Қаражанбас кенорнында бу генераторларын пайдалану арқылы ұңғыларға бу жүктеу тәсілімен мұнай өндіру

Қаражанбас кенорнында бу генераторларын пайдалану арқылы ұңғыларға бу жүктеу  тәсілімен мұнай өндіру
28.09.2018
145
Өндіріс

Қаражанбас кенорнында бу генераторларын пайдалану арқылы ұңғыларға бу жүктеу тәсілімен мұнай өндіру

Мұнай өндіру ұңғымаларын бу жылуымен өңдеу мұнай өндіруді жеделдету мен мұнай беруді арттырудың тиімді әдісі болып табылады. Ол ескі мұнай кен орындарында да, жаңадан ашылған кен орындарда да табысты кеңінен қолданылып келеді. Әсіресе, тұтқырлығы жоғары мұнай кен орындарында бұл әдісті қолдану жақсы нәтижеге қол жеткізуде, басқа тәсілдерге қарағанда тиімді болып саналады.

Ауыр смолалы мұнайды өндіру үшін Қаражанбас кен орны жер қабатына буды жүктеу шығыны көп және қысқа мерзім ішінде жақсы нәтиже беретін технологиясын пайдаланады. Бүгінгі таңда кен орны аумағында бу генераторлары алаңдарының  негізгі цехының үш бөлімшесінде қозғалмалы және тұрақты маркалы 34 бу генератор қондырғылары жұмыс істейді. Тәулігіне он мың тоннадай бу өндіріледі, дегенмен бұл барлық ұңғымаларға мұнай өндіруді арттыруда  жеткілікті емес екені белгілі. 
Соңғы кезде жұмысқа қосылып жатқан шетелдік бу генераторы қондырғысы Қаражанбас кен орнында Ресейде өндірілген ескі бу генераторлар қондырғыларын ауыстыруға арналып алынды. Мақсат – болашақта уақыты жетіп ескірген, пайдаланудан шығарылатын бу қондырғыларын ауыстыру. Жаңа екі бу қондырғылары маркасы YZG-23-6-G; бу өндіруі  Q=23 т/сағ; қабат қысымына  бейімделінген деңгейлес қысымда (Р=6,0МПа) жоғарғы температурада (Т=276ºС) тікелей ұңғыға буды жүктеуге арналған және техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауда техникалық  жоғарғы толықтырылып жетілдірілген қауіпсіздік деңгейі қарастырылған, автоматтандырылған интеллектуалдық өндірістік қондырғы болып есептеледі. Барлық өндірістік көрсеткіштерін орталық диспетчерлік басқару орталығынан көріп, басқаруға және ауысым басқарушысы инженер-технологтың пульттік басқаруына арналып жасақталған. 
Сатып алу және пайдалану мақсатында біздің мамандар бу қондырғылары дайындап шығаратын зауыттарда болды. Оларды дайындау, комплектациялық жасақтау бөлшектерімен танысты. Қазіргі кезде зауыт мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Соның арқасында кен орнында ауыр мұнайды өндіруге бейімделген экономикалық, технологиялық жағынан тиімді көптеген жаңа толықтырулар мен өзгерістер бу қондырғыларын жинақтап шығару кезінде орын алды. Қызмет көрсету мамандары (машинист, аппаратчик) жаңа бу қондырғыларын құру, жүйелеп қосу кезінде шетелдік мамандармен ынтымақтастықта жұмыс жасап, жаңа автоматикалық бөлшектерін қолданудың принциптерін үйренді.  
Қаражанбас кен орнында мұнай өндірудің тиімді тәсілдерін арттыру мәселесі ел үкіметінің цифрлы Қазақстан бағдарламасына сай жоспарлануда, яғни ақылды технологиялық өндіріске сәйкестік жолында бу қондырғылардың, ұңғылардың барлық көрсеткіштерін, технологиялық процестерді орталықтан бақылау, басқару мәселелері жыл сайынғы бюджеттерде қаралып, қолға алынуда.  
Қаражанбас кен орны ашылғаннан бері мұнай өндірісін дамыту жөніндегі көптеген ғылыми білім орталықтарымен бірлесіп, ауыр мұнай өндіру тәсілімен ұңғы арқылы жерас­ты мұнай қабатына бу жүктеудің тиімділігін дәлелдеген болатын. 

Төремұрат Көбен, 
«Қаражанбасмұнай» АҚ 
Өндірістік техникалық департаменті
өндірістік бөлімнің аға инженері

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх