Жолдауды түсіндіру – негізгі міндет

Жолдауды түсіндіру – негізгі міндет
30.10.2018
83
Жаңалықтар

Жолдауды түсіндіру – негізгі міндет

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервистері жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев республикалық ақпараттық-насихат тобының құрамында Маңғыстау облысында екі күн жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Қ.Есқазиев Маңғыстау облысының активімен, тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында болып, мұнайшылармен жүздесті. 

Ақпараттық топ Маңғыстау облысында болды 

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервистері жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев Маңғыстау жұртшылығымен кездесті. Жиында Жолдауда атап көрсетілген негізгі стратегиялық міндеттер, оларды өңірде іске асыру жолдары кеңінен талқыланды. 
Қ.Есқазиев өз сөзінде стратегиялық құжаттың маңыздылығына баса назар аударып, Жолдаудағы әрбір бағытқа жеке тоқталып өтті. «Жолдау нақты, уақытылы және өзекті. Еліміздің тұрақты дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Жолдауда әлеуметтік салаға басым көңіл бөлініп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы министрліктер мен құзырлы органдарға, барлық деңгейдегі басшыларға қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қазақстандықтардың қолайлы өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауға бағытталған тапсырмалар берді», – деді Қ.Есқазиев. 


Жиында«ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының атқарған жұмыстары туралы қысқаша айтылды. «Ұлттық Компания ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып отыр. Себебі «ҚазМұнайГаз» шикізатты барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау саласындағы барлық ірі мемлекеттік активтерді басқарады. 2017 жылы Компания шамамен 23 млн. тонна мұнай (бұл республика бойынша өндірудің 27 %-ы), 8 млрд текше метр газ өндірді. 12,2 млн. тонна мұнайды қайта өңдеді. Мұнайды тасымалдау 66,7 млн. тонна, газды тасымалдау 100,9 млрд. текше метр болды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде ҚМГ ел бюджетіне 630 млрд. теңге салық аударды», – деді Құрманғазы Орынғазыұлы. 
Жолдау­да әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп, отандастарымыздың өміріне тікелей қатысы бар негізгі салалар бойынша шаралар ұсынылған. 
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы да әлеуметтік саланы жіті назарда ұстайды. Жыл сайын «ҚазМұнайГаз» Компаниясы Маңғыстау облысына тұрғын үйлердің, дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарының, мектеп пен ауруханалардың, балабақшалар мен балалар лагерьлерінің құрылысына қомақты қаражат бөліп отырады. 
Ұлттық Компания салада еңбек етіп жатқан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, жас мамандардың біліктілігін арттыру, даму мәселелерін да ұдайы назарда ұстайды.
Сонымен бірге республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Мемлекет басшысының білім беру, денсаулық сақтау, «Бизнестің жол картасы 2020», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын бұдан әрі дамыту, қазақстандықтарды баспанамен қамту жөніндегі тапсырмаларын талқылады. 
Кездесу соңында Қ.Есқазиев «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясына үнемі қолдау көрсетіп, жұмыстың жемісті болуына септесіп отырған Маңғыстау облысының әкімдігіне, басқарушы мекемелерге және жергілікті тұрғындарға алғысын білдірді. 

Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы басты назарда 

Сапардың екінші күні Құрманғазы Есқазиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Мұнай және газ өндіру жөніндегі басқарушы директоры Мәлік Сәлімгереев Қаражанбас және Қаламқас кен орындарына аялдап, мұнайшы қауыммен жүздесті. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған әлеуметтік мәселелерді айта келе, өндіріс жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да әлеуметтік және өндірістік бағытта атқарылатын жұмыстар жайын сөз етті. 
«Маңғыстау облысында «ҚазМұнайГаз» Ком­паниясына қарасты мекемелерде 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың атқаратын жұмысы ел экономикасы үшін аса маңызды. Сондықтан, олардың әлеуметтік мәселелеріне айрықша көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмаймыз», – деді Қ.Есқазиев.
«Қаражанбас» кен орнында мұнайшылармен кездесуде кен орнының әлеуметтік нысандарына алдағы уақытта күрделі жөндеу жүргізілетіні айтылды. Сонымен бірге, жұмысшыларға бас­пана алуға несиемен көмектесу мүмкіндігі де сөз болды. 
Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында маусым айында кәсіподақ ұйымымен бірге ұжымдық шартқа толықтырулар енгізілді. Жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің сомасы артты. 



«Біздің еңбек ұжымдарында ешқандай қысқарту шаралары жүзеге аспайды. Қазіргі уақытта мұнайдың нарықтағы бағасы тұрақты. Өсу байқалады. Сондықтан, еңбек тәртібін бұзғандар болмаса, себепсіз жұмыстан қысқарту болады деп алаңдауға негіз жоқ», – деді Қ.Есқазиев. 
Өз кезегінде, Мәлік Сәлімгереев, «Қаражанбасмұнай» және «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларының басшылары өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. 
Содан кейін ҚМГ басшылығы Қаламқас кен орнындағы бірқатар цехтар мен топтық қондырғыларды, жаңа технология бойынша іске қосылған нысандарды аралап, өндіріс жұмыстарымен танысты.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх