Жаңа технологиялар Өзен кенорнына жаңа серпін берді

Жаңа технологиялар Өзен кенорнына жаңа серпін берді
29.04.2016
584
Өндіріс

Жаңа технологиялар Өзен кенорнына жаңа серпін берді

Жартығасырлық тарихы бар Өзен кенорнында енгізілген жаңа технологиялар жұмыс өнімділігіне айтарлықтай үлес қосуда. Скважинаны жерасты жөндеу департаментінің инженері Ақжігіт Түйешиев бүгінгі күні гранит гидравликалық кілтімен скважиналарды жерасты жөндеу бригадаларының 60 пайызының қамтылғанын, осы жылдың соңына дейін 100 пайызға қамтылатынын айта келе, бұл кілттің техника қауіпсіздігін сақтаудағы айтарлықтай тиімділігін алға тартады.

Бұрындары жер астына жіберілетін жүздеген тұрбаларды біріктіру үшін КМУ кілтін пайдаланатын. Бұл орайда, жұмыс процесі кезінде жұмыскерлердің қолын қысып қалу қаупі жоғары болатын. Сондай-ақ, гранит кілті тұрбаларды біріктіру жұмысын анағұрлым тездетіп, жұмысшылардың жұмысын біршама жеңілдетті.    
Мұнай дайындау және жөнелту цехының шебері Сәрсенбай Раматуллаев жаңа технология ГНК8А сорабының бұрынғы сораптан бірнеше тиімді айырмашылығы бар екендігін айтады. 
«Бұл сорап ескі сораптарға қарағанда электр қуатын айтарлықтай үнемдейді. Сондай-ақ, сорапты пультпен басқаруға болады. Аталмыш сораптың температурасы, кіріс, шығыс қысымы үйлестіруші өз компьютерінде бақылау жасап отыруға мол мүмкіндігі бар»-дейді ол өз сөзінде.
Мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету басқармасының технологиялық бөлімінің бастығы Арыстанғали Індібаев соңғы кезде орнатылған РВС 10000 м3 қазандығының бұрынғы қазандықтардан анағұрлым тиімділігін айтады.
«Бұрынғы қазандарды мұнай қалдықтарының шөгіндісінен тазарту анағұрлым қиындықтар тудыратын. Бір қазанды тазалау үшін 30 шақты арнайы техника жұмылдыратын. Бұл дегеніңіз – артық энергия қуатын жұмсау және газдың көп мөлшердегі шығынына жол ашады. Қазіргі жаңадан орнатылған 4 жаңа қазанды тазалау үшін бар болғаны 3-4 техника пайдаланамыз. Бұл қазанға келіп түсетін мұнайды арнайы технологиялық қазанға жөнелтеміз. Мұнайдың құрамындағы суды жерасты су айдау жүйесіне қосып жібереміз. Мұнайдың қойыртпағы трекантер қондырғысына жіберіледі. Осыдан кейін қазанда тек қана таза мұнай қалады», – дейді маман.
Күрделі құрылыс департаментінің инженері Мэлс Кенжеқара Қазақ газ өңдеу зауытында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаражатына салынған жаңа технологиялар туралы әңгімелеп берді. «TURBO FLOW» жаңа технологиясының бұрынғы газ өлшеу торабынан біршама тиімділігі бар. Бұл қондырғы газдың қысымын, температурасын, газдың сұйықтығын, газ өнімінің бір сағаттық, тәуліктік, апталық, айлық көрсеткішін дәлме-дәл көрсетіп тұрады. Бұл ақпаратты тиісті орын компьютер арқылы бақылауда ұстайды. Келесі PGC 90.50 қондырғысы газдың құрамын (пропан, бутан, метан т.б) анықтап, диаграмма түрінде көрсете алады. Сондай-ақ, газдың құрамындағы су және ылғалдылық мөлшерін анықтайды. Жаңа технологиялардың көптен енгізілуі қызметкерлердің шеберлігі мен біліктілігінің өсуіне оң ықпалын тигізіп отыр» – дейді ол.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх