Қарттарды құрметтеу – парыз

Қарттарды құрметтеу – парыз
30.10.2018
97
Әлеумет

Қарттарды құрметтеу – парыз

«Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы жыл сайын Қайырымдылық айына орай түрлі шаралар ұйымдастырады. Осы жолы да асыл қазынамыз – қарияларымызға дәстүрге сәйкес құрмет көрсетілді. Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазан айының бiрiншi жұлдызына тап келген мейрам жыл сайын ескiнiң көзiндей болған қазыналы қарттарымыздың бiр сәтке болса да көңiлiн көтерiп, өмiрiне қуаныш сыйлауда үлкен тәрбиелiк мән атқаратыны белгiлi. Қарты бар елдің қазынасы бар. Басқарма бастығы Амангелді Сүлейменов, кәсіподақ комитетінің төрағасы Серік Исақов ардагерлеріміз Барсай Байболатов, Манзура Бахишева, Қоңырбай Болшаков, Мухамбетияр Желдібаев, Назипа Нұрғалиева, Дина Шаграеваны үйлеріне арнайы барып, мекерелерімен құттықтады. Сыйлықтарын тарту етті. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері меймандарды құшақ жая қарсы алып, марқайып қалды.   
– «Қариясы бар елдің дариясы бар» демекші, сіздердің ақыл – парасаттарыңызға кейінгі ұрпақ – біз әрдайым мұқтажбыз. Арамызда ақылшы болып жүре беріңіздер, ардақты жандар! Шаңырақтарыңызға құт-береке тілейміз!» – деп ДМГ Басқарма бастығы А.Сүлейменов ізгі тілегін жеткізді.


Облыс орталығында тұратын ардагерлердің бірі – Қоңырбай Болшақов. Ол көп жылдар бойы Ескене кәсіпшілігінде ерен еңбегімен көзге түскен, екінші дүниежүзілік соғыстың жылдарында еңбекке араласқан. Еңбек жолын 1944 жылы 16 жасында Ескене дизель электр стансасында жөндеуші болып бастады. Кейін мұнай өндіру учаскесіне ауысты да, токарь мамандығын меңгерді. Жастарды тәрбиелеуге ерекше үлес қосты. Сонымен бірге ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Кәсіподақ тобының мүшесі ретінде мұнайшылардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесіне тиісті көңіл бөлетін. Зұлмат жылдары талай қиындықты басымыздан өткердік дейді қарт ардагер. Міне, осындай естеліктер 90 жастағы ақсақалдың мәңгі есінде қалған. Десе де ол қазір бақытты. Егде жасына қарамастан әлі де тың. Басында – баспанасы, қасында балалары бар.   
– Біздерді осылай ардақтап, құрмет биігіне шығарып жатқан сіздерге үлкен алғыс білдіремін. Бізден тілек сіздердің аман болып, ел өркендеуіне үлес қосқандарыңыз. Отбасыларыңыз бірлікте, елге жасап жатқан істеріңіз берекелі болсын, – деді Қоңырбай қарт.
Басқармада екінші дүниежүзілік соғыстың бір ардагерi, он тоғыз тыл ардагерлеріміз, Ауған соғысына қатысушы – төрт, Чернобыльге қатысқан – бір және Семей полигонына қатысқан – төрт жұмысшымыз бар.  
Қарттар күні мейрамында ардагерлер мен зейнеткерлердiң басын қосып, ақ дастархан жайып, мерекелiк ас ұйымдастырылып отырады. Мәндi де мағыналы әңгiмесiн «Бiз де жас болғанбыз» деп бастап, сонау жастық шақтан күнi бүгiнге дейiн басынан өткерген өмiр баспалдақтарынан сыр шертетiн қариялардың әрбiр ұлағатты сөзi өскелең ұрпаққа мол тәрбие. Олардың өмір жолдары – бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Қазыналы жандарға ұйымдастырылған отырыста замандастардың әзілдері жарасып, арқа-жарқа болды. Жақсы іске жаны құмар жастар аға буын өкілдерінің ықыласына бөленіп, баталарын алды. Қайткенде де, қарттардың көңілдері көтеріңкі. Өздерінің жас буынға қажет екендерін сезінгендей. Осы орайда, «біздің асыл қазынамыз – қариялар» деп пайымдайтын жастар шын тілектерін білдіріп, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғыстарын білдірді. Қазыналы қарттарымыз ән мен бидің әуенінде дем алып, көңілді тарқасты. Келген ардагерлерге кішігірім сыйлықтар табысталды. Олар үшін концерттік бағдарлама әзірленіп, ардагерлер мен зейнеткерлер өздерінің сүйікті әндерін ұжым әншілерінің орындауында тыңдады.
Бүгінгі күні 500-ден астам зейнеткеріміз бар. Басқарманың назарынан ардагерлердің, ең алдымен, соғысқа қатысқандар мен мүгедектердің, тыл еңбеккерлерінің дәрігерлік көмекпен қамтылуы, олардың шипажай-курорттық емделуі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тыс қалып көрген емес. Басқарма зейнеткерлеріне де әртүрлі әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Оларға жыл сайын шипажайларда демалуға ақша бөлінген және зейнеткер емделген жағдайда барлық емге шыққан шығындары басқарма атынан өтеледі. Мерейжасқа толған және дүниеден озған зейнеткерлерімізге ақшалай көмек көрсетілуде. Басқарманың барлық жұмысшылары мен зейнеткерлері әлеуметтік қолдау жағынан осындай көмектермен қамтылған. 

Жанат АРЫСТАНОВА,
«Доссормұнайгаз» МГӨБ-нің әлеуметтік 
қамсыздандыру бөлімінің маманы.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх