АСТАНА ФОРУМЫНЫҢ АЙШЫҚТАРЫ

АСТАНА ФОРУМЫНЫҢ АЙШЫҚТАРЫ
19.11.2018
108
Жаңалықтар

АСТАНА ФОРУМЫНЫҢ АЙШЫҚТАРЫ

Астанада бірінші рет мұнай-газ саласының форумы өтті. Форумда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Теңізшевройл» ЖШС арасында үздік тәжірибе алмасу мәселесі талқыланды. Форумға «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен оның еншілес ұйымдары, «Теңізшевройл» мен канадалық RLG компаниясы өкілдері қатысты. Конференция барысында шетелдік білікті мамандар қазақстандық мұнай зауыттарының қауіпсіздік техникасы мен күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, өңдеу секторында жұмыс істейтін кәсіпорындар арасында активтерді басқару саласында тәжірибе алмасу үшін жалпы бірыңғай кеңістік құру туралы да сөз болды.


Қазіргі таңда мұнай-газ нысаны кешендерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі басты орынға қойылып отыр. Қауіпсіздік техникасын сақтауға әр жұмысшы жауапкершілікпен қарауы тиіс. Осы орайда шетелдік компаниялардың озық тәжірибелері отандық компаниялардың дамуына өзіндік үлесін қосуда. Атап айтсақ, 2017 жылдан бастап канадалық RLG компаниясы үздік тәжірибелерімен бөлісіп, біздің мамандарға курстар өткізіп келеді. 
– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – Қазақстандағы мұнай компанияларының жұмыс барысымен танысу, бір-бірімен тәжірибе бөлісу. Басты себепкер Канаданың RLG компаниясы мұнай саласында ұтымды жұмыс жасап жатыр деп айтуымызға болады. Олар Павлодар мұнай-химия зауытында 2017 жылдың сәуір айында жұмысшы мамандарға жаңа жобаларды үйретіп, тәжірибе алмасты. Бізден кейін Атырауға ауысты. Олар кеткен соң қайта жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жасадық. Сонымен қатар, біз америкалық «Грейс Дэвисон» мен шведтік «Хандертопс» компанияларымен де тығыз байланыстамыз. 

Шетелдік мамандар зауытқа қандай материал алып келсе де, өздері үйретеді, оқытуды өз мойындарына алады. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасы мәселесі мұнай саласында жоғары қатарда тұр. Қазір «Аман» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіби мамандарды теориялық ғана емес, практикалық жағынан оқытуға баса назар аударамыз. Әр жұмысшы қауіпсіздікті өзінен бастауы керек. Соңғы жылдары адам өліміне алып келетін апат болған жоқ. Солай бола тұра, жұмыс барысындағы кедергілерді дер кезінде қолға аламыз. Павлодар мұнай-химия зауытына ҚР Энергетика министрлігінен биыл 5 млн. 200 мың тоннадай мұнай бөлінген. Қазіргі таңда мұнаймен толық қамтамасыз етіліп, тұрақты түрде жұмыс істеп жатырмыз. Соның арқасында бензин, дизель отыны шығарылып жатыр, бензин бағасы өспейді, қайта жаңғырту арқасында бұл сұрақтар шешілді деп ойлаймын, – дейді Павлодар мұнай-химия зауытының директоры Оспанбек Әлсейітов. 
–«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және оның еншілес ұйымдары қызметінің негізгі мақсаты қоғамның алдында өз жұмысының қоршаған ортаға әсерін азайту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету болып табылады. Компанияның тауарлары немесе көрсететін қызметтерінің сапасы ұлттық және халықаралық стандарттарға, тұтынушылардың негізделген талаптарына сәйкес келуі тиіс. Компания қызметкерлерінің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласындағы кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыру күн тәртібінен түскен емес. Сондай-ақ, еліміздегі арзан бензинге қатысты айтар болсақ, біздің технология әлемдік деңгейден кем түспеуі тиіс. «ҚазМұнайГаз» және «Даунстейн» арасында ішкі байланыс арқылы сыртқы нарықты қамтамасыз етуіміз керек, – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының мұнай тасымалдау, өңдеу және маркетинг жөніндегі орынбасары Данияр Тиесов. 


–Бүгінгі конференцияда «Теңізшевройл» мен «ҚазмұнайГаз» арасындағы үлкен жетістікті көрсету керек деп ойлаймын. Әлемдік озық технология арқылы білімді бөлісу, тәжірибе алмасу біздің басты мақсатымыз болып табылады. Біз өндіріс орындарымен байланыс орнатамыз, сондықтан екі жаққа да тиімді үздік халықаралық индустриалдық тәжірибеге сәйкес жұмыс істейміз, – деді «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс бөлімінің бас менеджері Имер Бонер. 


Қорытындылай келе, компаниялар аталған мәселелердің шешімін табу жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуге уәде беріп тарқасты. Келешекте осындай форум жалғасын табатынына ұйымдастырушылар сенімді. Астын сызып айта кетер бір жәйт, шетелдік қонақтар «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясын ең үздік деп танып, оларға «The best 2018 company» сыйлығын салтанатты түрде табыс етті. 


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх