Қоршаған ортаны қорғау – басты назарда

Қоршаған ортаны қорғау –  басты назарда
12.10.2018
120
Әлеумет

Қоршаған ортаны қорғау – басты назарда

Еліміздегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарды сақтауда басты заң болып саналатын Экологиялық кодекстің 2007 жылы қабылдануына байланысты көптеген жаңашыл өзгерістер енгізіліп, табиғат ананы сақтауға қазіргі заманға сәйкес қатаң талаптар қолданысқа енген болатын. Оның ішінде негізгілерін айта кететін болсақ, атмосфералық ауаға шығарылатын ластағыш заттардың көлемін арнайы қондырғылар орнату арқылы азайту, су ресурстарын тиімді пайдалану, бұрынғы уақыттан жинақталған және жаңадан пайда болған өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, кәдеге жарату және жою болып саналады. Осы орайда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін табиғат пайдаланушыларға қосымша міндеттемелер жүктеліп, жүйелі жұмыстар экология бойынша атқарыла бастады және мемлекет тарапынан мекемелерге тиісінше жеңілдіктер қарастырылды.  
Табиғат пайдаланушы болып саналатын «Қаражанбасмұнай» АҚ Республика бойынша мұнай өндірісінде елеулі орын алатын компаниялар санатында. Алайда компанияның өндірістік қызметі кезінде қоршаған ортаға көп көлемде өндірістік және тұрмыстық қалдықтар, лас сулар пайда болады. Аталған қалдықтарды пайда болғаннан кейін мүмкіндігінше тез арада арнайы мамандандырылған мекемелердің күшімен кәдеге жарату, өңдеу, залалсыздандыру және жою жұмыстары жүргізіліп келеді. Ластанған сулар  тазартылып, булану алаңына жинақталады.
Енді алдымызда тұрған қосымша жоспар өндірістік мұнай қалдықтарын уақытша сақтау полигонын қалдықтардан толықтай тазарту және көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан кен орнындағы үш мұнай қоймасын және теңіз аумағындағы мұнай қоймасын жою жұмыстары болып отыр.


Осы орайда, жоғарыда аталған жұмыстарды атқару үшін кен орнында арнайы мамандандырылған мекемелердің, яғни «LAMOR Central Asia» ЖШС және «АЛАТАУ Экс Сервис» ЖШС көмегімен қоймадағы мұнаймен бұрғылау қалдықтарын өңдеу арқылы кәдеге жарату үшін тәжірибелік өнеркәсіптік сынақтар жүргізілу жоспарлануда. Қазіргі таңда екі мекеменің де барлық қажетті қондырғылары кен орнына жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жалғасуда. «LAMOR Central Asia» ЖШС-нің финляндиялық қондырғысымен қоймадағы мұнайды шикі мұнайға, топыраққа және суға бөлу арқылы өңдеу жұмыстары көзделіп отыр. Егер бөлініп алынған шикі мұнайдың құрамы мекеменің ішкі талаптарына сәйкес болған жағдайда әрі қарай тауарлық мұнай алу үшін мұнайды дайындау және жөнелту цехына берілетін болады. Тазартылған топырақ пен суды «Қаражанбасмұнай» АҚ өз қажеттілігіне пайдаланады. Ал «АЛАТАУЭксСервис» ЖШС-нің румыниялық қондырғысында термодесорбциялық әдіспен полигонда жиналған мұнай және бұрғылау қалдықтары өңделіп, залалсыздандырған қалдықтар кен орнының ішкі жол құрылысына  пайдалану жоспарланған. Болашақта жыл сайын жоспарланған қоршаған ортаны қорғау жұмыстары жалғасын тауып, сонымен қатар аса көңіл бөлетін мәселе, ол технологиялық тәртіпті қатаң сақтау, қалдықтардың пайда болуын азайту және сұрыптау, тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру, кен орны аумағын көгалдандыру кезінде ұтымды жолдарын ойластыра отырып, жасыл-желекті көбейту, ластанған суларды тазартып, қайта пайдалану болып отыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, компанияның барлық жұмысшыларын  экологиялық талаптарды қатаң сақтауға және алдағы атқарылатын жұмыстарға бірігіп атсалысуға шақырамыз.  

Еркебұлан ОСПАНОВ, 
«Қаражанбасмұнай» АҚ Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх