Байрақты бәсекеде бақ сынады

Байрақты бәсекеде бақ сынады
12.10.2018
97
Қоғамдық-мәдени өмір

Байрақты бәсекеде бақ сынады

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің 45 жыл толуына орай Жаңаөзен қаласындағы Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «ҚазГӨЗ» кубогі үшін спорттық сайыстардан облыстық турнир өтті. Шағын футбол, армрестлинг және қазақша күрес сияқты спорттық сайыс түрлерінен ұйымдастырылған байрақты бәсекеге облыс бойынша түрлі мекемелерден барлығы 12 команда, 140-қа жуық спортшы қатысты. 


Турнирдің ашылу салтанатында «ҚазГӨЗ» ЖШС директоры Нақберген Төлепов жиналғандарды кәсіпорынның 45 жылдық, қаламыздың 50 жылдық торқалы мерейтойларымен құттықтап, барлық қатысушыға сәттілік тіледі. Облыстық спорт додасына сондай-ақ, Қазақ газ өңдеу зауыты директорының орынбасары Болат Байшуақов, Маңғыстау облысының бірінші дәрежедегі шағын футбол төрешісі Еркін Қыдырбаев, армрестлинг спорт шеберіне үміткер, аталған спорт түрінен жаттықтырушы Ербол Есенаманов және Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегі халықаралық спорт төрешісі Өтебай Бітіков қатысты. 
Шағын футбол бойынша Жаңаөзеннен «Өзенмұнайгаз», «Мұнайфилдсервис», «KMG catering», «Бұрғылау», «Өзенпромгеофизика», «Өзенмұнайсервис», «Халық Банк», «Қазақ Газ Өңдеу зауыты» мекемелерінен және Маңғыстау облысы бойынша «Порт Құрық», «Олимпик», «Спартак», «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ командалары өзара бақ сынасты. 
Аяқдопшылардың облыстық біріншілігінде ІІІ орын «Өзенмұнайгаз» АҚ командасына бұйырса, ІІ орынды «Бұрғылау» ЖШС құрамасы еншіледі. Ал 12 команданың арасынан суырылып, оқ бойы оза шыққан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жігіттері жүлделі І орынды қанжығаларына байлады. 
Армрестлингтен өткен облыстық турнирде 12 қатысушы 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қол күрестірді. Нәтижесінде жүлделі І орынды «Өзенпромгеофизика» ЖШС қызметкері Мақсат Акушақов жеңіп алса, ІІ орынды «Арғымақ Транс Сервис» ЖШС-нен Ерлан Кайлюбаев, ІІІ орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ №1 МГӨБ жұмысшысы Бақыт Ержанов иеленді. 
Әр мекеменің кіл мықтыларын боз кілемде белдестірген түйе палуандар күресінде ІІІ орынды жеке кәсіпкер Мұрагер Мейірхан қанағат тұтса, ІІ орын «Қаражанбасмұнай» АҚ-дан келген Жасұлан Таңатовқа бұйырды. Ал бас жүлде – І орынды турнирде жауырыны жерге тимей, барлық қарсыласынан басым түскен, 2016 жылғы «Қазақстан барысы – 2016» республикалық турнирінің қатысушысы Ербол Игілік жеңіп алды. 
Шараның жабылу салтанатында «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Нақберген Төлепов және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев жарыс жеңімпаздарын марапаттап, кубок, медаль және қаржылай сыйлықтар табыстады. 

Айжан Насырова

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх