жұмыстағы жастарға білгенімізді үйретіп, мол тәжірибемізді бөлісіп жүрміз», – дейді ол. 
Мерекеге орай кен орнының білікті маманы әріптестерін құттықтауды ұмытқан жоқ. «Мұнайгаз саласы бүгінде еліміздің экономикасының негізгі тіреуші күші екені белгілі. Күндіз-түні еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімізді құттықтаймын. Әрдайым елімізде береке мен бірлік болып, өндірісте жоспарлы өнім көп болсын. Әр шаңырақтан шаттық кетпей, арайлап атқан таңымыз несібесі болғай», – деп түйіндеді ойын Оразғали аға.  
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх