Қазақ газ өңдеу зауытына – 45 жыл!

Қазақ газ өңдеу зауытына – 45 жыл!
30.10.2018
151
Өндіріс

Қазақ газ өңдеу зауытына – 45 жыл!

Ел экономикасының өркендеуіне ерекше үлес қосып, мемлекетіміздің басты ресурстарының бірін өндіруші кәсіпорындар қатарындағы Жаңаөзен қаласындағы қазақтың тұңғыш газ өңдеу зауытының негізі қаланғанына биыл 45 жыл толып отыр. Бүгінгі күні Серіктестік өндірісін дамытып, Маңғыстау өңірінің дамуына да септігін тигізіп келеді. 
Ұзақ жылдар бойы табиғи және ілеспе газ өндірумен және өңдеумен айналысып, халықты және бірқатар өндірістік саланы газбен қамтамасыз етіп келе жатқан Серіктестіктің мерейтойы қазанның 11-і күні кең көлемде атап өтілді. Салтанатты шара зауыттың орталық кеңсесінде өтті. Жарты ғасырға жуық уақыт тарихы бар ірі кәсіпорынның мерейлі мерекесіне Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаев, «ҚазМұнайГаз»  ҰК  АҚ мұнай сервисі жөніндегі директоры А.Шаненова, Маңғыстау облысында орналасқан бірнеше мекеменің басшылары, зауыт ардагерлері және Серіктестіктің ұжымы қатысты. 


Алдымен сөз сөйлеген зауыттың бас директоры Н.Тулепов ұжымды 45 жылдық мерейтоймен құттықтап, осы мекемеде 25 жылдан астам үздік еңбек еткен 185 маманға алғысын білдіріп, мерейтойлық төсбелгі табыстады. 
Кейіннен мереке «Мұнайшы» мәдениет үйінде салтанатты жиынмен жалғасты. Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаев жиналған жұртшылықты «ҚазГӨЗ» ЖШС-ның 45 жылдығымен, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығымен және Астананың 20 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жолдады. Қала әкімі бірқатар зауыт қызметкерлерін Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен марапаттады. 
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Мұнай сервисі жөнінде­гі директоры А.Шаненова өз сөзінде барша жаңаөзендіктерге, зауыт ұжымына және мерейтой қонақтарына ықыласын арнап, жеке өз атынан және Ұлттық Компания басшылығы атынан мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, еңбекте ерекше көзге түсіп, үздік қызмет үлгісін көрсеткен бірнеше маманға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның құрмет грамоталары және алғыс хаттарын табыс етті. 
Қазақ газ өңдеу зауытын 45-­жыл­ды­ғы­мен ар­найы құттықтауға келген «ӨзенМұнайСервис» ЖШС директорының м.а. О.Тарғынов, «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС директоры А.Рзаханов, «Кен Құрылыс Сервис» ЖШС директоры Д.Медеуов, «КМG EP-Catering» ЖШС директоры Б.Қиялбаев өз естелік сыйлықтарын тарту етті. 
Сонымен қатар, жиын барысында зауыт директоры Н.Тулепов 15-тен астам кәсіпорын зейнеткерлеріне кәде-сый ретінде шапан жауып, 20-ға жуық қызметкерге «ҚазГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 45 жыл» естелік төсбелгісін тақты. 
Қонақтарға Серіктестіктің тарихында алтын әріппен белгіленген зауыттың даму кезеңдері және кәсіпорын негізін салушы ардагер мамандардың еңбек жолындағы естеліктер айтылған деректі фильм көрсетілді. Мерекелік іс-шара зауыт тарихынан сыр шерткен театрландырылған қойылыммен, мерекелік концертпен тәмамдалды. 


Жалпы, зауыттың 45 жылдығына орай түрлі мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар мен бірнеше спорт түрлерінен ашық турнир, қызметкерлер арасында әр түрлі сайыстар ұйымдастырылған болатын. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх