«ҚазМұнайГаз»: Санаттық басқарудың құндылығы

«ҚазМұнайГаз»: Санаттық басқарудың құндылығы
19.11.2018
131
Трансформация

«ҚазМұнайГаз»: Санаттық басқарудың құндылығы

«Самұрық-Қазына» АҚ Трансформация бағдарламасы шеңберінде кезең-кезеңімен жүйелі өзгерістерді енгізіп жатыр. Олар ақша қаражатын тиімді басқаруға бағытталған. «Самұрық-Қазына» қорының мәліметінше, сатып алуды санаттық басқару жобасын енгізу шамамен 135 млрд теңге экономикалық тиімділік әкеледі. Әрине, бұл соманың қомақты үлесі Қордың бас­ты портфелдік компанияларына жататын «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға тиесілі болады. Ұлттық компанияның сатып алу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысы туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сатып алу және жабдықтау жөніндегі басқарушы директоры Ренат Дүйсебаев баяндап берді. 
– Ренат Нұрахметұлы, сатып алу жүйесін трансформациялау бағытында «ҚазМұнайГаздың» міндеті қандай? Атқарылған жұмыстың нәтижелері бар ма? 
– «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор) трансформациялау бағдарламасы барлық портфельді компаниялардың сатып алу қызметіне біраз өзгерістер әкелді. 2017 жылы Қор сатып алу бойынша референстік үлгіні, сондай-ақ сатып алу қызметінің 7 стандартын әзірледі және бекітті. 
2018-2028 жылдарға арналған «ҚазМұнайГаз» даму стратегиясындағы сатып алуды жетілдірудің 4 негізгі даму бағыты белгіленді: тауар, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді сатып алу бойынша барлық компаниялар тобы үшін ортақ процестер, ашықтық (процедуралардың сақталуына бақылауды күшейту), санаттық басқаруды енгізу, сондай-ақ қоймалар логистикасын оңтайландыру. Осы төрт бағыт туралы нақтырақ айтып өтейін.
Қор әзірлеген стандартар негізінде 2017 жылы ҚМГ сатып алу бойынша салалық регламентті әзірлеп, бекіткен болатын. Ол құжатта ҚМГ-ның барлық компаниялары үшін сатып алуды жоспарлау мен ұйымдастыру, санаттық басқару, келісімшарттар және қоймалар қызметін басқару бойынша ортақ бизнес-процестер сипатталған. Салалық регламент басшылыққа алынып, бірыңғай ERP-жүйесінде сатып алу рәсімдерін автоматтандыру үшін құжаттар әзірленіп, бекітілді. 
Сатып алу қызметінің ашықтығы мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде электронды сатып алу алаңын жетілдіру саласында Қордың атқарып жатқан жұмыстарын, енгізген өзгерістерін баса атап айтқым келеді. Сатып алуды жос­парлаудан бастап шарттардың орындалуына мониторинг жүргізуге дейін – бірыңғай платформа енгізілді. Бұл сатып алудың барлық кезеңдерінде ашықтыққа қол жеткізуге және Қор мен мемлекеттік сатып алу тізілімі арқылы фильтрация жолымен жосықсыз қызмет көрсетушілерді сатып алудан автоматты түрде шығаруға мүмкіндік береді. 
Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» барлық компания­лар тобы үшін тауарлардың бірыңғай тізбесін енгізіп жатыр. Қормен келісіп отырып, қызмет көрсетушілердің соңғы бенефициарларын айқындау үшін және алдағы мәміледе болуы мүмкін дауларды анықтау үшін сауалнама әзірлеу үстінде. 
Сатып алу ережесінің бұзушылықтарын қысқарту жөніндегі жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Қызметкерлерді тестілеу мен оқыту ұйымдастырылды. Оқу аяқталғаннан кейін бақылау тестілеуді өткізу жоспарланып отыр. ҚМГ ішкі ресурсында «Самұрық-Қазынаның» тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережесінің кейбір нормаларын түсіндіру бойынша арнайы парақша ашылды. Онда сұрақ пен жауаптан басқа, кейбір еншілес ұйымдарда анықталған бұзушылықтар жарияланады. Сондай-ақ, 2018 жылы ҚМГ сатып алушылардың алғашқы форумын ұйымдастырды.  
Сатып алуды санаттық басқаруды енгізу – ҚМГ үшін маңызды жобалардың бірі. Бұл жоба Трансформация бағдарламасының «Бизнес-процестердің реинжинирингі және цифрландыру» бастамасы аясында іске асып жатыр. Біздің міндетіміз – 2022 жылға қарай санатпен басқарылатын жылдық сатып алу құнының 80 пайызынан кем емес бөлігін санаттық басқарумен қамту. Ол үшін 39 санат бойынша сатып алудың санаттық стратегияларын әзірлеп, бекіту қажет. Жаңа құралды енгізуден түсетін пайда 85 млрд теңге болады деп бағалап отырмыз.   
Өткен жылдың тамыз айында «ҚазМұнайГаз» компаниясында ірі компанияларды санаттық басқару және тауар, жұмыс және қызметтермен (ТЖҚ) қамтамасыз ету департаменті түрінде Құзырлық орталық құрылды. Бұл құрылымдық бөлімше сатып алуға жұмсалатын шығындарды азайту, сатып алынатын тауар­лар мен қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді атқарады. Департамент санаттарды жоспарлауға, сатып алынатын стратегиялардың әзірленуіне, сондай-ақ олардың іске асырылуының мониторингіне жауап береді. 
Алайда, департамент орталық сатып алумен айналыспайды. «ҚазМұнайГазға» қарасты әрбір еншілес мекеме жыл сайын кем дегенде тауардың 7000 атауын сатып алады. Бұл ретте, жылына осы көлемнің 70 позициясы ғана санаттық басқару департаментінің қызметіне жатады. Бұл ТЖҚ атауларының шамамен 1%-ы болады. Жиынтықты түрде сатып алуды санаттық басқару 60%-ға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі.
Бүгінгі күні сатып алудың 7 санаттық стратегиясы әзірленіп, бекітіліп қойды: «Барлау мен бұрғылауға арналған құбырлар», «Мұнай өндіру сорғылары», «ҚМГ компаниялары тобы үшін автокөлік қызметтерін сатып алу», «Дизель отыны», «Каталитикалық крекинг катализаторлары», «Техникалық газдар» – 1 кезең, «Техникалық газдар» – 2 кезең. Соның ішінде 3 стратегия жүзеге асты, 4-еуі іске асыру сатысында. 
Санаттық басқару департаментін құру – бұл Трансформация бағдарламасы іске қосылғаннан бері ҚМГ-да болған маңызды өзгерістердің бірі. Ендігі кезекте тактикалық сатып алу еншілес және тәуелді ұйымдардың деңгейінде, ал бекітілген санаттар бойынша стратегиялық сатып алу – корпоративтік орталық деңгейінде жүргізіледі. Бірақ «Самұрық-Қазына» АҚ деңгейінде әзірленетін сатып алуды санаттық басқарудың 1-ші тізбесі туралы ұмытпау қажет. Бұл Қордың барлық портфельдік компаниялары үшін ортақ талаптарын және топтастыру мүмкіндіктерін қамтитын ТЖҚ санаттары. Айталық, өткен жылы медициналық сақтандыру мен электр энергиясы бойынша санаттық стратегиялар әзірленді. Биылғы жылы жоспар бойынша «Арнайы аяқ киім» және «Кабельдік-өткізгіш өнімдер» стратегиялары дайындалады. «ҚазМұнайГаз» мамандары бұл бірлескен жұмысқа барынша белсенді атсалысып жатыр. 
– Бұған дейінгі сатып алу рәсімдерімен салыстарғанда, қазіргі санаттық басқарудың айырмашылығы мен басымдығы қандай? 
– Сатып алуды санаттық басқару дегеніміз сатып алынатын техникалық және өзге де қасиеттері бойынша ұқсас материалдар бір санатқа біріктіріледі. Санаттық басқару қосымша құндылықты іздеуді, экономикалық тиімділікті ұлғайтуды, меншіктің жиынтық құнын бағалауды және жеткізілімдердің барлық тізбегі бойынша шығындарды қысқартуды көздейді. Сатып алуды санаттық басқарудың нақты басымдықтары мен тиімділігін кейінірек, стратегиялардың іске асырылуына қарай көретін боламыз.
Екіншіден, бизнес-процестердің тиімділігін бағалау үшін сатып алудың санаттық тобы еншілес ұйымдардың қызметіне «түскен» кезде бұл көп жағдайларда процестердің өзгерісіне әкеледі. Мұнай өңдеу зауыттарында автокөлік бойынша өндірістік кестелерді жетілдіруді мысал ретінде келтірейін. Осындай процестерді трансформациялаудың арқасында біз үнемдеуден болатын қосымша тиімділікті байқаймыз. 
Сатып алуды санаттық басқаруды енгізу ТЖҚ үшін ең төмен бағаны ұсынған тауар беруші не қызмет көрсетуші жеңімпаз атанатын сатып алудың ескі механизмдерінен бас тартуды білдірмейді. Әрбір сатып алу жеке-жеке қаралады. Бұл ретте сатып алудағы акцент меншіктің жиынтықты құнына (МЖҚ) ауысады. МЖҚ есебі қолданылмайтын жағдайларда, бұрынғы «төмен баға ережесі» пайдаланылады.  
Сатып алуды санаттық басқару негізінде жасалған шарттар «ҚазМұнайГаз» компаниясына өнім берушілермен барынша серіктестік қарым-қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, оларды өткен жылдары қол қойылған ұзақ мерзімді шарттармен салыстыруға болады. Мұндай келісімдер бойынша өнім беруші бірнеше жыл бойына компанияны тауармен қамтамасыз етіп отырады. Осы уақыт ішінде инфляция, девальвация және нарықтағы басқа да келеңсіз факторлар оның бар табысын «жеп қояды». Міне, осындай жағдайларда контрагент өнім жеткізуден бас тартуға мәжбүр болады. Нәтижесінде бұл міндеттерді орындамауға және айыппұлдарға әкеп соқтырады.
Ал сатып алуды басқарудың жаңа үлгісі шарт мазмұнындағы түрлі тетіктерді, соның ішінде «баға формуласын» пайдалануға мүмкіндік береді. Формула тендерлік құжаттаманың келісімшарт шаблоны үшін әзірленеді және енгізіледі. Аталған формула тиянақты және ауыспалы бөлімдерден тұрады. Соңғысы шикізат бағасы, персонал қызметінің құны сияқты және тағы да басқа сыртқы факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.  «Баға формуласы» өнім берушіге де, тапсырыс берушіге де қолданылады.  
Мысалға құбырларды жеткізу қызметтерін алайық. Егер металдың нарық құны өсетін болса, контрагент жоғарылату жағына қарай бағаны қайта қарау үшін тапсырыс берушіге жүгінуге құқылы. Керісінше металл арзандаса,  ҚМГ жеткізілім құнын төмендетуді сұрай алады. 
Енгізіліп жатқан сатып алудың тағы да бір тиімді құралы – бұл әрбір шартта мазмұндалған қызметтің түйінді көрсеткіштері (ҚТК). Осы көрсеткіштердің көмегімен өнім беруші мен тапсырыс берушінің қызметі бағаналады. Әрбір контракт шеңберінде келісімшартты басқару бойынша топ құрылады. Оған барлық тараптардың өкілдері кіреді. Аталған топ тоқсан сайын және әрбір жартыжылдықта серіктестіктің стратегиялық жоспарларын және ҚТК бойынша шарттың орындалауын бағалау жөнінде сессиялар өткізіп тұрады. Қажет болған жағдайларда осындай сессиялардың қорытындысы бойынша шартқа түзетулер енгізіледі.
Тағы бір жәйт туралы баса айтқым келеді, ҚМГ тендерлік рәсімдерді санаттық стратегиялар шеңберінде жүргізген кезде міндетті түрде алдымен тендерді холдингтің тауар өндірушілері арасында жүргізеді. Осылайша, отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді. Холдингтің тауар өндірушілері белгілі бір тауар мен қызметтерді қамтамасыз ете алмайтын жағдайларда ғана холдингтің тауар өндірушілері тізіліміне кірмейтін басқа өнім берушілердің ұсыныстары қаралады. Сондықтан Қазақстанның тауар өндірушілері өз кәсіпорындарын Қордың тізіліміне қосу маңыздылығына назар аударғаны жөн.   
– Қоймалар логистикасында қандай өзгерістер болмақ? 
– Қоймалар логистикасын оңтайландыру ҚМГ Стратегиясында көрсетілген төртінші бас­тама. Бастаманың мақсаты қоймалар қызметі мен логистиканың шығындарын қысқарту және тиімді процестерін қалыптастыру болып табылады. Бұл мәселе қазір бастама түрінде ғана, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Соның нәтижесінде біз әрбір еншілес ұйым үшін бір елді мекенде жеке қойманың болғаны дұрыс па, жоқ әлде ҚМГ компаниялары тобының түпкілікті пайдаланушыларына тауарларды жеткізу мен сақтау үшін орталықтандырылған логистикалық хабтарды құру қаншалықты тиімді екенін түсінетін боламыз.
Бұдан басқа, бүгінгі күні сатып алу көбіне DDP (Incoterms) жеткізілімі талаптарында жүргізіледі. Мұнда тікелей шығындардан бөлек, өнім берушілер логистика үшін де маржаны өсіреді.  Автоматтандырылған процестерді ендіру арқылы 3PL/4PL-операторлар қызметіне ауысу мүмкіндіктері ашылады. Бұл жүктер мен қоймаларды басқару бойынша шығындарды қосымша қысқартуға мүмкіндік береді.  
– Сатып алу жүйесін дамыту ісінде ҚМГ нәтижелері қандай? Алдағы жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз. Трансформацияның барлық бастамалары іске асырылған кезде «компанияның мінсіз үлгісі» қандай болмақ?   
– Менің «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа орналасқан уақыттан бері бір жарым жыл өтті. Осы мерзім ішінде едәуір табыстарға жеттік. Сатып алу қызметінің ортақ бизнес-процестері әзірленді, сатып алуды санаттық басқару бойынша құзырлық орталық құрылды, шамамен 3 млрд теңге пайдамен сатып алу стратегиялары әзірленіп, іске асырылды, Job Matching жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталды, еншілес ұйымдар жетекшілік ететін бейінді емес активтер сатылды. 
Бүгінгі күні ҚМГ – бұл алпауыт холдинг. Оның құрамында қонақ үйлер, университеттер, бизнес-орталық және т.б. бар. Бұның бәрі ұлттық компанияның бейінді емес бизнесіне жатады. Компания қажетсіз активтерден құтылып, тек мұнай мен газды  барлау, өндіру, тасымалдау, өңдеу және маркетингімен ғана айналысуы керек. Келешек табысымыз осы. Біз барлық бизнес-процестерді дұрыс бағытта және жоғары тиімділікпен құрастыруымыз керек. Қызметіміз ашық болуы тиіс. 2021 жылға қарай жоспар бойынша бізде басқарудың екідеңгейлі үлгісі толық қалыптасады деп сенемін.  
Мен сатып алудың жаңа жүйесін түсіндіру үшін Маңғыстау мен Атырау облыстарында, басқа да өңірлерде орналасқан көптеген еншілес өндірістік кәсіпорында болдым. Басшылықтың қызметкерлерді трансформация бағдарламасына жұмылдыру жөніндегі жұмысы бекер өтпегеніне көзіміз жетті. Өңірлердегі адамдар өзгерістердің қажеттілігін түсініп, күнделікті жұмыста оларға дайын екендерін көрсетті. Өздерінің де ойлары өзгеріп жатыр. Бұның барлығы «ҚазМұнайГаз» компаниясында болып жатқан түбегейлі өзгерістердің нәтижесіне оптимизмен қарауға мүмкіндік береді. 

Сұхбаттасқан Максим ШИМАНСКИЙ

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх