Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру
12.10.2018
208
Жаңалықтар

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру

Қазанның 4-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялады. 

Биылғы Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты мәселелеріне және халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Жолдау мәтінін қысқартып беріп отырмыз.  
«Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. 
Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді. 
Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.

І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. 
Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын.
Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.
Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын. 
Зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын – құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.

II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ

Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы.Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. 
Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.
Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын.  Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді.  
Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.

III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады.
2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын.
Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын. Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек. Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн.
Бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет. Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын.

IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ

«Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс. Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі.
Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды. 
Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделін енгіздік. Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өсті.
Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады. Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн. Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады.
Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек.
Қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет.
Өздеріне нақты міндеттемелер алуға  және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс министр­лер мен әкімдерге шешім қабылдау еркіндігін ұсыну қажет. Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс.
Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын.
Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді.

V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет.
Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр. Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады.
Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде.
Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды. Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпін берді.
Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.
Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз – Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келеді.
Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді.
Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды. Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді.

VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ

Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. 
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.
Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялау­ды ұсынамын.
Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек.
Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек.
Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр. Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. 
Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция».

(Жолдаудың толық мәтінін www.akorda.kz сайтынан оқи аласыз). 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх