«Бірлігі мықты жастар – болашаққа жол бастар!»

«Бірлігі мықты жастар –  болашаққа жол бастар!»
30.10.2018
96
Жастар

«Бірлігі мықты жастар – болашаққа жол бастар!»

Қазанның 13-15 күндері Алматы қаласында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» АҚ жастарының құрылтайы өтті. 
Шараға «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазақтеңізкөлікфлоты», «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансОйл», «Урал Ойл энд Газ» компанияларының және «ҚМГ» Өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Павлодар мұнай өңдеу зауыты», «Caspi Bitum зауыты», «Су өндіру және тасымалдау», «ӨзенМұнайСервис», «Oil Construction Company», «АмангелдіГаз» және басқа да еншілес мекелемелерден 100-ден аса жас маман қатысты. 


Дәстүрлі шараның ашылу салтанатында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденов сөз сөйлеп, жастарға ізгі тілегін білдіріп, құрылтай жұмысына табыс тіледі. «Биыл біздің дәстүрлі құрылтай Алатау баурайындағы Алматы қаласында өтіп отыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясының болашағы – жастардың қолында. Жас маман кеңестері – корпорация қызметінің ажырамас бөлігі. Сол себепті компания басшылығы жас мамандардың идеялары мен ұсыныстарын ұдайы қолдап келеді. Сіздер компанияның дамуына, өркендеуіне зор үлес қосып келесіздер. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтылған міндеттерін, бас­тамаларын толық қолдаймыз. Бұл – салауатты өмір салты, мәдениет және әлеуметтік салалар, жастардың дамуы. Жыл сайынғы бас қосудың мақсаты – әр кәсіпорында жұмыс жасайтын жастардың бірлігі мен ынтымағын нығайту, жас қызметкерлердің өсуі мен кемелденуі үшін жағдай жасау. Баршаңызға сәттілік тілеймін, құрылтайдың нәтижесі мол болсын!», – деді Серік Әбденов.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы жастардың бастамаларына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Биылғы дәстүрлі құрылтай да осының бір дәлелі. Саят Кайгельдинов төрағалық етіп отырған Ұлттық компанияның Жас мамандар кеңесі құрылтайдың мазмұнды, танымдық тұрғыдан тартымды өтуіне жан-жақты белсенді атсалысты. 


Алатау баурайында болған үш күнді жас­тар мазмұнды және қызықты өткізді. Өзара тәжірибе, пікір алмасты және алдағы жылға жұмыс жоспарларымен бөлісті.  
Құрылтайдың бірінші күні еліміздің әр аймағынан келген жас маман кеңестерінің мүшелері өткен жылдың және биылғы жартыжылдықта атқарған жұмыстарын, қол жеткен жетістіктерін ортаға салды.Сондай-ақ, құрылтайға қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап көрсетілген жастардың дамуы мен тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қорғалған тобына көмек көрсетуге бағытталған тапсырмалары мен міндеттеріне ерекше назар аударды. 


Ал, шараның екінші күні ҚМГ жас мамандары таңғы 9:00-де Алматының орталық көшесінің бірінде жиналып, қалалық әкімдік ұйымдастырған велошеруге қатысты. 100-ден астам қызметкерге әрқайсысына бір-бір велосипед берілді. Велошеру 7,5 шақырымға созылды. Велошеру ынтымақ және достық ахуалында өтті. Жалпы, Компания қызметкерлері арасында спорт додалары үнемі ұйымдастырып тұрады. 
Веложарыстан кейін жастар тауға шығып, серуендеуге мүмкіндік алды. Ол жерде түрлі интеллектуалдық ойындар ойнады. Одан кейін жастар топқа бөлініп, 2019 жылға арналған жоспар мен міндеттерді талқылады. Жиынның негізгі тақырыбы қызметкерлерді, жалпы компанияны дамыту жөнінде болды. Жас мамандарды шетелге оқуға жіберу үшін қандай талаптарды енгізу керектігі жөнінде үздік идеялар мен ұсыныстар таңдап алынды. Олар хаттама түрінде ресімделді. Бұл құжат басшылыққа ұсынылатын болады. 
Шараның соңғы күні Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесу өтті. Әкім жас мамандарға өзінің өмірлік ұстанымы, қызметте басшылыққа алар қағидаттары және жетістікке жету жолдары төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті. Әкім жастарды білім алуға және ұдайы дамып, ізденімпаз болуға шақырды. Бақытты болудың үш шартын атады: білім, сүйікті жұмысы және отбасы. Бұның барлығы біздің елде қолжетімді екенін айтты. Бауыржан Байбек отбасы мен жақындарына көбірек уақыт бөлу қажеттілігіне де баса назар аударды. Отбасы – әрбір адамның тірегі, табысқа жетудің кілті. Кездесу барысында жастар өз сұрақтарын қойып, оларға қала басшысы тұщымды жауап берді. 


Құрылтай жұмысы Республика сарайында өнерпаз мұнайшылар қойған үлкен гала-концертпен тәмәмдалды. Концертті қарттар үйіндегі қариялар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер, мұнайшы ардагерлер тамашалауға мүмкіндік алды. Мұнайшы жастар күшімен ұйымдастырылған концерт жоғары деңгейде өтті. Кеш соңында мұнайшы ардагерлерге дастархан жайылып, естелік сыйлықтар табысталды. 
Бүгінгі күні «ҚМГ» компаниялар тобындағы жас маман кеңестері шамамен 17,5 мың жасты қамтиды. Компания бойынша 42 жас маман кеңесі жұмыс істейді. Бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары жетерлік. Мысалы, биылғы жылы Маңғыстау және Атырау облыстарының жас мамандары 31 тарихи және мәдени ескерткіштердің аумағын тазалап, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. 


Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсетуге бағытталған шаралар да тұрақты өткізіліп тұрады. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларының балаларын мектепке даярлауға, Атырау облысында ардагерлерге арналған баспананың құрылысына және Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлардан зардап шеккен тұрғындарға жәрдем берілді. Жалпы, осы жылы ҚМГ жастары шамамен 25 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. 


Үш күнге созылған «ҚазМұнайГаз» компания­лар тобының жастар құрылтайы мазмұнды және қызықты өтті. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында 2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланды. Осыған байланысты жас мамандардың алға қойып отырған мақсат-міндеттері, іске асыратын жобалары көп. 

ПІКІРЛЕР:

Абат Әбілхаиров,
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС өндіріс департаментінің инженер-технологы: 
– Биылғы құрылтай Алматы қаласында ұйымдастырылып отыр. Басқа мекеменің жас мамандарымен танысып, жаңа достар тау­ып жатырмын. Барлық шаралар ұнады. Алматы қаласының әкімі Б. Байбекпен өткен кездесуден ерекше әсер алдым. «Рухани жаңғыру» жөнінде, адамның жеке дамуы жөнінде біраз әңгіме айтты. Еске сақтап қаларлықтай дүниелер көп болды. Б.Байбек жастар үлгі ететіндей өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Адамның өзін дамыту жөніндегі кеңестерін өзіме түртіп алдым. Өзіңді үнемі шыңдап жаңартып отырмасаң, бір орында қалып қоясың. Жалпы, құрылтай барысында алдағы уақытқа жоспарлар құрылып, ұсыныстар айтылып жатыр. Адамның ой-өрісін дамытатын түрлі интеллектуалды ойындар өтті. Құрылтай ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. 

 


Қанат Ақбаев, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ №2-ші скважиналарға қызмет көрсету басқармасының машинисі: 
– «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобының Жастар құрылтайына бірінші рет қатысып отырмын. Жас мамандардың барлығы белсенді, айтқан ұсыныстары мен идеялары ұнап жатыр. Көптеген пайдалы ақпарат пен кеңестер алдым. Алматы қаласының әкімімен де кездесіп, оның ой-пікірімен таныстық. Өзімді шыңдауға, дамыту үшін біраз жұмыстануым керектігін түсіндім. Құрылтай барысында бір-бірімізбен жақын танысып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Биыл біздің мекемедегі Жас мамандар кеңесі өзінің 5 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде біраз жұмыстар атқарылды. Қайырымдылық шаралары, спорт додалары, өнер сайыстары үнемі өткізіліп тұрады. Шара өзара пікір алмасуға үлкен мүмкіндік береді. 

 

Али Өсербаев, 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС өндірісті қамту базасының шебері: 
–Жас мамандар кеңесінің құрылтайы бізге, мұнайшы жастарға әрі қарай кәсіби дамуымызға, қызметте өсуімізге үлкен серпін береді деп ойлаймын. Осындай шаралар арқылы жастарымыздың қатары артады. Жастар тек жұмысқа келіп кетпей, еңбек етіп жатқан мекемесіне пайда әкелуі тиіс. Пайда дегеніміз өндірісті өркендетуге үлес қосу. Біз қазір ескі құрылғылармен жұмыс жатырмыз, соның оңай түрлерін тауып, жаңа технологиялар арқылы жұмысты жеңілдетуіміз керек. Табысты да ескерген жөн. Биылғы форумның нәтижесі көп болатынына сенімдімін. Басшылық тарапынан жақсы ұсыныстар айтылды, біз де өз ұсыныстарымызды ортаға салдық. Олар: ұлттық құндылықтарымызды дамыту, ұлттық компания деңгейінде жас мамандар күнін белгілеу, инновациялық байқауда үздік деп танылған жобарларды өндіріске енгізуге атсалысу. Біздің қыз-жігіттер инновациялық байқауда өз жобасын таныстыру үшін бірнеше жыл бойы еңбек етеді. Жаңалықты ойлап шығарады, оны зерттейді, ізденеді, қорғайды. Бұның бәрі үлкен еңбек. Сол еңбектері еленсе екен деп ойлаймын. Мысал келтіріп өтейін, біздің әріптесіміз Асқар Өтесов 2014 жылдан бері ізденіп, «Топ-драйв» деген құрылғыны ойлап тапты. Оның тиімділігі жоғары және өндірісте пайдалану жағынан әлдеқайда оңай. Міне, осы құрылғы біздің кәсіпорында іске қосылып, жұмыста қолданыла бастады. Осындай тәжірибе бізде ғана емес, басқа компанияларда да болса деп тілеймін.

 

Әлия Төлетаева, 
«Су өндіру және тасымалдау басқармасы»  ЖШС, сораптар станциясының машинисі, Жас мамандар кеңесінің төрағасы:
– Үш күнге созылған шара өте жоғары деңгейде өтті. Жастар құрылтайын ұйымдастырушыларына және оның өтуіне қолдау көрсеткен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Әбденовке алғысым шексіз. Мұндай бас­тамалар жастарды ынталандырады, атқарып жатқан жұмыстарын жақсы жағынан көрсетеді деп ойлаймын. Үш күнде біраз шаралар өтті. Алғаш рет велошеруге қатыстым. Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің бұқаралық спорт түрлерін дамытып, салауатты өмір салтын насихаттап жүргеніне ризамын. Өзім тұрып жатқан Жаңаөзен қаласының әкіміне осындай велошеру өткізу туралы ұсыныс жасаймын деген шешімге келдім. Жалпы, бұл жерде жаңа достармен таныстым. Бұрыннан танитын әріптестерімді көріп қуанып жатырмын. Осы сияқты шаралардың арқасында біздер, жастар, бәсекеге қабілетті болып, әлі талай биіктерді бағындыратынымызға сенімдімін. «ҚазМұнайГаз» компаниясының табысы арта берсін, жұмыстарымыз жемісті болсын! Мұнайымыз таусылмасын! 

 

Берік Айдаров, 
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндіріс  басқармасының геологы: 
– Жастар құрылтайынан алған әсерім өте керемет. Құрылтайдың бірінші күні әр мекемедегі Жас маман кеңестері өз жұмыстарын баяндап, қорытынды шығарды. Сонда өзіме түйгенім, басқа мекемелерге қарағанда біздің жүзеге асырған шараларымыз аздау болып қалған сияқты. Сол себепті енді 2019 жылға жоспар құрған кезде көбірек жұмыс жасауға, басқа компаниялардан қалмауға тырысамыз. Велошеру туралы айтсақ, велосипед тебу оңай, еш қиындығы жоқ, бәрінен озып кетемін деп ойладым. Бірақ мен үшін велосипед тебу өте қиын болып шықты, оның өз техникасы бар екен. Жалпы, спорт адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін бәріміз білеміз. Енді велосипед тебуді қолға алып, дәстүрге айналдырамын. Осы спорт түрін Маңғыстау өңірінде дәріптеуге, кеңінен насихаттауға үлесімді қосамын. Барлық шаралар жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласының әкімімен кездестік, ҚазМұнайГаз компаниялар тобының мұнайшылары қойған гала-концертін тамашаладық. Құрылтайға қатысқаныма қуаныштымын. Мұндай шаралар мәдениеттің артуына септігін тигізеді. Мәдениет жоғары болса, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы да жақсарады. Қауіпсіздік, бірлік, сабыр, сапа – осы төрт корпоративтік құндылықты мықтап ұстансақ, оларды дұрыс түсіне білсек, көп нәтижерлерге қол жеткіземіз. Өндірісте те дами түседі деген сенімдемін. 

 

Гүлмира Құтқожаева, 
«Урал Ойл энд Газ» ЖШС, кадрлар қызметі басшысының міндетін атқарушысы: 
– Жастар құрылтайына бірінші рет қатысып отырмын. Үш күннен бергі іс-шаралар өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жастарымыздың мәдениет, спорт жағынан болсын, жалпы жан-жақты екендеріне көзім жетті. Қазақстанның әр өңірінен келген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының жастары өте ұйымшыл, болашаққа нық сеніммен қарайды. Жаңа идеяларын, жаңа жобаларын таныстырып жатыр. Шараға үлкен ықыласпен қатыстым. Құрылтайдың бір бөлігі болғаныма ризамын. Ұлттық Компанияның басшыларына, ұйымдастырушыларға көп рахмет. Алдағы уақытта осындай құрылтайлардың өрісі кеңейе берсін. Елбасының «Рухани жаңғыру» және басқа да мемлекеттік бағдарламалары бойынша жастардың алдына қойған міндеттерді орындауға, елімізді көркейтуге бәріміз атсалысайық. Өзім де өз үлесімді қосуға тырысамын. Көздеген мақсаттарға жетейік. 

 

Мақсұт Санақаев, 
«Oil Construction Company» ЖШС монтажшысы: 
– «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы деңгейіндегі жас мамандар құрылтайына екінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін өзіміздің Маңғыстауымызда өткен еді. Барлығы ұнады, өтіп жатқан шаралар біз үшін өте қажет. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімізбен өзара тәжірибе алмасып, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтып жатырмыз. Әр өңірде қаншама жобалар іске асып жатқандығынан хабардар болдық. Өз ойларымыз, идеяларымызбен бөлістік. Білмегенімізді үйреніп, білгенімізді айтып жатырмыз. Бір жағынан демалып қайттық.Біздің мұнайшы өнерпаздар қойған гала-концерт өте жақсы ұйымдастырылған. Республикамыздың бас сахнасында өнерлерін паш етті. Жұмысшыларымыз өнерден де қол үзбеген жандар екенін дәлелдеді. Ардагер мұнайшыларымыз дән риза болып, алғыстарын білдіріп жатыр. Компаниямызда білімді, білікті және өнерлі жас мамандар қатары арта берсін! 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх